Таулы Қарабақ: жанжал сыртында кім тұр?!

Zkx9A7tLc4A Таулы Қарабақтағы Әзiрбайжан мен Арменияның әскери күштерi арасындағы қақтығыс аймақтағы ахуалды ушықтырып жiбердi. Бұл – екi ел бiтiмгерлiк жөнiндегi келiсiмдi жасаған жиырма екі жылдан берi болған ең жойқын кескiлескен шайқас. Бiтiмгерлiк келiсiмiнiң бұзылғаны үшiн екi тарап бiрiн-бiрi айыптайды. Әзiрбайжан мен Армения арасындағы дау 1991 жылы, Таулы Қарабақ аймағы Әзiрбайжан құрамынан шығатыны жөнiнде мәлiмдеген соң тұтанғаны мәлім. Шын мәнiнде, Таулы Қарабаққа таластың тарихы одан да тереңнен бастау алады. Қарабақ аймағында әзiрбай­жандар мен армяндар бiрнеше ғасыр бойы бiрге өмiр сүрген. 1988 жылы Таулы Қарабақ автономды аймағы Әзiрбайжан КСР-iнiң құрамынан шығып, Армян КСР-iнiң құрамына кiру жөнiнде өтiнiш жасаған. Әуелден бөлiнуге басты себеп – екi халықтың ұстанатын әртүрлi дiнi. Уақыт өте келе дiни мәселе ұлтаралық араздыққа әкеп соқтырды. Кеңес одағынан тамыр жайған Таулы Қарабақ мәселесiн Мәскеу шеше алмаған күйi Кеңес одағы ыдырап кеттi. Таулы Қарабақ аймағындағы халықтың төрттен бiрiн құраған әзiрбайжандықтар қудаланып, аймақтан қуылды. Өз кезегiнде Әзiрбайжанда өмiр сүрген жүз мыңдаған армян ұлтының өкiлi де Арменияға қашты. Армян күштерi Таулы Қарабақ аймағымен ғана шектелмей, оған жапсарлас жатқан әзiрбайжан ауылдарын да басып алды. Сөйтiп, армян күштерiнiң қудалауынан қашқан әзiрбайжандықтардың саны миллионға жуықтады. Осы уақытқа дейiн БҰҰ Арменияны Әзiрбайжан аумағынан әскерiн алып шығуға үндеген бiрнеше қарар қабылдағанымен, ресми Ереван олардың ешқайсысын орындаған жоқ. Таулы Қарабақтағы 1991-94 жылдар аралығындағы екiжақты әскери iс-қимылдан 30 мыңнан астам адам қаза тапты. 1994-жылы Бiшкекте Армения мен Таулы Қарабақ және Әзiрбайжан атысты тоқтату жөнiнде бiтiмгерлiк келiсiм жасаған. Бiрақ келiсiмге қарамастан Таулы Қарабақ пен оған жапсарлас жатқан аймақтар Арменияның бақылауында қала бердi. Сондықтан, Таулы Қарабақта ауық-ауық армян және әзiрбайжан күштерiнiң арасында қақтығыстар орын алып тұрады. Осы жолғы ұрыс кезiнде отыз үш адам опат болып, екi жүзден астам адам жараланды. Бакудың мәлiмдеуiнше, даулы аймаққа жақын шекара сызығындағы әзiрбайжан күштерi оқ жаудырған. Ал Ереван алдымен әзiрбайжан жағы атысты бас­тап, артынан әскери ұшақтар мен танктердi ұрысқа қатыстырды дейдi. Таулы Қарабақ дауы – посткеңестiк кеңiстiктегi ең ескi дау екенiне қарамастан, аймақтағы жанжал оқта-текте қайта қоздап, жарылыс ошағына айналды. Бұл аздай, қақтығысқа ара-ағайындық жасаушы алып мемлекеттер араласқандықтан, Таулы Қарабақ тек қана Әзiрбайжан мен Армения арасындағы мәселе болудан қалған. Қазiр қайта ушыққан қақтығыстың артында бiреулер Түркияның, ендi бiреулер Ресейдiң ойынын көретiнi де сондықтан. Түркия президентi Ережеп Тайып Ердоған бiрден Бакуге қолдау бiлдiретiнiн мәлiм еттi. Түркиядан бөлек Әзiрбайжанға Түрiкменстан, Грузия мен Пәкiстан қолдау бiлдiрдi. Ереван қақтығыстың артында Түркия тұр деп айып тақты. Әзiрбайжанның танымал публицисi Шыңғыс Сұлтансой «Дождь» арнасына берген сұхбатында «қақтығысқа қатысты Түркияны айыптау Ресейдiң тiрлiгi екенi анық. Шын мәнiнде, осы сойқан тек Ресейге тиiмдi» дептi. Журналистің айтуынша, ежелгi дауды ауық-ауық қоздыру арқылы Ресей солтүстiк Кавказдағы республикаларды өз бақылауында ұстағысы келедi. Ал Ереван мен Баку «атқылауды бірінші болып бастады» деп бір-бірін айыптауда. Кейбір деректерге қарағанда, осы қарулы қақтығыста екі жүзден астам адам қаза болған деректер кездеседі. Жексенбі күні Әзірбайжан Қорғаныс министрлігі жанжал аймағындағы әскери іс-қимылдарды біржақты түрде тоқтататыны туралы мәлімдегенмен, Армения Әзірбайжанды «атқылауды тоқтатпай отыр» деп айыптаған. Армения әскерилері Әзір­байжанды танктер, ауыр артиллерия мен әскери тікұшақ қолданып, шабуылдады десе, Әзірбайжан тарапы оларға жауап ретінде «төтенше шаралар» қолдануға мәжбүр болғанын мәлімдеді. Үкіметтің төтенше отырысын өткізген Армения премьер-министрі Овик Абрамян: «Армения жағдайды тұрақтандыру үшін барлық қажетті шаралар қабылдауға әзір», – десе, Әзірбайжан Сырт­қы істер министрлігі өз мәлім­демесінде қарулы жанжал үшін жауапкершілікті Арменияға артқан. Ресей президенті Владимир Путин Баку мен Ереванды әскери іс-қимылдарды дереу тоқтатуға шақырса, Қазақстан да қарап қалмай, аталған мәселеге қатысты өз ойын білдірді. ҚР СІМ хабарламасында: «Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Таулы Карабаққа қатысты жағдайды мұқият бақылауда. Жанжал аумағында оқ атуды тоқтату тәртібінің бұзылуына және адамдардың қаза болуына қатты алаңдаушылық білдіреміз. Тараптарды ұстамдылық танытуға және оқ атуды тоқтату туралы уағдаластықтарды қатаң ұстануға шақырамыз. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Таулы Карабақ мәселесін реттеу бойынша Минск тобының күш-жігерін қолдай отыра, жанжалды тек қана бейбіт жолмен шешу қажеттілігі жөнінде ұстанымымызды қайта растаймыз. Қазақстан Республикасы Таулы Қарабақ мәселесінің пәтуалық шешімдерін іздеу үдерісін жандандыра түсуді жақтайды және жанжалды реттеуде ілгері жылжу үшін мүдделі тараптардың сындарлы көзқарас танытатынына сенім артады», – делінген. Даулы аймақта жағдайдың күрт шиеленісіп кетуіне байланысты алдағы аптада Венада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Таулы Қарабақ бойынша Минск тобы теңтөрағаларының шұғыл жиыны өтпекші. Таулы Қарабақтағы бұл жолғы қарулы қақтығыс АҚШ-тың екі тарапты даулы аймақ мәселесі бойынша өзара келісімге келуге шақырған тұста шығып отыр. Сырткөз Досым Сәтбаев, саясаттанушы:

Таулы Қарабақтағы жаңа қақтығыстар ешкімді таң қалдырмауы тиіс...

  photo_59622

– Бұл қақтығыс аймақтық деңгейден асып түсіп, Ресей мен Түркия арасындағы кикілжіңнің жаңа сатысына айналса, Қазақстанға да оңайға соқпайды. Кез келген «уақытша тоқтатылған» қақтығыстар ерте ме, кеш пе қайтадан бас көтереді. Жалпы, қақтығыстардың туындау формулалары осыны көрсетеді. Сондай-ақ, Таулы Қарабақта болып жатқан жаңа қақтығыстар ешкімді таң қалдырмауы тиіс. Кешегі әскери іс-қимылдарға дейін де мұнда тұрақты түрде екі тараптың арасындағы ірілі-ұсақты жанжалдар болып тұрды. Оның тамыры тереңде жатқан аумақтық-этникалық қақтығыс екені анық. Бұл жолы Армения Әзірбайжанның бұл әрекетінің артында Түркия тұр деп ашық айыптады. Бұл жерде әңгіме Бакуды қолдайтынын білдірген түрік басшысы Ережеп Ердоған туралы болып отыр. Анкараны айыптай отырып, Ереван Сирия мәселесінде Түркияны өзінің геосаяси қарсыластарының қатарына қосып алған Кремльге белгі беріп отырғаны кәміл. Осыған байланысты Кремль мен Анкара арасындағы ахуал қиындай береді. Сол себепті, бұл қақтығыстардың Түркияның посткеңестік елдерге бағытталған шабуылы деп бағаланып кету ықтималдығын жоққа шығаруға болмайды. Өйткені енді Ресейге Түркия қақтығысушы тараптардың бірін қолдау арқылы посткеңестік кеңістікте өз ойынын бастады деп айыптауына негіз бар. Мұның арты қауіпті. Себебі, Әзірбайжанға қарағанда Армения ықпалды мүшесі Ресей болып табылатын Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымына мүше мемлекет. Ресей бұл ұйымды ерте бастан өзінің геосаяси ойындарының әскери құралы етуге мүдделі. Мұны басқалардан бұрын сезген Өзбекстан ҰҚКШҰ-ға мүшелігін тоқтатып қойды. Жалпы, ұйым ішінде де жүйелік кемшіліктер жоқ емес. Мәселен, өткен жылы желтоқсан айында ҰҚКШҰ атынан Армения Қарулы күштері Бас штабының бастығы Юрий Хачатуров сөйлеп, ұйымға мүше барлық елдер Ресейдің Сириядағы әскери қимылдарын қолдайтынын, ал ресейлік әскери ұшақты атып құлатқан Түркия тарапын ашық айыптайтынын мәлімдеген. Бұл ұйымға мүше басқа мемлекеттердің осы мәселеге орай жасаған мәлімдемелеріне қайшы болды және Қазақстан, Қырғызстан, Белоруссия сынды елдердің наразылығын туғызды. Ол елдер ешкімге ұйымға мүше барлық елдердің атынан сөйлеу құқығы берілмегеніне назар аудартып, өз келіспеушіліктерін білдірген еді. Осы соңғы қақтығысқа байланысты да ҰҚКШҰ тарапынан мәлімдемелер жасалуда. Мысалы, ұйымның баспасөз хатшысы Владимир Зайнетдинов қарулы қақтығыстарды шешу міндетін Бакуге артып отыр. Мұнда да бұл мәлімдеменің ұйымға мүше барлық елдермен келісіліп жасалу мәселесі түсініксіз. Көпшілікті осы ұйымның Бас хатшысы Николай Бордюжаның соңғы уақытта, әсіресе Украинадағы жағдайлардан соң, түрлі халықаралық мәселелерге орай ресейлік ұстанымға жақын саяси мәлімдемелерді жиі жасап жүргені алаңдатады. Себебі, бұл мәлімдемелер Қазақстанның көпвекторлы саясатымен қабыспайды. Мысалы, ол Еуроодақ пен НАТО тек Ресейге ғана емес, ҰҚКШҰ-ға да дұшпандық ойлайды деп мәлімдеді. Алайда ұйымға мүше кей елдердің ЕО-мен де, НАТО-мен де әріптестік байланысы бар екендігін ескермеді. Кеше ғана Брюссельге жасаған сапарында Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуроодақ Қазақстан үшін ең маңызды экономикалық әріптес болып қала беретінін баса айтса, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы НАТО Парламенттік ассамблеясы делегациясымен кездесуде еліміздің Солтүстік-Атлантикалық блокпен әріптестікке зор мән беретінін мәлімдеген-ді. Егер халықаралық мойындауларға ие болмаған Қарабақ аймағындағы қақтығыс Ресей мен Түркия арасындағы кикілжіңнің бір бөлігіне айналса, ресми Астана үшін қиын жағдай тууы мүмкін. Бұл еліміздің дипломатиялық қарым-қатынастардағы жұмысын біз ойламаған бағыттарға бұрып жіберуі ғажап емес. Ресей мен Армения Қазақстанның ҰҚКШҰ-дағы және Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптесі болса, Түркия мен Әзірбайжан – Қазақстан да мүше болып отырған түркітілдес мемлекеттер әріптестігі кеңесіне (Түрксой) мүше. Мұның сыртында, былтыр Ресей мен Түркия арасындағы сауда соғысы басталғанда Түркия мен Қытай жүк тасымалын Қазақстан, Әзірбайжан және Грузия арқылы жүргізу жөніндегі келісімге келгені бар. Бұл келісімдер Қазақстанның пікірі ескеріле отырып жасалды. Сондай-ақ, Әзірбайжан Ақтау теңіз порталы Еуропадан, оның ішінде Түркиядан тауар тасымалдау үшін маңызды транзиттік аймақ болып отыр. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтауға қатысты да Баку мен Астана бір ұстанымда. Қалай болғанда да, 90-жылдарға қарағанда, бұл жолы Қазақстанға өзін қақтығысты шешуші модератор рөлін ойнау оңайға соқпайды. Соңғы рет мұндай талпыныс 2010 жылы, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға болып тұрған кезде жасалған. Ол талпыныс оң нәтиже бермеген. Алайда Арменияның ЕАЭО-ға мүшелікке өту мәселесі қаралғанда Қазақстан басшылығы Ереван ұйымға тек халықаралық қауымдастық мойындаған шекара сызығы аясында ғана өту талабын қойды. Армения амалсыз Қазақстанның талабына мойынсұнып, одаққа Таулы Қарабақсыз өтті. Қазақстанның бұл ұстанымы Бакудің өтінішімен жасалғаны белгілі. Алайда Ереван тарапы қатты наразылық танытты. Соған қарағанда, өзін тәуелсіз мемлекет деп жариялаған Таулы Қарабақ автономиясындағы осы қақтығыс арқылы Армения ЕАЭО-ға мүше болар алдында аңдаусызда айырылып қалған аймақты қайта қайтарып алуды көздеп отырған жоқ па деген де ой келеді...

Сейілбек АСАН

"Қазақ үні" газеті