Қазақстандағы Ресейшіл БАҚ-тардың көздегені не?
2016 ж. 15 сәуір
2201
1
Сөз бостандығына, пікір еркіндігіне қарсылық білдіруден аулақпыз. Алайда, елмізде емін-еркін жұмыс істеп тұрған бірқатар ресейшіл ақпарат құралдарының қылығы алаңдатпай қоймайды. Әлемдегі және елімізде орын алған оқиғаларға Кремльдің көзқарасы тұрғысынан баға беруді әдетке айналдырған «Еуразия» сынды телеарналар болсын, Қазақстан халқы мен басшылығын РФ-ға қарсы қоятын мақалалар басумен айналысып жүрген газеттер мен сайттар болсын көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды бей-жай қалдырмайды.
Бүгінде қандай да бір оқиғаға қатысты ондай ақпарат құралдарының қалай сайрайтынын күні бұртын біліп отыратын жағдайға жеттік. Анау-мынау емес, мемлекеттің жоғарғы басшылығының іс-әрекеттеріне, Елбасының шет елдерге сапарлары мен халықаралық ұйымдардың бас қосуларына қатысуына дейін жоғарыда аталған ресейшіл ұстанымдағы басылымдар елден ерек баға беріп, өз «шариғаттарына» сай түсіндіріп жатады. Газетке басылған, теледидардан көрсетілген дүниенің бәріне имандай сенетін аға буын өкілдері үшін мұның барлығы теріс насихат емес пе? Сөзіміз дәлелсіз болмауы үшін мысал келтіре отырайық.
Елбасы сәуір айының басында АҚШ-та өткен антиядролық саммитке қатысты. Онда сөз сөйлеп қана қоймай, ядролық қауіпсіздік мәселесі туралы американдық "THE HILL" басылымына мақаласы жариялады. Президенттік мерзімі аяқталғалы отырған АҚШ басшысы Барак Обамаға Қазақстан халқы атынан ризашылық білдіріп, суретші Кәріпбек Күйіковтің салған «Жарылыс» картинасын сыйға тартты. Осы оқиғаға аты қазақстандық болғанымен, ресейлік ұстанымдарын жасыра алмайтын «Еуразия» өзінше баға берді. Арнаның Елбасының АҚШ-қа сапары туралы әзірлеген хабарын көріп отырып, «Семей полигонының ашылуына, ондағы жарылыстар мен соның салдарынан болған экологиялық апатқа басқа емес Америка кінәлі екен ғой», - деген ойға қалып қоюыңыз мүмкін. Президент Н. Назарбаевтың Б. Обамаға «Жарылыс» картинасын сыйлауын да АҚШ-тың ядролық саясатына кекесін ретіндегі әрекет етіп көрсетіп отыр. Ал, қазақ жерінде ядролық полигон ашып, адамзат баласына аса қауіпті сынақтар өткізген КСРО саясаты туралы жақ ашпайды. Кеңес Одағы жүргізген ядролық сынақтардың зардаптары туралы Елбасы сөздері де ұмыт қалған.
«Еуразия» арнасындағы хабар жүргізушісінің (журналист оқыған мәтін мағынасын өзгеріссіз беру үшін орыс тілінде ұсынып отырмыз – ред.): «Уничтожение запасов оружия и ядерных материалов привнесло в наш регион безопасность и стабильность. Всё это он рассказал, потому что, к сожалению, понятно: не смотря на то, что мир делает большие шаги к безопасности, этого недостаточно. Есть силы, которые могут опередить», - деп халықаралық саясатқа қатысты Елбасының атынан кесіп-пішіп пікір айтуына кім рұқсат берді?!
Апта сайын емін-еркін жарық көретін, әр санында түрлі тақырыптарға қатысты көлдей-көлдей мақала жариялайтын «Аргументы и Факты. Казахстан» газеті де «еуразиялық» әріптестерінен қалыспайды. Газеттің 13 сәуірдегі №15 санында жарияланған бас редактор Николай Жоровтың «Кому нужен реванш?» мақаласын оқып осындай ойға қалдық. Автор мақаласында Қазақстанмен қатар, бұрынғы КСРО құрамында болған елдерді, олардың басшылығын «Тарихты бұрмалауда, фашизмді қолдауда» деп айыптайды. Ұлт қайраткері Мұстафа Шоқайдың атына ауыр сөздер айтады. Бұрынғы одақ құрамындағы елдердің Ресей бастамасымен жан-жаққа тарап жатқан «Георгий ленталарынан» бас тартуын ғаламдық трагедия етіп көрсетуде. Бұл – біле-білген адамға бір мемлекеттің ішкі саясатына араласу. Соғысқа тікелей қатысқан елдер ардагерлерін қалай ардақтаймыз, майдангерлерді қалай құрметтейміз десе де өз ісі емес пе? Әлде оған да Ресей араласып, Кремльдің айтуымен әрекет етуі қажет пе?
Мәселен, мемлекеттік саясатты насихаттаушы негізгі басылымдардың бірі, Елбасы оқитын «Казахстанская правда» газеті жеңіске арналған қазақстандық лентаның қолданысқа енетіні туралы 6 сәуірде хабар таратты. Басылымның жазуынша, рухани салаға жауапты еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі жер-жерлердегі мемлекеттік органдарға арнайы лентаның бекітілгені, оның үлгісі туралы құжаттар жолдаған. «Аргументы и факты. Казахстан» газетіндегі әріптестер бұны да «тарихқа төңкеріс жасау» деп бағалай ма? Олай дейтініміз, былтыр Жеңіске арналған қазақстандық ленталардың үлгісін бекіту туралы бастама көтерген белсенділер Ботагөз Зарқынқызы мен Нұрұл Рахымбекті «Комсомольская правда» газеті «Америкадан қаржы алады» деп айыптаған болатын.
«Георгий ленталары» Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің символы емес. Ол ленталар шын мәнінде патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлауының нышаны», - дейді Ботагөз Зарқынқызы. Осы пікірі үшін оны ресейшіл басылым «американың тыңшысы» етіп қойған. Күлеміз бе? Жылаймыз ба?
Орыс халқына туыс саналатын Украинаның Кремльдің «қара тізіміне» енген тарихи тұлғаларын ақтау саясатына Қазақстанда отырып алып сын айтудың қаншалықты орынды екенін білмейміз, бірақ, мұндай әрекеттер халықаралық деңгейде Қазақстанның атынан қабылданатынын ескеруіміз қажет.
Атақты 28 панфиловшы туралы мұрағат деректерін жариялап, одақ тарихындағы бірқатар қағидаларға шабуыл жасаған мұрағатшы Сергей Мироненконы тұтастай Ұлы Отан соғысы мен оған қатысқан панфиловшы жауынгерлерді қаралады деп қана қоймай, Қазақстанның егемен ел ретінде өткенге баға беруін, тарихтың ақтаңдақ беттерін ашуын да Н. Жоров мырза өзінше жорып отыр.
«Өкінішке орай, мұндай реваншистер Қазақстанда да төбе көрсетіп отыр. Ұлтшыл режиммен әріптес болған Мұстафа Шоқай тақырыбы көтерілуде. «Ұлт көсемі», «Большевиктермен күрес батыры» ретінде көрсететін кино түсірілді, диссертациялар әзірленуде», - деген автор ол фильмнің мемлекет қаражатына, Елбасы тапсырмасымен түсірілгенін білмеді дей алмаймыз. Бұл фильмнің түсіріліміне тіпті ресейлік киногерлер де тартылғаны назардан тыс қалған.
Осы Ұлы Отан соғысы тақырыбына келгенде мәскеушіл басылымдар «қырық адам бір жақ, қыңыр адам бір жақ» бола қалатыны бар. Қазақстан халқын басшыларымен қоса Ұлы Отан соғысына қарсы етіп көрсету бұл ақпарат құралдарына не үшін керек? Біле білсек, ол соғыста қазақ та аз қиындық көрген жоқ. 1300 мыңға жуық адам майданға аттанды. Оның жартысынан астамы соғыста қаза тапты. Жау қолында қалған қалалар мен елді мекен тұрғындары, ондағы өндіріс орындары түгелдей дерлік қазақ жеріне қоныстандырылды. Бұлар неге соны көрмейді? Неге елдің есіне түсірмейді?
Ал, жалпы адамзатқа ортақ, кез-келген адам ұлтына, тіліне, дініне қарамай жасайтын қылмыстар мен теріс қылықтарды қазақққа телу, тек қазақтың ғана ісіндей етіп көрсету мұндай жазармандардың үйреншікті қылығына айналған. Мәселен, алтын түстес көлікпен кортежге шыққан әлдебір жігіттер туралы видеоны «Казахский понт» деп ат қойып, айдар тағу«Караван» газетіне қаншалықты абырой әкеледі? (Ол мақаланы мына сілтемеден оқисыздар). Бұл әріден қозғасақ, ұлтаралық араздық туғызуға алып келетін әрекет емес пе?
Осы мәселеде мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау органдары да бейтарап қалмай, аталған басылымдардың қызметіне бір мезгіл назар аударғаны дұрыс деп санаймыз. Елде жалпыұлттық масштабта жемқорлықпен күрестің қызу жүріп жатқанын білеміз. Халық қазынасын, мемлекет байлығын қалтаға басқан қылмыскерлер әділ жазасын алып қана қоймай, келтірілген шығындарды бір тиынын кемітпей қайтаруы тиіс деп білеміз. Енді меморгандар осы жерде аты аталған басылымдардың да мемлекеттік ақпараттық саясатқа арнап бөлінген қаражатқа қатыстылығын тексеріп жатса артық болмайтын сияқты.
Дархан Мұқантегі
Дерек көзі: qamshy.kz