Ядролық қатер қайтсе сейіледі?!
2016 ж. 12 сәуір
2515
0
Биылғы сәуір Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV Саммитінің ашылуымен басталды. Жаһандық қауіп-қатерлер асқынып, адамзаттың алдында шешілуі қиын көптеген түйткілді мәселелер көлденеңдеп тұрған қазіргі уақытта қадірі биік саналатын бұл форумға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Әлемнің 51 елінен келген Президент пен Премьер-министрлердің, сыртқы саясат ведомстволары басшыларының, сондай-ақ, БҰҰ, Еуропалық кеңес, Еуропалық комиссия, МАГАТЭ (Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік) және Интерпол сынды халықаралық беделді ұйымдар жетекшілерінің басын қосқан IV Саммитті АҚШ Президенті Барак Обама ашты.
Ядролық қауіпсіздік бойынша саммиттер өткізу туралы бастаманы 2010 жылы ұсынып, бұл алқалы жиынды алғаш рет сол жылдың сәуірінде ұйымдастырған, ядролық қаруды таратпау ісін өз саясатындағы басым бағыттардың бірі етіп президенттік қызметіне кіріскен кезден бастап айқындап алған АҚШ басшысы Барак Обама өз сөзінде ядролық қарудан туындайтын қауіп-қатердің асқынып тұрғанын айта келіп, бұл ғасыр тажалымен күресте күш біріктірудің өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ, ол ядролық қаруды азайту және жою бағытында көптеген нақты шаралар атқарылғанына кеңірек тоқталды.
«Соңғы алты жылдың ішінде ядролық қауіпсіздікті нығайту бағытында жаңа сипаттағы әдістерді пайдалануға қол жеткіздік. ХХІ ғасырда ешбір ел өз қауіпсіздігін жекелей қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан, бұл мәселеде коалиция құрып, өзара ынтымақтаса жұмыс істеу қажет. Біз осы бағытта көптеген табыстарға қол жеткіздік», – деді Барак Обама. Одан әрі АҚШ Президенті ондаған мемлекеттің өздерінің жоғары байытылған уран және плутоний заттарынан арылғанын, бірқатар елдер өздеріндегі осындай материалдардың ниеті бөтендер қолына түсіп қалмауы үшін жойғанын және басқа да жүзеге асырылған шараларды атап өтті.
Саммит делегаттары алдында сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ядролық нысандар мен материалдар қауіпсіздігінің деңгейі ең жоғары мемлекеттердің алғашқы жиырмалығына кіретініне назар аударды. «Бізде ұлттық деңгейде нақты ядролық қауіпсіздік бойынша бірқатар кешенді шаралар жүзеге асырылды. Ядролық материалдарды экспорттық бақылау жүйесі жетілдірілген. Атомдық және радиоактивті заттар бағытын біріздендіру орталығын құру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Алматыдағы Ядролық физика институтының зерттеу реакторлары төмен байытылған отынға көшірілді. Ел аумағындағы Ұлттық ядролық орталықтағы осындай жобаны жүзеге асыру жеделдетіледі. Ядролық нысандардың бәрі МАГАТЭ-нің жан-жақты бақылауында тұр», – деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміз бүгінде уран қоры және оның кенін өндіру жөнінен әлемдік көшбасшы болып отырғанын, сондай-ақ, осы өнімді негізгі экспорттаушылардың бірі екенін атап өтті. «Біз бейбіт мақсатта пайдалану үшін ядролық отын өндірудің жаһандық технологиялық тізбегінен лайықты орын алу ниетіндеміз. Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттікпен бірлесіп Ядролық отын банкін құру біздің маңызды үлесіміз болғанын айтқым келеді. Бұл – Иранның ядролық проблемасын шешу үшін де маңызды болды. Болашақта ядролық энергияны бейбіт мақсат үшін пайдаланғысы келетіндер осы Банк ресурсын қолдануына болады. Біз төмен байытылған ядролық отынның Халықаралық депозитарийі болып саналамыз. Бізде МАГАТЭ-мен бірлесіп уранды өндіру және байытудың барлық циклын автоматты түрде тіркеу, бақылау және қорғаудың сынақтық қанатқақты жобасы табысты іске асырылуда. Қазақстан барлық мүдделі мемлекеттердің азаматтық ядролық технологияларға қолжетімділігі тең болуын қолдайды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы бүгінде терроршылардың жаппай қырып-жою қаруын пайдалануының нақты жағдайға айналып отырғанын, сондықтан әлем елдері көшбасшыларынан нақты іс-қимыл талап етілетінін атап айтты. «БҰҰ аясында барлық елдің қатысуымен терроризмге қарсы күрес-тің жаһандық желісін құру қажеттілігі пісіп-жетілді. Бұл жарияланбаған соғыста тек осылай жеңіске жете аламыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпсіздік саласында әлі шешімі табылмаған мәселелер көп екенін ескере отырып, саммит өткізу жөніндегі Б.Обаманың бастамасы өз жалғасын табатынына сенім білдірді. «Қазақстанның осындай іс-шара өткізуге моральдық құқығы бар деп ойлаймын. Бұл полигонын жауып, әлемдегі төртінші ядролық қару арсеналынан бас тартқан елге деген ризашылықтың белгісі болар еді», – деді Елбасы.
Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит: ілгері бастаған жол» мақаласы туралы хабарлады.
Қазақстан Президентінің мақаласы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында АҚШ-тың «The Hill» атты күнделікті саяси газетінде жарияланды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, іс-шара аясында өткен кездесулер қауіпті ядролық материалдар айналымын бақылау мәселесіндегі ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді, ал АҚШ Президенті Барак Обаманың осы саммиттерді шақырудағы көшбасшылығы ядролық қауіпсіздікті нығайту ісіне нақты үлес қосты.
«Дегенмен, саммиттер сериясының қорытындысын шығара отырып, халықаралық қоғамдастық ядролық қатер азаймағанын, керісінше ұлғайып бара жатқанын мойындауы тиіс. Трансұлттық террорлық ұйымдардың өсіп-жетілуі және өңірлік қақтығыстар ескеруге тиіс жаңа проблемалар тудыруда», – делінген мақалада.
Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағынан қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналға ие болып қалған Қазақстанның тәжірибесіне назар аударды.
«Жері ядролық қару сынау үшін полигон ретінде пайдаланылған, 500 ядролық сынақтың салдарынан 1,5 миллионнан астам азаматы мен ауқымды территориясы радиацияға ұшыраған еліміздің тарихи тәжірибесі бізді қауіпсіздікті басқаша түсінуге алып келді», – деп атап өтті Елбасы.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқының қолдауы арқасында кеңестік Семей ядролық полигоны жабылғанын, содан кейін еліміз өз аумағындағы барлық ядролық қарудан бас тартқанын айтты.
«Қару және ядролық материалдар қорын жою өңірімізге қауіпсіздік пен тұрақтылық әкелді. Алайда, әлдеқайда берік қауіпсіздік барлық тараптың өзара қауіпсіздігіне бағытталған құрылымдар арқылы ғана қамтамасыз етілуі мүмкін», – делінген мақалада.
Нұрсұлтан Назарбаев мұндай үдеріс Орталық Азияда сенім шараларын жүзеге асырудан басталғанына назар аударды. Бұл ынтымақтастық кейіннен Орталық Азияны ядролық қарудан ада өңір ретінде жариялауға ықпал етті, нәтижесінде өңір барынша тұрақты бола түсті.
«Ядролық қару бұдан былай Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторы болып саналмайды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы еліміздің тәжірибесі ядролық қару мәселесін барынша кеңінен талқылау үшін жағдай жасауға мүмкіндік бергенін айтты. Қазақстанның бірегей тарихы Иранның АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германиямен ядролық проблема бойынша келісім әзірлеу жөніндегі бастапқы келіссөздеріне септігін тигізді.
Бұл ретте Қазақстан Президенті алаңдаушылық тудырып отырған жайттың – қару жасауға мүмкіндік беретін деңгейге дейін уранды байыту ісінің тамырына балта шабу қажеттігін айрықша атап өткен. Бұл үшін Қазақстандағы Атом энергиясының халықаралық агенттігі тарапынан төмен байытылған уранның әлемдегі тұңғыш банкі құрылуда, ол ядролық отынды кез келген елге жеткізуді сенімді түрде қамтамасыз етіп, сол ар-қылы байытуға арналған бағасы қымбат тұратын және тұрақсыздан-дыратын қондырғыларды әзірлеу мен жасауға деген қажеттілікті жояды.
Нұрсұлтан Назарбаев ядролық сынақтардың барлығына тыйым салу қажеттігін тағы да атап айтты.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы 29-тамызды, Семей полигоны жабылған күнді Ядролық сынақтарға қарсы күрестің халықаралық күні деп жариялады. Қазақстандағы ядролық сынақтардың ауыр салдарлары және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) тезірек күшіне ену қажеттігі туралы біз бастамашылық еткен АТОМ жобасында халықаралық деңгейде айтылған, оның идеяларына 100-ден астам елдің қарапайым тұрғындары қолдау көрсетті», – делінген мақалада.
Жапониямен бірге ЯСЖТШ жөніндегі шолу конференциясының тең төрағасы ретінде Қазақстан бұл мәселе бойынша ілгерілеушілікке қол жеткізу үшін жұмыс жүргізуге ниетті. Нұрсұлтан Назарбаев барлық мемлекеттерді, әсіресе, ЯСЖТШ-ның күшіне енуіне ықпал ететін елдерді жауапкершілік танытып, тиісті қадамдар жасауға шақырды.
«Сынақтарға тыйым салу барлық мәселені өзінен өзі шешпейді. Бірақ келісімнің күшіне енуі біздің әлемдегі ядролық қаруды жою жөніндегі түпкілікті мақсат жолындағы тағы бір елеулі қадам болмақ», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит 2010 жылдан бері екі жыл сайын өткізіліп келеді. Бұған дейін аталған саммит 2010 жылы Вашингтонда (АҚШ), 2012 жылы Сеулде (Оңтүстік Корея) және 2014 жылы Гаагада (Нидерланд) өткен болатын. Қазақстан – Саммиттің тұрақты қатысушысы.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті