Парламенттің жазғы сессиясында қандай қызметтер атқарылатыны анықталды
2016 ж. 06 сәуір
1912
0
Парламент Мәжілісінің Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтың жетекшілігімен өткен палатаның алғашқы жалпы отырысында депутаттар алтыншы сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттіктерін іске асырудың бірінші сессиясына арналған негізгі іс-шаралар жоспарын бекітті.
Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаеваның айтуынша, шаралар жоспары негізінен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мәселелерін ескере отырып әзірленген. Сонымен қатар, жоспар Мәжілістің тұрақты комитеттерінде, палата Бюросында мақұлданған.
«Алдағы шаралар жоспары ағымдағы сессия барысында атқарылатын өзекті міндеттерден туындайтын маңызды шараларды қамтып отыр», - деді Г. Исімбаева.
Оның сөзіне қарағанда, жоспар Мәжілістің әр түрлі қызмет бағытын қамтитын 8 бөлімнен тұрады. Сонымен қатар, депутаттар жазғы сессия аяқталғанша парламенттік қызметтің өзекті мәселелері бойынша 4 үкіметтік сағат, комитеттердің бес көшпелі отырысын өткізуді жоспарлайды. «Азаматтық сектор қауымдастығы өкілдерін кеңінен қатыстыра отырып, Парламентке келіп түсетін заң жобасын тиянақты талқылау мақсатында 7 дөңгелек үстел отырысын өткізу көзделеді», - деді вице-спикер.
Бұнымен қоса, Мәжіліс депутаттарының халықаралық және халықаралық парламенттік қызметтері жеке кесте бойынша жүзеге асырылады.
Дерек көзі: ҚазАқпарат