«Мәңгілік» елдің уақытша Премьер-министрі
2016 ж. 30 наурыз
2931
1
немесе
уақытша орыспен «мәңгілік достықтың» шын бейнесі ...Тағы да жауырыншылар жырмаланып, сәуегейшілер сүмірейіп қалды...
Демократия аңсаған тұяқбайшалдар тұйыққа тірелген тұсында тәңкиіп жатыр. Мәжілістің 84 орнын нұротандықтар тегеурінімен тартып алды. Саусақпен санарлық жеті ақжолдық пен таздың шашындай селдіреген жеті коммунист әупірімдеп парламентке ілігіп, жеті күлше таратуға кірісті...
Алаштың рухынан дәмелі ақжолдық қос журналисті Қазыбек ИСА мен Арман СҚАБЫЛҰЛЫның өзектерін өкініш шарпыды. «Жығылған - күреске тоймас» демекші, армандарына алтыншы мәрте айран төгілген сезімнің серкелері сенімдерін сетінетіп алмаса игі-ді. Арман ағамыздың қапалы қаламынан: «Азат Перуашев - менің досым, бірақ, Қазыбек Исаның мәжіліс депутаты болуы - қымбат» дегендей дәргей байқадық.
Меніңше, бұл «түсінбестікке» (әлде, түсіністікке...) Азат кінәлі емес. Уақыт талабы солай: қоғамға (әлде, билікке...) ақылды адам қажет емес, ақшалы адам керек. Сондықтан, ақылды зынданға тастауың керек те, арыңды аяусыз ластауың керек. Екінші жол жоқ.
Ақша өздігінен келмейді. Белшеден байлыққа батуың үшін, белшеден бетсіздікке батуың керек. Мұнда да балама жоқ.
«Алаштың айбыны», «Қазақтың қамы», «Елдің мүддесі» деген әдемі сөздер құлағы мен қолы бос (яғни, жұмыссыз...) бейбақтарға ғана қызық. Жүздеген миллиондарын көбейтуді армандаудан көңілі босап, көзі ашылмайтын машкевичтер мен шодиевтер қазақтың мүддесіне түкіріп қойыпты...
Ақын ағамыз Қазыбек Иса өзінің марқасқа Махамбетке арнауында:
«Опасыз неме ақталса,
Опығы неткен зор еді.
Бассыздар егер көп болса,
Басыңа қауіп төнеді...» - деп жазған еді, шынында, бәрін айт та, бірін айт, Кәрім Қажымқанұлы МӘСІМОВтің төртінші рет ҚР Үкімет басшысы болып тағайындалуынан қалың қазақ есеңгіреп қалды...
Құдауанда, бұл неткен жанкештілік? Он жылдан бері Мәсімов араға аздап үзіліс салып, ел үкіметін қайта-қайта басқарып келеді, сол он жылда қазақтың теңгесі 100 пайызға құнсызданды, әл-ауқаты құлдырады, кедейшілік қаптап кетті, бірақ, жаны сірі Кәрімов Үкімет-кемесінен түспейді. Сірә, қай бағытқа қозғалу қажеттігін білмеуі де мүмкін, әйтсе де, тізгінге тіс-тұяғымен темірдей қатып қалған, ешкімге бермейді, жауырын да сипатпайды...
...Бір кезде Нұртай ӘБІҚАЕВты «серый кардинал» деп пір тұтатын едік, бүгінде Нұрағамыз құйрығын бұтына қысқан «серый волчонок»-қа айналып кеткендей ләм-мим демейді, сенатта сіресіп-бүрісіп отыр...
...Бір заманда, «ойбай, не дейсің, Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВанау-мынау шенеунігіңді тастай шықырлатып шайнай салады екен» деп желпінетін едік, қазір Иман ағамыз Кәрім аканың қабағына қарап, тісі түсіп, жағы суалған кәрі арыстандай көзге түспей, көлеңкеге тығыла береді...
...Бір күндері Ахметжан ЕСІМОВ«тяжеловес қой, салмағымен сандалғанның кезкелгенін мыжып өте шығады екен» деп, әсіресе, Шамалған мен Қаскелеңнің жігіттерінің кеудесіне нан пісіп, «пырт» болып жүретін еді, бүгінгі таңда Ахметжан көкем де Кәрім ака көрінген көшеден бағытын бұрып, басы ауған жаққа зып беретін тәрізді...
Қалай десек те, Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовтің «құдіретінің» сырын ешкім шеше де алмай, есе де алмай келеді...
Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовтің кандидатурасын 107 депутаттың 96-сы қолдап, 4-і қарсы шығыпты, ал, 7 депутат қалыс қалыпты. Меніңше, қазаққа шынайы жаны ашитын осы 11 мәжілісші!
«Әкесі өлгенді де - естіртеді» демекші, орыс пен қытайдың, ағылшын мен арабтың тілін пістедей шаққан Кәрім Мәсімов туып-өсіп, өніп-байыған қазақтың тілін үйренгісі келмеді...
Қытайтанушы һәм қаржыгер, заңгер һәм экономика докторы Кәрім Мәсімов он жылдан аса уақыт қазақтың үкіметін басқарып, қазақтың қалтасына басы артық соқыр тиын сала алмады...
Кәрім Қажымқанұлы қуанып барып, шаттанып қайтатын Мәскеудің «Аэрофлот»-ы орыстың әуе жолдарынан ұшып өтетін қазақ ұшақтарынан ақша алып, өздері он есе жиі ұшатын қазақтың әуе жолдарына көк тиын төлегісі келмейді...
Сондықтан, тағы да Қазыбек Иса ағамыз айтпақшы: «...Ұлттық Жаңарудың да келмей қоймайтыны ақиқат»десек, «мәңгілік» елдің уақытша Премьер-министрі де мәңгі болмас, уақытша орыспен «мәңгілік достықтың» шын бейнесі де белгілі болар...
«Тек сол көктемнің, сол жаңарудың тым кешігіп келуі көп кесепатын тигізетіні қиын-ақ… Көктем кешіксе, жаңару кешеуілдей берсе, ескі шіри береді…» (Қазыбек Иса)...
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
qazaquni.kz