Ел үшін еткен еңбек еленіп, халықтан жақсы бағасын алғанын көру кім-кімнің болсын мерейін өсіріп, жауапкершілігін арттыра түсетіні анық. Бұл ретте ақжолдықтардың жаркенттік кәсіпкерлердің ілтипатына бөленгенінің куәсі болдық.
Сайлауалды үгіт-насихат жұмысымен Панфилов ауданына арнайы барған Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының президиум мүшесі Нұрлан Жазылбеков бастаған топты жазиралы жаркенттік кәсіпкерлердің құрметтеуінің басты себебі елімізде «Кәсіпкерлік туралы» кодекстің жазылып, заң шығарушы органда сұрыпталып күшіне енуіне ақжолдықтардың сіңірген еңбегі зор екендігі болып отыр.
Сонымен, «Универсал» ААҚ президенті Зәкіржан Кузиев бастаған кәсіпкерлер саяси мәні зор қадамға ертелете жиналып, Жаркент крахмал сірне зауытында кездесу ұйымдастырды. Дала аруы деп те әспеттелетін жүгеріден шығарылатын сан алуан өнім түрлерін көрсетіп, мұнтаздай таза зауытты еркін аралатты. Өндіріс орнында орнатылған заманауи қондырғылардың әрқайсысының атқаратын функциясын тәптіштей түсіндіріп қана қоймай, адам ағзасына тигізетін пайдасын да құрылым басшысы кәсіби тұрғыда ұғындыра білді. Жүгері дақылының құрамындағы қант мөлшерінің, сұйық майдың молдығы, ең бастысы, оны сығып алу тәсілдері де көңіл толтырады. Әлбетте, сөз реті келгенде, Зәкіржан Кузиев кәсіпкерлер аманатын да жақсы жеткізе алды.
Негізі, Қазақстандағы кәсіпкерлік партиясы болып та саналатын ақжолдықтарға өңір кәсіпкерлерінің ілтипат танытатындығы жоғарыда аталған кодекс бүгінде Ресей, Белоруссия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде үлгі ретінде алынған. Географиялық орналасу ыңғайлылығына орай бұл өңірде өркендеген өндіріс орны ел экономикасына елеулі үлес қосатыны анық. Еркін экономикалық аймақтағы Құрғақ портты іске қосу жұмысы күннен күнге қарқын алуда. Экономикалық даму үрдісінен соң аудан халқының тұрмысы, конституциялық құқығы жақсаратыны, мемлекеттік бағдарламалардың талапқа сай жүзеге асырылуы тұрғындарға оң әсер ететіні әңгіме өзегіне айналды. Ал «Ақ жол» демократиялық партиясы Алматы облыстық филиалының басшысы Мейраш Шынасылова 35 этнос өкілі тұратын Панфилов ауданында ауызбірлік сақталып, ел бірлігі нығая беретінін атап көрсетті.
Бұл күні ақжолдықтар Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының шекарасында орналасқан «Қорғас» кеден бекетінде де болды. Кеден қызметкерлерімен жүздесіп, ой бөлісті. Түйіп айтқанда, жаркенттік кәсіпкерлер ақжолдықтарға разы болып, өз таңдауларын осы кәсіпкерлер партиясының пайдасына жасайтындарын да жасырмады.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.
«Ақ жол» жазиралы Жаркентте болды
2016 ж. 18 наурыз
2280
1