Ауыл туралы АРНАЙЫ ЗАҢ ҚАЖЕТ
2010 ж. 14 желтоқсан
4345
0
Қазақтар о бастан-ақ керiлiп жатқан кең байтақ даланың заңды қожасы болған ел. Оның табиғат сыйлаған мол байлықтары да сол кеңiстiкте ағыл-тегiл шашылып жатыр. Ата-бабаларымыз осынша байтақ даласын жақсы, жаман деп бөлмей “Ала қойды бөлек қырыққан жүнге жарымас” дегендей, төл кеңiстiгiн түгелдей ауыл-ауыл боп жайлаған, тiптi оның ұлтарақтайын да егесiз, ескерусiз қалдырмаған, жетiмсiретпеген. Қазақтың әрбiр ауылы өзiнiң көшiп-қонып жүрген аймағында өзiн барынша қуатты, жайлы, еркiн сезiнiп, тұтас елдiң мызғымас темiрқазығы, шеп-бекетi, ешкiмнен ешнәрсе сұрамайтын, ешкiмге есеп те бермейтiн, барлық iшкi мәселелерiн өз қалауынша өздерi ғана тындырып, тұрақты, күн кешiп жатқан тәуелсiз мемлекетпiз деген берiк ұғымда болған.
Әрбiр ауыл тұрғыны өз ауылын ата мирас атақонысым, кiндiк қаным тамған қасиеттi туған далам, ол менiң мәңгiлiк құтты да киелi мекенiм деп қанына да, санасына да ана сүтiмен сiңiрген. Исi қазақ баласы о заманда бұ заман өзiнiң ғасырлар бойы тапжылмай жайлаған атақоныс аулынан жерiп, жайшылықта оны тастап беталды ауа көшпеген. Олай етудi өз ата-бабасынан жерiгендiкке, азғындыққа, сатқындыққа бағалап, бұл өзi iргелi ел үшiн де, намысты ер үшiн де ауыр сын болған. Ауыл әрбiр қазақ үшiн алтын орда, рухани тәрбие мектебi, Отан, Ел сияқты қасиеттi ұғымдардың мөлдiр бастауы болды. Ауыл қазақтың мына жарық дүниеге бiрге келген сыңары. Қазақ басына бас қосылып, өсiп-өне бастаған сәттен, туыстық, бауырлас табиғат сыйластық негiзде 10-15 шаңырақ сұрыпталып, топ құрып, ауыл боп өмiрге келiп отырған.
Ауыл десе, iшкен асын жерге қоятын, ауыл тағдыры менiң тағдырым, ауыл - алтын бесiгiм, менiң бiр жаным ауылда демейтiн шынайы қазақ, әй қайдам жоқ-ау, сiрә. Ауыл қазақтың ешқашан сарқылмайтын, асыл қазына бұлағы, ар-намысы, бүтiндей адами болмысы, ұлттық ұраны, мәңгi тұруға тиiстi мәрмәр тұғыры. Ауыл қазақтың ғасырлар бойы жабыла тоқып бүтiндеген, ешқашан тозуға жатпайтын алтын шежiресi. Ауыл қазақ үшiн сүйiспеншiлiгi мен сағынышы сiрә бiтпейтiн, суреттеуге сiрә тiлi жетпейтiн көркем бiр дүние, таңғажайып бiр әлем. Ауылдан шыққан әрбiр қазақ: “Мендегi бар адами асыл қасиеттердiң бәрiн алтын ұям ауылдан таптым, содан ғана алдым, ауылға мәңгi қарыздармын” – деуден жалыққан емес. Ауылға шапқан жау ол қазақтың ең үлкен ата жауы саналды.
Иә, қазақ тағдырына шүйiлген қиыншылық тауқыметтiң бәрi, оның сыңары боп келген ауылды да айналып өтпегенi мәлiм. Кешегi Кеңестiк нәубет жылдары лениндiк-сталиндiк тоталитарлық жүйе қазақ халқының ұлттық рухын ә дегеннен әлсiрету мақсатында оның рухани ордасы - ең бiр нәзiк сезiмтал, нәзiк жанды жерi ауылға соққы беруден бастады. Ғасырлар бойы ынтымағы жарасып алаңсыз, еркiн жатқан қазақ ауылдарына ендi отырықшыл, колхоз жасаймыз деп аяқ астынан жаудай тидi. Ауыл деген киелi атауын қолданыстан бiржола өшiрiп, тамырына балта шаппақ болды. Егер осы арам ойлары iске асқанда, ауылдан ажырап тарыдай шашылып қалған қазақ жетiм қозыдай маңырап қарайғанның соңында, кiм көрiнгеннiң айдауында жiгерi құм болып кете баратын ба едi кiм бiлген. Бiрақ кезiнде жандары жәннәтта болғыр ауыл ақсақалдары, ел ағалары ауылға төнiп келген сол ылаңның қара бұлтын бiрден сезiп, оны сейiлтудiң амалын тапты. Колхоздарға ауыл-ауыл күйiнде тұтастай ендiрiп, екi қоянды бiр оқпен дегендей, әрi бұрынғы ауыл ағайындық негiзiн бұзбай, әрi колхоздасу мәселесi де шешiлiп, бұл жолы iстiң сәтi түстi. Кейiн дәл осы әдiспен совхоздар құрылды. Осылайша сол кездегi аталарымыздың тапқыр ақыл-парасаттары арқасында айналайын ауыл, сырттай колхоз, совхоз боп аталып, тиiстi талапқа сай жұмыс жасағанынан, iштей баз баяғы қалыптасқан үйреншiктi ауылдық дағды (пәлендей ауыл, түгендей ауыл немесе пәленшенiң ауылы, түгеншенiң ауылы делiнiп) дәстүрлi қарым-қатынас қазақи нақыш бұзылмаған күйi осы уақытқа дейiн нық отырып келдi. Ауыл нық тұрса, қазақта қазақи салт-дәстүр де, әдет-ғұрып та нық тұратынына көз жеттi.
Сонымен өздерiне тиесiлi болған азды-көптi пайлық жерiнде жайратып, жұмыс жүргiзуге не жарамды техникасы жоқ, не қаржысы жоқ ауыл диқандары қанша тырысса да, жартымды нәтижеге қол жеткiзе алмай, әбден титықтап, бiрiнен соң бiрi банкротқа ұшырап жатты. Осы жағдайлардан кейiн бiр жағынан өздерiнiң ақ көңiл аңқаулықтарына ызасы келiп, екiншiден сенiп жүргендерiнiң бәрiнен көңiлдерi қалып, қолын бiр-ақ сiлтеген ауылдықтар қимаса да, қинала ауылдарын тастап, топ-тобымен бейтаныс қалаға шұбырынды болудан басқа жол таппады. Ауылдарда екiнiң бiрiнiң есiгiндегi “Үй сатылады” деген айбақ-сайбақ жазу жар салып, ауылдың ажарын алып барады. Үй iшiне кiрсең, үрпие қарайтын бала-шаға, ата-анасының жұмыс iздеп қала асып кеткенiн жазықты жандай мұңайып хабарлайды немесе тұнжырап көңiлсiз отырған дәрменсiз кемпiр-шалды көресiз. Қазақтың алтын ордасы, ар-намысы, алтын арқауы, тұғыры, тiрегi дейтiн киелi ауылымыздан, бас көтерер азаматтарынан айырылып жетiмсiреген қазiргi мүсәпiр халi, келеңсiз жүдеу көрiнiсi күннен-күнге айқындала түсiп, жанды жеп барады. Егер бұл жағдай осылай созыла берсе, тағы бiршама уақыттан соң не боларын елестетудiң өзi қорқынышты емес пе?
Сонымен, қазiр ауылда мәжбүрлi түрде керi кетiп бара жатқан ыдырау процесi туралы айтылғандарды қорыта келе төмендегiдей пiкiрлердi бiлдiрмекпiз.
Ең алдымен, бүкiл ел көлемiндегi ауыл атаулының бәрiнде ешқандай жоспарсыз, бей-берекет жүрiп жатқан көшi-қон қозғалысы (қалаға қарай) бұл ауылды құртып тынуға бағытталған кезектi арандату iсi, бұл бiртiндеп өз ылаңын бiлiмсiздеу әдiспен жайлап атқарып жатқан Ауыл iргесiне байқаусыз етiп көмiлген жарылғы бомба деп бағалауға болады. Ауылға төнiп тұрған бұл жолғы қауiптiң бұрынғыларының қай-қайсысынан болса да, аса қатыгез қорқыныштылығы осы байқаусыздығында. Ең ашынарлығы, дәл осылай iштен кемiрiлiп жатқанымызды байқамай, үкiметiмiздiң аң отырғандығы немесе оның ешнәрсе болмағандай үнсiз, бейтараптығы. Әрине, ауыл тұрғындарының бұл жолғы ауылын тастап, қалаға қарай шұбыруын, олардың өз еркi, өз таңдауы болар деп, көлгiрсудiң тiптi де ретi жоқ. Одан гөрi, “Жайлы болса, Арқадан арқар ауарманың” керi деген дәл болады. Жағдай (ауылдағы) шын мәнiнде аса өткiр, ауқымды, ол жайбарақат бос белбеулiктi, жалпақшешей бәтуасыздықты (принципсiздiктi) көтермейтiн болып тұр. Сондықтан да: “Ауыл тағдыры ол бiрiншi кезекте қазақ халқының тағдыры. Ауыл қазақ халқы үшiн қаншалықты қымбат, орны бөлек ерекше құрылым, өмiрлiк рухани қажеттiлiк болса, (солай екенiнде дау болмас) негiзiн сол халық есебiнен құрып, атын қазақ атымен байланыстырып отырған Қазақстан мемлекетi үшiн де, ол соншалықты, дәл солай есептелiнбеуi мүмкiн емес” – деп батыл айта бiлетiн табанды, зерек те, iскер, ұлтжанды, патриот үкiмет керек қазiр бiзге. “Ауыл, қазақ үшiн елдi мекен немесе тұрақ мекеннiң жай аты, адресi ғана емес, ол ұлттық көрiнiстердiң көрiп, көз тоймайтын, көрмесе тұра алмайтын, бай табиғи көрмесi, ұлттық рух пен асыл да абзал халықтық, адами қасиеттердiң қорытылып сұрыпталған баға жетпес қоймасы. Ауыл, қазақтың бет ажары, бойтұмары, айнасы, азаматтық паспорты. Оны кезкелген қиыншылықтан қорғау, сақтап қалу, нық орнықтыра түсу, бәрiмiздiң ең жоғары санаттағы борышымыз, парызымыз” – дей алатын еркiн, бiлiктi, iздемпаз, өз-өзiне сенiмдi үкiмет керек бiзге қазiр. Шынында, ауыл тағдырына байланысты толғағы жеткен күрделi мәселелер көбейiп кеттi. Ендi оларды терең де, жан-жақты ойластырып, кешендi түрде тиянақты шешудi жоспарлы түрде ең жоғары деңгейде қолға алу қажет. Онсыз, “Ауыл жылы” деген сияқты көздi ашып-жұмғанша, “ауырдың үстiмен, жеңiлдiң астымен” өте шығатын алдында нақты, ауқымды мақсаты жоқ акциялармен, “Жастар дипломмен ауылға” деп жар салған бiр сәттiк ұрандармен (қашанғы жар салсын) басқа да тиiп-қашпа қаулы-қарарлармен ауыл мәселесiн түбегейлi, тиянақты шешуге болмайтыны бәрiмiзге түсiнiктi болғанындай үкiметiмiздiң де оған көзi жеткен болар, сiрә. Ал ауылдық жерлердегi бiрлi-жарым күдiктi қалталылардың жалпы жұмыс орындар саны өз ағайын-туыстарынан артылмайтын тойхана, кафе, базар-ошар, некен-саяқ машина жөндеу, май құю, басқа да ұсақ-түйек қызмет көрсету орталықтары сияқты берекесiз майда кәсiпкерлiктен, яғни жеке мүддеден әрi бармауы да ауылға жан бiтiрер түрi көрiнбейдi. Ал соңғы жылдардағы “Жол картасы” бойынша жүрiп жатқан iс-шаралардың да ұзын ырғасы күнделiктi ағымдағы жыртық-тесiктi жамаушылық немесе уақытша өрт сөндiрушiлiк сипатта ғана болғандықтан, оны бiр ауқымды, жүйелi, ұзақ мерзiмдi, жоспарлы мемлекеттiк жоба деуге келмейдi. Сондықтан қыруар, қомақты қаржы есебiн тапқандардың бұрмалауымен сан-саққа шашылып-төгiлуде.
Бiздiңше ондай мол қаржылар мемлекеттiк деңгейде талқыланып, мақұлданған жалпыхалықтық сипаттағы жоспарлы жобаларға бағытталып, олардың мақсатты пайдалануы қатаң бұқаралық бақылауда болуы шарт. Рас, “Жол картасы” бойынша да бiраз мәселелер шешiлiп жатыр. Осының арқасында ауылдық жерлерде де мектептер, ауруханалар салынып, бiрлi жарым жолдар жөнделiп, ауыз су келуде. Бiрақ екi қолға бiр жұмыс iздеп күн көрiс қамымен қалаға шұбыруға мәжбүр болған ауыл азаматтарына бұл әр жерде бiр iстелiнiп жатқан әлеуметтiк нысандар елеулi тосқауыл бола алмай отыр. Өйткенi, ауылға ең алдымен белгiлi бiр өндiрiспен байланысты тұрақты жұмыс орындары керек, әрине. Сонда ғана ел өз аулында тұрақтап, орнықты отырады, сонда ғана әлiгi жаңадан салынып жатқан әлеуметтiк нысандар өздерiн ақтап, тiлге тиек етуге болар едi. Ал әзiрше: “Бәрi түбi керек нысандар ғой, бiтсе бiте берсiншi” дегендей болуда. Әйтсе де арбаны жетектiң алдына қою жұқалап айтсақ жарасып тұрмайтын көрiнiс. Бұл үкiметiмiздiң ауыл жағдайын жете зерттеп, анық бiлмегендiктен кетiп жатқан ағаттық деп ойлаймыз.
Бiрiншiден Қазақстан жер көлемi жағынан әлемде бiрiншi ондыққа кiретiн кең байтақ ел, ал халқымыздың саны барынша шағын (жерiмiзбен салыстырсақ). Екiншiден, сол шағын халықтың жартысынан көбi елiмiздiң далалық-ауылдық жерлерiне шашырай орналасқан (олардың негiзiнен басымы байырғы халық өкiлдерi). Елiмiздi дамытудың қандай жоспары жасалынса да республикамыздың осы табиғи ерекшелiктерi естен шығарылмай, есепке алынып отыруы қажет-ақ. Ал, олай болмай қазiргiдей барлық iрi өндiрiс орындары түгелдей тек iрi қалаларға нығыздала берсе көп ұзамай халқымыздың көпшiлiгiн (жақын келешекте мүмкiн бәрiн) қалаларға жинап алып, кең байтақ даламызды егесiз қалдыру қаупiн қолдан жасағандай болмаймыз ба?. Ол жағдайда даламыздың ауыл шаруашылығы өндiрiсiне негiзделген мол ресурстарын тиiмдi пайдалану жағы, ал ең бастысы елiмiздiң iшкi-тысқы стратегиялық қорғаныс қауiпсiздiгi қалай болмақ, оларды әбден әлсiретiп алмаймыз ба? Елсiз бос қалған кең далаға көзiн алартушылар көбеюi мүмкiн ғой. Сондықтан әлгi қалаларда орын тепкен жаңа өндiрiс нысандарының бiрсыпырасын (тiптi басым көпшiлiгiн) ауыл-селоларға орналастырғанда, сол жақтағы жұмыс орындарына мұқтаж ауыл адамдарына тұрақты жұмыс, тұрақты жалақы табылып, олар қазiргiдей ауылын тастап қалаға үдере көшпеген болар едi. Сонымен қатар қазiргi қиын кезеңде ауылды қолдау, қорғау жоқ болып кетуден сақтап, оны орнықтыра, нығайта түскендей боп, ауылдағы көптеген басқа да жоғарыда айтылған проблемалардың шешiлуiне жәрдем болар едi. Мәселен, қазiргi “Жол картасы” бойынша мемлекеттiк қаржыны судай ағызу арқылы ауылдық жерлердегi әркiм бiр жұлмалап салып жатқан әлеуметтiк инфрақұрылымдар, әлгi ауылға баруға тиiстi өндiрiстiк нысандармен бiрге жобаға кiргiзiлiп, жалпы инвестицияның есебiнен бiрге бiтiп жатуы әбден мүмкiн едi де, бiрқанша мемлекеттiк қаржы үнемделiп, тағы басқа зәру мақсаттарға жұмсалған болар едi. Бұл жерде айтпағымыз, аса тағдырнамалы, терең перспективалы, күрделi мәселелердi пысық шешудегi үкiметiмiздiң орашолақ шикiлiгi, бостық шалағайлығы немесе шалағайлығы немесе шетелдiк инвесторлардың алдындағы принципсiз, табансыздығы. Әрине шетелдiк қалталылар өздерi таңдаған нысандарын тек қалаларға орналастырғысы келетiнi түсiнiктi. Сонда таза өндiрiстiк құрылыспен ғана тынып, қосымша инфрақұрылымдар салуға шығындап, басын ауыртпайтынын олар алдын ала жақсы бiлiп отыр. Ендiгi жерде Ауыл жағдайын жақсартуға бiржола бет бұрылуын талап ететiн жоғарыда айтылған көптеген себептерден бөлек тағы да бiр есепке алатын бәрiмiзге белгiлi фактор бар. Көп жылдардан берi қоғамдық байлық пен игiлiктердi пайдалануда қала тұрғындарының пайдасына жариялы және ашық түрде басымдылық пен артықшылық берiлумен келгенiн, ендi сол көп жылдар бойы дала, ауыл адамдарының қалаға кеткен еселерiн жайлап қайтару керектiгiн, сөйтiп қоғамдағы адамаралық құқық теңдiгiн, жалпы әдiлеттiлiктi қалпына келтiрудiң экономикалық мүмкiндiгi де, уақыт сәтi де жеткенiн аса бiр жiгерлi, сенiмдi түрде жариялау қажет. Бұл бiр жағынан аса тағдырнамалы, бәтуалы (принциптi) мәселе екенiн және оның шешiле бастауын бұдан әрi кешiктiру, бiртiндеп күрделенiп, тiптi мемлекеттiк деңгейде тиiмсiздiкке апаратынын ескеру керек. Егер бүкiл республика халқының басым көпшiлiгiнiң (яғни барлық ауыл тұрғындарының) жылдар бойы аса бiр сабырлылық пен төзiмдiлiк көрсетiп, барлық қиыншылықтарға түсiнiстiкпен қарап келгенiне орай, ендi бүгiн олардың өмiр сүру деңгейiн түбегейлi жаңартып, бiржола көтеруге бағытталған жоғарыда айтылған өзiнiң алып та ауқымдылығы, әлеуметтiк маңыздылығы, жаңашыл батылдығы жағынан ең үздiк ғасыр жобасы деуге жататын ауыл өмiрiн қала деңгейiне көтеру жоспарын қолға алып, оны iске асыруға кiрiсетiн болсақ, онда ауыл туралы арнайы заң қажет. Шынында да жан-жақты пысық ойластырылған, туындауы мүмкiн кез келген сұрақтарға түбегейлi де айқын жауап беретiн арнайы заң болмайынша, осы уақытқа дейiн ешбiр жерде күн тәртiбiне қойылып көрмеген (құдай бiледi солай болар) осыншалықты ауқымды да абыройлы мәселенi әттегенайсыз шешiп, үдесiнен шығу, әрине оңай болмайды.
Сондықтан да Ауыл туралы заңның өмiрге дәл қазiр келуiн қазiргi нақты жағдайлардың өзi талап етiп отыр десек, ол талас тудыра қоймас. Керiсiнше, бұл өзi бiздiң қазiргi дамуымыз бен экономикалық қуатымызды, бейбiтшiл саясатымызды, ұлттық амбициямызды сипаттайтын, сонымен қатар халықшыл елдiгiмiзге сай келетiн дер кезiнде жасалынған дәуiрлiк бастама болатыны хақ.
Қазақ халқы дәл бүгiнгi қолайлы сәтiн өте ұзақ күттi. Осы ұзақ та ауыр жолда “Мың өлiп, мың тiрiлдi”, бiрақ бәрiне төздi, шыдап бақты. Ендi өзi туралы да, жоғарыда айтылғандай өзiнiң сыңары - Ауыл туралы да тағдырлы тоқтам, кесiмдi шешiм жасайтын кезi келдi. Бұған құдай да, құдай дейтiн адам да жә дей қоймас, сiрә.
Тойым ЖҮНIСОВ,
еңбек ардагерi,
Мақтарал ауданының Құрметтi азаматы
Оңтүстік Қазақстан облысы