Анарбек ОРМАН, «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасары, ОҚОФ төрағасы:
2016 ж. 09 наурыз
1874
0
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындауға байланысты 21 қаңтар күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Үндеу тастады. Өз Үндеуінде Елбасы:
«Бүгінде біздің ел күрделі жаһандық саяси және экономикалық үдерістерге тап болып отыр. Энергия қуатын беретін өнімдер бағасының құлдырауы нәтижесінде көптеген елдерді жайлаған экономикалық дағдарыс бүкіл әлемдік экономикаға және оның ажырамас бөлігі ретінде біздің елімізге де елеулі ықпал етуде. Осы бір қиын уақыт ел алдына өте күрделі міндеттер мен сын-қатерлерді тосып отыр.
Халықаралық ахуал да күрделене түсті. Жетекші мемлекеттер арасындағы қайшылықтар ұлғайып, олардың санкциялық текетіресі күшейе түсуде. Сарапшылардың көпшілігі әлемдік державалар арасындағы келіспеушілік «қырғиқабақ соғыс» аяқталғаннан бері дәл қазіргідей ушығуға жетпеген еді деген пікірде. Осындай жағдайда өңірлік жанжалдардың жаңа ошақтары пайда болуда. Террорлық қатер де ұлғайып келеді. Босқындардың жаһандық толқыны планетаның жаңа өңірлерін бірінен соң бірін басып қалуда. Әлемдік сауда көлемі төмендеп, қор нарықтары құлдырауда. Іс жүзінде әлемнің барлық валюталары девальвацияға ұшырады. Осының бәрі өңірлік және ұлттық экономикаларға теріс ықпалын тигізеді. Осы бір күрделі ахуалда біздің бәріміз үшін ең маңыздысы – ысырапсыз өмір сүру, ресурстарды үнемдеу, жұмыс орындарын сақтау екенін түсіну. Үкімет пен Парламентке бұл жағдайда бірлесіп, жинақы жұмыс істеп, жедел шешім қабылдау қажет. Біздің халқымызға бұрынғыша бірігіп, осы күрделі уақытта кез келген ықтимал арандатуларға, қажет болса, заңнамалық тұрғыдан тойтарыс беру керек. Ол жағдайдың нашарлауына кінәлілерді іздеп, саясиландырғысы келетіндерге де қатысты. Бұл – жаһандық үдеріс, оған бірде-бір ел, соның ішінде Қазақстан да ықпал ете алған жоқ. Сондықтан бәріміз топтасып, бір-бірімізге көмектесуіміз керек» - деп өз халқына үлкен үмітпен сенім артып отырғандығын айтты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің өткен 5-інші шақырылымы үлкен жұмыстар атқарды, әсіресе бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мақсатында Парламент қабырғасында өте маңызды заңдар қабылданғанын айтып өткім келеді. Оның ішінде біздің «Ақ жол» партиясының елеулі үлесі бары анық. Әсіресе, шағын және орта бизнесті қолдау саласында еңбегі өте зор. Кәсіпкерлік Кодексіне орта бизнеске қатысты өзгерістер енгізу қаншалықты қиындықтар мен кедергілерге кездесті, бірақ соңында орта бизнес өкілдерін қорғайтындай заң актісіне қол жеткіздік. Осы Кәсіпкерлік Кодекстің жобасы бойынша жұмыс тобын «Ақ жол» партиясының көшбасшысы Азат Перуашевтің өзі басқарғанын, оның ерекше еңбегін айта кеткеніміз жөн болады. Сол сияқты Инвестицияға қатысты заңнамаларды қазіргі заман талабына сәйкестендіруде, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері бойынша, шенеуніктер жемқорлығы мен бизнестегі заң бұзушылықтарды бөліп қарау мәселесінде, жалған кәсіпкерлік мәселелері бойынша, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері бойынша жетістіктерге қол жеткіздік. Сондай-ақ, қол жеткізе алмаған жобалар да болды. Оған біздің партия фракциясының небәрі – 8 депутаттан болғандығының да әсері тигені сөзсіз. Дегенмен, Парламентте қабылданған заңдардың қай-қайсысы да ел өмірін өркендетудің жолын қарастырғаны анық.
Ендігі мақсат – осы заңдарды дұрыс қолданып, Елбасымыз көрсетіп берген реформалардың жүзеге асуын қамтамасыз ету. Ол үшін болашаққа жаңа көзқараспен қарайтын тың күштер қажет, жаңа бастамалар мен идеялар қажет. Оның үстіне шешім саяси элитаның жаңаруына жағдай тудырады. Сондықтан, депутаттыққа уақыт сынына төтеп бере алатын, білімі мен тәжірибесі жеткілікті, халық мойындаған, көпшіліктің ойында жүрген азаматтар сайланғаны жөн.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өз Үндеуінде үлкен сенім білдіріп отыр, біз оны ақтауға бар күшімізді салуымыз қажет.
"Қазақ үні" газеті
Мақаланың жариялану ақысы «Ақ жол» партиясының сайлау қорынан төленді.