«Ақ жол» партиясы «Мен отандық тауарды таңдаймын!» акциясын өткізді
2016 ж. 01 наурыз
2032
6
«Ақ жол» партиясының республикалық сайлауалды штабы Астанада «Мен отандық тауарды таңдаймын!» атты акциясын өткізді. Мемлекет басшысының бастамасына қолдау ретінде қолға алынған шара тек қана қазақстандық тауар сатылатын шағын маркетте ұйымдастырылды. Партия төрағасы Азат Перуашев отандық экологиялық таза азық-түлікті ілгерілету жұмысын жүйелі жүргізу қажеттігін атап өтті.
«Осындай мақсаттағы дүкендер желісінің пайда болғаны өте маңызды, біріншіден, біз өзіміздің өнім өндірушілерге жол ашып отырмыз. Бүгінде көптеген азаматтардың бойында патриоттық сезімнің оянып жатқаны рас. Екіншіден, осындай жүйе арқылы біз отандық өнім өндірушілерді тауардың сапасына зор көңіл бөлуге ынталандырамыз. Өйткені ішкі бәсеке үлкен болады. Үшінші маңызды мәселе, қазақстандық өнім таза болып келеді. Бізде әзірге түрлі химикаттарды пайдалану кең тараған жоқ», – деді «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев.
Партия жетекшісінің айтуынша, «Ақ жол» отандық өнім өндірушілерге үлкен нарыққа шығуға көмектеседі. Олардың жолында кездескен кедергілерге дер кезінде назар аударып, қол ұшын беруге қашан да дайын.
– Біз қазір босап тұрған сауда сөрелерін толтыруға көмектесеміз. Отандық тауар өндірушілермен әңгімелестік, олардың проблемаларын талқыладық. Біз, әрине, бизнеспен тікелей айналыса алмаймыз, бірақ өндіруші мен сауданы байланыстыра аламыз. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, экономикалық ұлтшылдық көптеген елдердің дамуына оң ықпал етіп, тиімділігін көрсетті, - деді А.Перуашев.
Акцияға партия төрағасы Азат Перуашев, Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Серікбай Тәшенов, Асқар Смағұлов, Дмитрий Васильев, Қайырбек Кемеңгер, Мақсат Раманқұлов, Руслан Арынғазин, Берік Дүйсенбинов, Әсет Атабаев басқа да партия белсенділері қатысты.
Акция барысында ақжолдықтардың өздері де шағын маркетте сауда сөрелеріне қойылған отандық азық-түлікті сатып алды.
"Қазақ үні" газеті
Мақалалардың жариялану ақысы «Ақ жол» партиясының сайлау қорынан төленді.