"Ақ жол" тұрғындардың талабын тыңдады
2016 ж. 25 ақпан
1870
0
«Ақ жол» партиясының тізімі бойынша Мәжіліс депутаттығына ұсынылған үміткерлер өткен жексенбі күні партияның Астана қаласындағы орталық аппаратында тұрғындарды қабылдап, олардың талап-тілектері мен ұсыныстарын тыңдады.
Мәжіліс депутаттығына үміткерлер түске дейінгі уақыттың өзінде 30-дан астам тұрғынды қабылдап, оларды толғандырып жүрген сан алуан мәселелерді естіп білді. Атап айтқанда, елордада тұратын бір топ жас ата-ана қалада мемлекеттік балабақшалардың төлемақысының 70 пайызға дейін шарықтап кеткеніне қынжылыс білдіріп, өздерін мазалап жүрген осы мәселені шешуге көмектесуді өтінді.
Қоғамдық қабылдауға Астананың іргесіндегі Қоянды ауылынан арнайы келген Далабай Нұрғали мен Түймеш Болатхан бес мыңнан астам тұрғыны бар ауылда әлі күнге дейін емхананың жоқтығын айтты. Жергілікті емхананың жоқтығынан олар 50 шақырым жердегі Малиновкаға немесе 300 шақырымдай жол жүріп Көкшетауға баруға мәжбүр көрінеді. Ол ол ма, Қояндыдағы бірден-бір мектепте оқушылар үш ауысымда білім алады екен. Ал мектеп пен тұрғын үйлердің арақашықтығы ең жақын дегенде төрт шақырым. Осыншама шақырым жерді әсіресе, бастауыш сынып оқушылары ақ қар, көк мұзда, «ысқырынған» боранды күндері жаяу жүріп әлекке түсуде екен. Бұған қоса, Қояндының негізгі тұрғындарының көпшілігі оралмандар, олар болса, әлі күнге дейін тоқымдай жер теліміне зәру.
Дүрімхан Алтыннұр болса, осыдан біраз жыл бұрын жергілікті биліктен жер телімін алып, балаларымен жабылып жатып шамасы жеткенше баспана да салып алған. Бірақ көктем мен күзде жауған жауын-шашынның салдарынан салған үйлері бүгінде апатты жағдайға ұшыраған. Жанайқайын жергілікті басшыларға айта-айта әбден шаршаған екен. Бұл жолы Дүрімхан Алтыннұр ақжолдықтарға өзінің мұңын шағып, отбасын қинаған мәселені шешуге қолұшын беруді өтінді. Қояндылық тұрғындардың пікірінше, мұндай апатты үйлер мұнда біршама көрінеді. Апаттың салдары әлгі үйлердің бұрындары көл болған жердің орнына салынуынан көрінеді.
Қазіргі күні «Ақ жол» партиясының заңгерлері қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар айтқан арыз-шағымдар бойынша арнайы зерттеу жүргізіп, мәселенің анық-қанығын анықтамақ.
Жомарт Молдахметұлы
http://aikyn.kz/