Елорда әкімі ұлттық компанияларға жұмысын таңғы сағат 8.30-дан бастауды ұсынды
2016 ж. 22 ақпан
1856
0
Бүгін елорда әкімдігінде Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында дифференциалды жұмыс уақыты туралы мәселе қаралды, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Еске салайық, 1 ақпаннан бастап Астана қаласының барлық атқарушы органдары жаңа жұмыс кестесіне көшіп, жұмыс тәртібі сағат 8.30-дан бастап 18.00-ге дейін белгіленген болатын. Бұл өз кезегінде елордадық жолдарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік берді. Отырыс барысында қала көшелеріне түсетін жүктемені одан әрі азайту үшін осындай өзгерістер енгізуді орталық мемлекеттік органдар да, ұлттық компаниялар мен жеке меншік компаниялар да түсінуі керектігі баса айтылды. Бұл тұрғыда тиісті органдарға өзге құрылымдармен өзара іс-әрекетті күшейту тапсырылды.
Елорда басшысы халықпен өрт қауіпсіздігі тақырыбында түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу қажет екендігін атап өтті. Ережеге сәйкес өрт сөндірушілерге оқиға орнына жету үшін 10 минут уақыт беріледі. Қалалық өртке қарсы қызметтер уақытында келгенімен көп жағдайда үйлерге жақын бара алмайды. Тұрғындар аулаларға шлагбаумдар мен бетон қоршауларды жиі қоятындықтан қозғалыс шектеліп, өрт қауіпсіздігіне қойылатын талаптар бұзылуда.
«Бұл маңызды мәселе, мұндай кезде әрбір минут қымбат. Мәслихатпен бекітілген өрт қауіпсіздігі ережелері бар, аулаішілік жолдар ашық болуы керек» - деді Ә. Жақсыбеков.
Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша тұрғындар да жиі шағымданады. Қала әкімі сайтындағы «Халықтық бақылау» және «Виртуалды қабылдау бөлмесі» айдарларына өз бетінше орнатылған қоршауларды алып тастау туралы аптасына кемінде 5-7 өтініш келіп түседі. Бұл мәселені шешу үшін шлагбаумдарды заңсыз орнату мәселелері жөніндегі жұмыс тобын қайта құру тапсырылды. Өрт қауіпсіздігі мақсатында газ баллондар сататын орындар да тексерілмек. Бұл ретте кез келген алыпсатарлық пен күмәнді өндіріс деген болмауы керек, - деді әкімдіктегілер.
Дерек көзі: ҚазАқпарат