Әнұранның әлегі бітер емес
2010 ж. 08 желтоқсан
1602
1
Біздің елде өтпек «Азиада 2011» жетінші қысқы ойындарының әнұраны Қазақ радиосынан бастап, «НС» және «Сәлем» радиосында беріліп тыңдармандардың дауыс беруі арқылы таңдалынып алынбақ. Осыдан екі ай бұрын басталған Азия ойындарының әнұранына жарияланған конкурсың бірінші турына 105 жұмыс түсіпті. Оның ішіндегі қырық тоғызы қазақша болса, қырық бесі орыс тілінде, ал оның он бірі қазақ орыс тіпті ағылшын тілінде айтылатын аралас жолдан тұратын әндер екен. Енді осылардың ішінен үздік деп табылған ондық өзара дауысқа түспек. Қарашаның жиырмасына дейін созылатын дауыс берудің қорынтындысы желтоқсанда жария етілмек.
Бұған дейін ел арасында Ерболат Құдайбергеновтың «Мен қазақпын» әні Азия ойындарының әнұраны болады деген әңгіме тараған еді. Ерболаттан мәселенің мәнісін сұрағанымызда, әнді тиісті орынға ұсынып қойғандығымен бірге оған қажетті массовканы да жоспарлап, тек қаржының қолбайлау екенін айтқан болатын. Ерболат әннен қалайда қазақы домбыраның күмбіріне билеген ұлттық би көрініс тауып, қазақ сахарасын көз алдыңа елестетіп тұрса игі емес пе дегенді айтып ағынан жарылған еді. Осыны естіген біз әншінің игі жақсы жоспарды ойластырып қойғандығынан дәмеленген болатынбыз. Десе де әнші пара берушілік пен аяқтан шалушылық етек алып тұрған біздің қоғамда меселін қайтарушылардың табылатындығына да күмәнмен қарамайтындығын айтқан еді. Ал шынтуайтында Ерболаттың орындауындағы ән ел арасында сұранысқа ие болғанымен, келер олимпиада ойындарына таңдалынып алынған шығармалар арасынан көрінбейді. Осыдан біраз бұрын теледидардан біздегі кей жампоздар әнұранның үштілде болғанын айтса, Мақпал Жүнісова сияқты қазақ әнінің жанашырлары өзімізді өгейсіткенді қашан қоямызға салған болатын. Қалай десек те қазақ жерінде өтетін шарадан қазақтың исі шықпаса , оның қазақ үшін көк тиындық құны бар ма?