«АҚ ЖОЛ»: КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫ ҮНЕМІ НАЗАРДА
2016 ж. 02 ақпан
1779
0
«Ақ жол» партиясының жергілікті жерлердегі кәсіпкерлердің заңды құқығын қорғау жұмыстарын тұрақты жүргізіп келе жатқаны жұртшылыққа жақсы мәлім. Осындай бір қолдаудың нәтижесінде Қарағанды облысының кезекті тағы бір кәсіпкері өз жобасын іске асыруға мүмкіндік алды.
2014 жылы сәуір айында аймақтық үйлестіру кеңесі жеке кәсіпкер Г.Мұсағұлованың өндіріс нысанын аса қажет электр қуатымен жабдықтау туралы арызын мақұлдап қабылдаған болатын. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жасалған жобаның жүргізушісі Сарань қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі болып табылады. Бірақ қалалық бюджеттен аталмыш жобаға қаржы толық көлемде бөлінгенмен, одан бері бір жарым жыл уақыт өтсе де 2014 жылдың бірінші тоқсаны бойында ешқандай жұмыс басталмаған. Бұл өз кезегінде жеке кәсіпорынның жұмысына тоқтау салды. Осы мәселеге қатысты «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Қарағанды облысының әкімі Н.Әбдібековтің атына арнайы сауал жолдап, кәсіпкердің өтінішін қарап шешіп беруді ұсынған-ды. «Бұл жоба бюрократиялық бұрмалаудың салдарынан мемлекеттік сараптамада жатқанына жарты жыл болды. Сол себепті Мұсағұлованың шағын бизнесі тоқтап тұр, оны дамытуға ешқандай мүмкіндік берілмей отыр» делінген бұл хатта. Осыған байланысты аймақтан жауап келді. Қарағанды облыстық әкімдігі 11 қарашада кәсіпкердің жобасына мемлекеттік сараптама қорытындысы алынғанын хабарлады. «Қазір дайындық жұмыстары аяқталып, мемлекеттік және жұмыс комиссиялары қажет құжаттарға қол қойды» делінген жауап хатта. Сонымен қатар жобалаушы «Құрылыс консалтинг» ЖШС мекемесін жобалау-сметалық құжаттарды сапасыз дайындап, жобаны кешіктіргені үшін жауапқа тарту мақсатында сотқа арыз берілді делінген ресми құжатта. Енді кәсіпкер Мұсағұлова өз жобасын алаңсыз іске асыра алады. «Ақ жол» партиясы отандық бизнесті қолдау барысындағы жұмыстарын одан әрі жалғастыратын болады.
«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
qazaquni.kz, "Қазақ үні" газеті