ӨЛСІН ДЕСЕҢ ӨНЕРІМ, ДЕПУТАТ БОЛ, ӨРЕНІМ!
2016 ж. 31 қаңтар
6898
11
«Екі кеме құйрығын,
Ұста, жетсін бұйрығың!»
Абай
Мәжіліс сайлауы басталып, партиялар құрылтайларын өткізе бастағалы елдің бәрінің назары ұлтымыздың болашағы саналатын жас та талантты тұлғаларда – әншілерде, спортшыларда. Олар осы жиындарға қатысқандарына тура бір Мәжілістің төріне отырып үлгергендей мәз-мәйрам. Бір де біреуі «қой, қайтемін депутаттықты, менің өмірдегі орным билікте емес, өнерде ғой» демейді. Қайта Қайрат Нұртас пен Серік Сәпиев секілді «сайласа істеймін, қолымнан келеді» деп құлшынып отыр. Біз де олардың «қолынан келмейді» деуден аулақпыз. Көре алмаушылық туралы тіпті сөз жоқ. Дегенмен, Наполеондай қарадан шығып хан болған жанның: «Адамзат баласына келетін бәленің бәрі әр адамның өз орнын тауып отырмауынан басталады» деген данышпандық сөзін ұмытпағанымыз жөн болар. Бір сәт өткенімізге көз салайықшы. Парламентке барған қай өнерпаздың аты шықты? Ешқайсысының! Қайта өнері өшті. Марқұм Құдайберген Сұлтанбаев бақандай 5 жыл отырды. Сол 5 жылда шөптің басындырған жоқ. Бар бітіргені - елдің есінде қалған « Мұндағылардың бәрі де әртіс екен, тек кәсіпқойы - мен ғанамын» деген жалғыз ауыз сөзі. Нұрлан Өнербаевтың қоңыр даусы қандай еді! Түр десең түр бар, бой десең бой бар, нағыз бүгінгі күннің сал-серісі деуге лайық. Не тындырды? Түк те! Есесіне қазақ керемет бір әншісін жоғалтты. «Нұр Отанның» құрылтайында партия қатарына кіруге тілек білдірген, сол еңбегі билік тарапынан «лайықты бағасын» алып, Парламент төрінен бір-ақ шыққан Бекболат Тілеухан бауырымыз ше?! «Обалы не керек, халық үшін аянған жоқ, қаншама ұсыныс айтты, тек жоғарғы жақтан қолдау таппады ғой» дегізіп, жұрт жадында қала алды ма? Жауабы бәріңізге белгілі. Есесіне ұтылған алдымен Бекболаттың өзі, одан да бұрын - қазақ халқы. Бір ғана Ақтамберді жыраудың толғауымен қазақтың рухын дүр көтерген әнші тапқан сол өз жолымен, өзіне ғана тән сүрлеуімен дами бергенде қаншама құнды дүние өмірге келуі мүмкін еді ғой! Қазақтың рухани қазынадан қағылуына кім кінәлі? Әрине, мансапқор Бекболат кінәлі. Бір өзі бір төбе марқұм Фариза апамыз ше? «Бұл ғимаратта елдің, жердің қамы әңгіме болмайды екен» деген сөзі ғана тарихта таңбаланды. Ісі ше? Ісі – «жерді сату – анаңды сату!» деп, елге Үндеу жазған, артынан өзіне өзі қарсы шыққан Шерхан ағамызбен қосылып «сатылғанын қолдаймын» деп қолын көтергені ғана. (Рас, апамызды бүгінгі көп депутат секілді қайта сайлануға баруға ар-ұяты жібермеді, бірақ, «парламент вирусы» жұқпай да қалмаса керек, билікке жағынуды жоғарыдан бір-ақ бастап, жазықсыз қырылған Жаңаөзен жұмысшыларын жазғырумен аяқтады...). Осы жоғарыда аттары аталған парламентарийлердің бәрі жабылып, көші-қон туралы алғашқы заңды қазақ тілінде жазып шыққан мұғалім, аудандық білім бөлімін басқарған Әкім Ысқақтай жұмыс істей алмады. Неге? Себебі, өнер адамының табиғаты мен билік адамының табиғаты бір-біріне кереғар болып жаратылады. Соны білген Ататүрік «Біздің кез келгеніміз министр, тіпті премьер-министр бола алуымыз мүмкін, бірақ, кез келгеніміз өнер адамы бола алмаймыз! Сондықтан олар біздің емес, біз өнер адамының қолын сүюіміз керек» деген еді. «Ел билеу де өнердің бір түрі емес пе?» деп уәж айтатындар да табылар. Солай екені де шындық. Дегенмен, басты мәселе - талант деген нәрсенің өзінің табиғатында. Ел билеушілік талантың кем соғып жатса, оның олқы тұсын өмірлік тәжірибемен, біліммен толтыруға болады. Өйткені, бұл талант о баста көппен жұмыс істеуге бағытталған талант, ал, әншілік, ақындық немесе композиторлық таланттың орнын сен әлгілермен ешқашан толтыра алмайсың, өйткені ол жеке тұлғаға ғана берілетін талант. Алла-Тағала дауыс бұйыртпаса, Миланға барып, жүз жыл оқысаң да сенен әнші шықпайды! Жалпы, талант пен дарынды Жаратушы саған бергенде, оның қызығын сенің жеке өз басың көрсін деп бермейді. Елің көрсін деп береді! Ол сенің өз қолыңмен салып алған үйің немесе ақшаңа сатып алған көлігің емес. Сен өзің жасай алатын затқа ғана қожайынсың, Алла-Тағаланың саған дайын күйде берген дүниесіне сенің құзырың жүрмейді. Сен Құдайдан қорқатын жан болсаң, талантыңды барынша ұштай түсуге, оны мүмкіндігінше халқыңа молынан беруге міндеттісің! Дарыныңды, талантыңды, тіпті қабылетіңді жарыққа шығармасаң, оны орнымен жұмсамасаң немесе жеке басыңның мансабына, пайдасына айырбастап жіберсең, ертең Алланың алдында жауабын бересің! Бірақ, бізде Құдайдан қорқатын жан қалды ма бүгін? Ендеше, әншілеріміз де "концерт қоятын едім, диск жаздыратын едім" деп миын ашытпай, жылы жер, жұмсақ орындықта отырып, қолдағы биліктің арқасында біз де өзгелер секілді имитация жасайық, сөз жүзінде елдің қамын ойлаған болып, іс жүзінде байлықтың бір шетінен біз де асайық дейтін шығар. Президентіміз «имитацияға жол жоқ» десе де, бәрібір ол бәленің азаятын түрі жоқ, бес-алтауымыз парламентке барғаннан ешнәрсе ойылып, опырылып қалмас дейтін шығар, кім біледі... Өмірзақ Ақжігіт, qazaquni.kz