БАСТЫ БӘЙГЕ БАСТАЛЫП КЕТТІ МЕ?
2010 ж. 29 қараша
2151
0
Президенттік жүйеден парламенттік жүйе қалайда дұрыс деген қағида қатесіз деуге келмейді...
Қарашаның бірінші жартысында Президент кеңесшісі Е.Ертісбаевтың Елбасының 2012 жылғы сайлауға қатысатыны туралы мәлімдегені сол екен, саяси тыныштықты сәл де болса бұзған, елді елең еткізген оқиға орын алды. Алдымен тіркелмеген «Алға!» халықтық партиясының үйлестіру комитетінің төрағасы Владимир Козлов, оның артынша белгілі саясаткер Жасарал Қуанышәлин 2012 жылы президенттік сайлауға қатысатындықтары жөнінде мәлімдеме жасады. Оның және бірнеше себебі бар.
Біріншіден, біздің жаңа тарихымызда президенттікке таласамын деген қазақтан өзге ұлт өкілі әлі болмаған еді. Сол «дәстүрді» Козлов бұзып отыр.
Екіншіден, бұзуын бұзғанымен Козловтың өзі осы ең биік лауазымды орынға отырар адамға қойылар қатаң талаптарға барлық жағынан сай келетін жан ба өзі? «Желтоқсаншыларға» салсаңыз, ұлты қазақ емес адамның бұндай ниеті барын жария етуінің өзі дұрыс емес. «Біз енді Тәуелсіздік заманында, 25 жылдан кейін мемлекетімізді қазақ азаматы билемейтін болса, 1986 жылы не үшін алаңға шықтық, қанымызды төктік, жанымызды құрбан еттік», – дейді олар.
Желтоқсандықтар осы жерде біздің Конституциямызда «президент болуға еліміздің ұлты қазақ азаматы ғана ұсыныла алады» деген сөздің жоқ екеніне мән бермей отыр. Біз бұндай бапты негізгі заңға енгізіп, мұхит асып Америка барып, ұлты латыш немесе эстонды, словак немесе мадиярды алып келген Балтық жағалауының, Шығыс Еуропаның елдері секілді сыртта жүрген қазақты әкеліп президент сайлап алуымызға болар еді ғой. Отаршылдық езгісінен жаңа шыққан біздің елдің бұндай қадамына әлемнің дамыған мемлекеттері түсіністікпен қарар еді. Жоқ, бұндай қадамға баруға батылымыз жетпеді. Айта беретін «халықтар достығына» сына қағылады деп сақтандық.
Біз олай етудің орнына «...соңғы он бес жылда Қазақстанда тұрғылықты өмір сүрген азамат қана үміткер болады» деп жазып қойдық. Не үшін? Ресейде, Қытайда, Өзбекстанда, т.б. елдерде тұрған қазақтың мықты ұлтшыл азаматы келіп «мен боламын!» дей алмас үшін. 1995 жылы тамыз айында соңғы Конституциямыз қабылданғанда сол кезде Сарыағашқа келіп демалып жатқан Аман Түлеев «мынау мені Қазақстанға келтірмеуге арналып жазылған құжат қой» деген екен...Әйтпесе Ресейдей алып елдің өнеркәсіп өнімінің оннан бірін беріп отырған, нағыз мемлекет ішіндегі мемлекет деуге болатын өңірдің халқы, міне, жиырма жылдан асты «көкте – Құдай, жерде – Түлеев» дейді. Күні-түні тәңірінен соның саулығын сұрайды. Біз сондай асыл азаматты ең болмаса «әке-көке» деп алып келіп, премьерлік орынды да бермедік қой! Экономикамызды ұршықтай айналдырар еді-ау ол! Ал, осы жиырма жылда бізде кім премьер болып салтанат құрмады десеңізші! Облыстың бірінші хатшысының аузына қарап «Тутеволь жолдас не дейді?» дейтін дәрменсіз жабдықтаушы да, бар өнері екі ауыз қазақша сөз құрап, «менің руым – Шуылдақ!» дейтін, соған шынымен шуылдасып мәз болатын қазақтың аузын ұратын, өз ұпайын түгендеумен болған қушыкеш те, парақорлығы үшін шетелдіктер «мистер он процент» атаған сужықпас та, қытайлықтарға қарап «біздің еліміздің жерін иеленіп, оқулықтарыңа кіргізгендеріңе үзілді-қарсымыз!» деп бір жапырақ нота беруге жарамай-ақ кеткен азусыз дипломат та...
Ал, Түлеевтей азаматтар айта берсек толып жатыр. «Моңғол демократиясының атасы» атанған, бұл елдің жаңа Конституциясының авторы, Ұлы халықтық хұрал (парламент) төрағасының орынбасары қызметін абыроймен атқарған Зардыхан Қинаятұлы.
Еңбек кітапшасында «Заместитель министра водного хозяйства и мелиорации СССР -Начальник ПО «Аралводстрой» деп жазылған, сексенінші жылдардың аяғында одақтық министрліктің жұмыс көлемінің үштен бірін(!) беріп тұрған, кейін тұңғыш кәсіби КСРО Жоғарғы Кеңесінің ең үлкен «Республикааралық даму» комитетін екі жыл басқарған, біздің әкімдер «сіздің кабинетіңіздің Кремлде Горбачевтың кабинетімен көрші болғаны рас па?» деп сұрайтын, Одақ тарқаған соң бірнеше жыл ресейлік Су шаруашылығы министрлігін басқарған, 2000 жылы туған жеріне оралғанда оңтүстіктегі отандастары қызмет бермей қойып, қайтадан Өзбекстанға барып қатынап жұмыс істеуге мәжбүр болған, ақыры соның салдарынан, «қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына», елдегі әшейінде қолына су құюға жарамайтын бақырбасты немелердің қадіріне жетпей төрдегі бұның алтын басын есікке сүйреп қор қылғанына қапаланып, намыстан, құсалықтан жасына жетпей қайтыс болған Мәлік Сәрсенов; Өзбекстанда республикалық алып Агропромды басқарған, премьер-министрдің бірінші орынбасары болған Ибадулла Қалыбеков. Тағысын тағылар. Біз солардың бәріне ортамыздан ойып орын бердік пе? Жоқ. Себебі? Себеп біреу – олардың қазақ болғандығы...
Бұның бәрі қайдан шығып отыр? Бұның бәрі президенттік бәйгенің уақытынан бұрын басталып кеткендігінен, және оған бірінші болып ұлты орыс азаматтың «мен боламын» деп ұран тастап, оны қазақ азаматының қостағанынан шығып отыр.
Әрине, Владимир Козловтың да, Жасарал Қуанышәлиннің де бүгінгі күн өлшемімен алып қарағанда президенттік таққа отыру мүмкіндігі нөлге тең деуге болады. Алда не боларын бір Алла-тағала ғана біледі. Әсіресе, бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда.
Біздің елдегі тыныштық, тұрақтылықты алдамшы болмай шынайы болса ғой деп бәріміз де тілейміз, үміттенеміз. Биліктің бір қолдан екінші қолға өтуі өте ауыр болатыны анық. Міне, осындай аумалы-төкпелі кезеңде билік басына кездейсоқ адамдардың келіп қалуы ғажап емес.
Козловты саясатта кездейсоқ адам деуге келмейді, бірақ аузымен құс тістеп, елдің алдына шығып кеткен кезі болмағаны тағы да шындық. Жалпы, бұл саясаткердің ұстанған жолы Абай атамыз айтқан «асықпай жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген қазақи қағидаға барлық қазақ саясаткерлеріне қарағанда дәлірек келеді. Қарапайым халықпен қоян-қолтық араласа жүріп жұмыс істеуі кімге де болсын ұнамауы мүмкін емес. Әрине, бұндай жолды да мансұқтап, «партия емес, заңгерлік кеңсенің тірлігі істеп жүргендері» деп кіналайтын ағайындар да табылып жүр. Былтыр жолымыз түсіп, бұл партияның қандай екенін өз көзімізбен көріп, өз құлағымызбен естиік деген оймен бақандай он күн бойы партия жетекшілерімен бірге солтүстік өңірдегі төрт облысты аралап шыққанымыз бар. Сонда қаладағысы бар, даладағысы бар, еңбекші елдің бұл партияның жергілікті жерлердегі басшыларын қалай құрметтеп, қалай сыйлайтынын көрдік. Сый-құрметке ие етіп отырған не сиқыр? Ол – партия мүшелерінің, оның жергілікті ұйымдағы қызметкерлерінің халықтың мұңын мұңдауы, қара жұмыстан, адамның жүйкесіне тиетін күйбің тірліктен қашпауы.
Тек, бұл тактика Козловқа президент болуға мүмкіндік бере ала ма? Екіталай. Ықтималдығы мүлдем аз. Бірақ, болашақ бұқарамен тығыз жұмыс істейтін партияларда. Данышпан Лениннің кезінде қарапайым халықпен жұмыс істеуді табысқа жетудің ең басты алғышарты, орысша айтқанда «краеугольный камень успеха» етіп белгілеуі тегінннен-тегін емес. Ленин демекші, сол данышпанға байланысты көпке беймәлім тағы бір тәмсіл. 1921 жылы Лениннің бай-құлақтарды қайтадан жарыққа шығаруды көздеген НЭП (новая экономическая политика) саясатын қолдаушылар большевиктер арасында көп болған жоқ. Мүлдем болған жоқ. Орталық Комитетте осы мәселе қаралғанда Владимир Ильич соқа басы сопайып бір өзі қалған болатын. Лениннің от пен судан бірге өткен сенімді серіктерінің, достарының бәрі біздің желтоқсаншылдар тәрізді «бай-құлаққа билікті қайтадан беретін болсақ біз не үшін түрмеде шірідік, не үшін қанымызды төгіп, жанымызды құрбан еттік?!» деп қасарысып отырып алған болатын. Сонда Ленин байқұс «бізге аш социализм керек емес! Бұл ұсынысым өтпесе мен қайтадан бәрін нөлден, басынан бастауға, халықтың ішіне кетуге мәжбүр боламын!» деген ультиматум қойған соң ғана ұсыныс екінші рет дауысқа салынып, сонда бір ғана артық дауыспен, Лениннің өз даусының артықшылығымен өткен болатын...
Біздің елдегі саяси партиялардың барлығына дәл осы – халықпен күнделікті, етене, бірге, бірлесіп жұмыс істеу жағы жетпей жатады. Партия серкелері оның орнына шулатып митинг, жиналыс, кездесу өткізгенді дұрыс көреді. Сөйте тұра митингке халық аз жиналды деп өкпе артады. Ол партиялардан күн сайын болмаса да күнара, тіпті аптасына бір рет, ол да болмаса анда-санда, сол адамның өзіне қажет уақытта нақты көмек, кеңес ала алмаған соң «айда, аптада пайдаңды бір көрмеймін, неғылам құр арқаңды дырылдатып» деп шалының арқасын қасымай қойған Шал ақынның кемпірі секілді пайдасы жоқ партияның жиналысына, митингісіне барғысы да келмейді.
Көп адам Козловтың пейілінің шынайы екеніне сенгісі келмейді. Олар бұл ретте саясаткердің қанша жылдан бері Қазақстанда тұрса да, оның үстіне әйелі қазақ бола тұрса да қазақша үйрене алмағанын алға тартады. Бірақ, қазақша білмейтін саясаткер бізде аз ба? Олардың барлығы да сайлау бәйгесінде анау-мынау емес, академик ағаларымыз кірген комиссия мүшелеріне тілден емтиханды аман-есен тапсырып жүрген жоқ па?
Біздің бұл жерде бар айтпағымыз халықпен жұмыс істеп жатқан партияның болашағы бар, ондай қоғамдық ұйымға жетекшісі орыс екен деп менсінбей, мұрын шүйіре қарауға болмайды демекшіміз. Қайталап айтамыз, екі жылдан кейін кімнің қайда боларын бір Алла ғана біледі.
Тандемнің екінші мүшесі – Жасарал Қуанышәлинге келетін болсақ, бұл кісі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ саясатқа белсенді түрде араласып келе жатқан азамат. Оның атын шығарған екі нәрсе болды. Біріншісі – білімдарлығы, екіншісі – қайтпас-қайсарлығы. Білімінің арқасында ақтөбелік «Диапазонның» айналасына топтасқан орыс шовинистерімен бір өзі айқасып, он екі рет сот алдына барып, оның алтауы қылмыстық, алтауы әкімшілік жауапкершілік бойынша, ешбір қорғаушысыз-ақ қарсыластарын тас-талқан етіп жеңіп шықты. Жалпы, бізде Алдан Айымбетов пен Сейілбек Қышқашұлы марқұм болып кеткелі бері қазақ мүддесі десе ұялы қасқырдай біріге қалып қазаққа қарай тіке шабатындарға қарсы тұра алатын осы саясаткер деуге болады.
Бірақ, бұл саясаткерлердің қайтсек те бұл билікті ауыстыру керек, парламенттік билікке ауысу керек, онсыз күніміздің қараң болғаны болған деген ұстанымымен келісе қою қиын. Биліктің қай түрі болғанда да оның өзіне тән жақсы жағы мен жағымсыз жағы, артықшылығы мен кемшілігі болады. Президенттік жүйеден парламентік жүйе қалайда дұрыс деген қағида да қатесіз деуге келмейді. Ешқандай жүйе қателіктен, кемшіліктен, неше түрлі қылмыс пен геноцидтен адам баласының басы азат болуына кепілдік бере алмайды. Алысқа бармай-ақ өткен ғасырдағы, бүгінгі болып жатқан тарихи оқиғаларға көз жүгіртсек жеткілікті. Әңгіме билік жүйесінің түрінде емес, әңгіме соның басында отырған адамдарда. Бір адам биліктен ұзақ уақыт отыруға болмайды деген де аксиома емес. Әңгіме сол басшы адам елге қандай қызмет істеп жатыр, әне, сонда! Халқының байлығын еселеп көбейтіп отырған, сол үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген, «күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған, қара терін төккен, қызыл қанын жүгірткен, азды көбейткен, кедейді байытқан» бабаларымыздай басшылардан ел тақта ол адам қанша жыл отырса да қашпақ емес! Шамасы келсе олардан көзі тірісінде айрылмақ емес! Мохатхир Мохаммадтың 21 жыл, Ли Куанның 24 жыл, Миртемир Шаймиевтің 25 жыл ел басқарғанынан Малайзия мен Сингапур, Татарстан жаман болды ма? Американың өзі Рузвельтті төрт рет (!) қатарынан сайлап, сол үшін елдің конституциясын өзгертуге де барған жоқ па еді? Осы тұрғыдан келгенде «билік түрін ауыстырамыз» деген сөз орыстың «вместе с водой выплеснуть и ребенка» деген мақалын еріксіз еске түсіреді...
Ал, Алла-тағала беріп қалды, ертең ауыстырдық дейік. Парламенттік билікке көшіп, премьер-министр бұл күнімізге зар етсе, арғыкүні қайтадан президенттік басқаруға көшеміз дейміз бе? Жоқ, әлде монархияға оралайық дейміз бе? Сондықтан әлі де уақыт бар, әркім өз ақыл-ойымен жүреді десек те, сол жүрер жолды көп болып ақылдасып алғанымыз артық болмас.
Алмамбет ӘЗИЗҰЛЫ