ЖЕРІҢЕ ҚЫЗЫҚҚАН ҚЫТАЙ ЖЕЛІҢЕ ДЕ ҚЫЗЫҚТЫ
2010 ж. 29 қараша
1691
0
Жақында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Қайрат Келімбетов пен Қытайдың «Датанг оверсиз инвестмент» компаниясының басшысы Лю Шен Да қалпына келетін қуат көздері жобаларын дамытудағы ынтымақтастық туралы бірлескен меморандумға қол қойып, Қытай тарапы Шелек маңындағы сайда желден энергия өндіретін құрылғылар орнатып үлгерген. Енді оны ары қарай дамытып жел электр стансасына айналдырмақ ойы бар екен.
Кеше ғана қытай баспаларының Қайраттың әкесі Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» кітабын қытай тілінде айрықша жақсы безендірумен жарық көргізіп жоғары бағалағанын ескерсек, онысы «баласына сәлемдесудің сәтін салған» қытай қулығы емес пе екен деген ойға қалдырады. Қалай болған күнде де мейлі қоғамымыз мейлі жеке адамдар болсын дойбының әр тасын есепсіз баспайтын қытай жағынан бірер қолпаш-қолдау көре қалса, оның ар жағында «зымияндық қақпанның» жатқанын ойлау әсте артық емес.
Жақында ғана Үрімжіде «Экспортқа бағытталған тауарлардың ортаазиялық көрмесі» өтіп, оған қазақ бизнесмендері шақырылған. Олар Қытайдағы әріптестерімен 90 миллион теңге көлемінде сауда-саттық келісімін жасасып қайтыпты. Қытай үкіметі Қазақстаннан келетін студенттерге бөлінер квота санын да 200-ге арттырған. Биылғы қаңтар-қыркүйекте екі ел арасындағы сауда айналымы өткен жылмен салыстырғанда 51,8 пайызға өскен.
Бұған қоса қытайлық компания Қазақстанда көмір газын (жанған көмірден алынатын газ) өндіру жобасына белсене араласып жатыр, қазір олар біздің электр стансаларын газ генераторларымен жабдықтауға кірісіп жатқан көрінеді. Ал «Самұрық-Қазына» қорының басшылары болса, «табиғатты қорғауға қосар үлесін былай қойғанда, бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, жаңа инвестициялық мүмкіндіктер береді» деп құлшынып отыр.
Соңғы бірнеше жылда Қытай мұнай құбырларымен шектеліп қалмай, Қазақстанмен ынтымақтастықтың жаңа түрлеріне көше бастады, соның ішінде екеуара сауда-саттық пен экологиялық жобалар және банк саласы да қамтылған.
Демек, қытай ұстанымы экономиканы әр тұсынан құрсаулау арқылы бақталастарының өрісін тарылтып, осы жерге тамырын жайып қана қалмастан, Шынжаңдағы ұлттарды бас көтертпеудің де механизимін жасау болып табылады. Яғни, бұл елдің мұндағы ұстанып отырған саясаты желіңе ғана емес, жеріңе де ауыз салудың әр түрлі амалдарын қарастыру деген сөз.