Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар
2016 ж. 23 қаңтар
2776
2
Осы аптада еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Сондай-ақ Елбасы өкімімен ҚР Президентінің кеңесшісі тағайындалып, бірқатар ауданның жаңа әкімдері өз жұмыстарына кірісті. ҚазАқпарат осы апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.
Сонымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметіне 2017 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғандағы өкілеттік мерзімге тағайындалды.
Т.Мұсабаев 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. Рига азаматтық авиация инженерлері институтын және Ақтөбе жоғары ұшқыштар училищесін бітірген. Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының ұшқыш-ғарышкері, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы және Ресей Федерациясының Батыры. «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамының бас директоры, Қазақстанның әуе-ғарыш агенттігінің директоры қызметтерін атқарған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы болды. І дәрежелі «Барыс», Отан, Халықтар достығы, Австрияның «Күміс Қыран», Ресейдің «1 дәрежелі Ұлы Петр» ордендерімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Өкімідерімен Данияр Айтмұхаметұлы Айтмұхаметов Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жауапты хатшысы, ҚР ҰҚК Үкіметтік байланыс қызметінің директоры міндетін уақытша атқарудан босатылған Мархат Даниярұлы Арунов аталған қызметтің директоры болып тағайындалды.
Инвестициялар және даму министрлігі этика жөніндегі уәкіл өз қызметіне кірісті. Енді бұл министрліктегі этика жөніндегі уәкіл - Тимур Серікұлы Тоқтабаев болады. Т.Тоқтабаев Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясын, Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Көкшетау мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2003 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің органдарында офицер қызметтерін атқарып, бастаған. 2006 жылы «Қазгеоақпарат» республикалық геологиялық ақпарат орталығы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған. 2008 жылдан бастап Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің Жер қойнауларын пайдалану департаментінде директор орынбасары, басқарма басшысы қызметтерін атқарған. 2010 жылы «Тау-Кен-Самұрық» Ұлттық тау-кен компаниясында құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры қызметіне тағайындалды. 2011 жылдың тамызынан бері сол кездегі Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде жер қойнауын пайдалану департаменті директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. Қазіргі таңда Инвестициялар және даму министрлігінің жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры қызметін атқарады.
Еркін Мұстафаұлы Шаймағамбетов ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитеті (ҚазҒарыш) жетекшісінің уақытша міндетін атқарушы қызметіне кіріскені белгілі болды. Ол 1974 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданы Тасбөгет кентінде дүниеге келген. Үйленген, бір ұлы бар. 1998 жылы Мәскеу мемлекеттік авиация институтын тәмамдаған. Қызмет жолын «Байқоңыр» ғарыш айлағында бастаған.
Қазақстан Республикасы Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Сенат аппаратының басшысы қызметіне Серік Сіләмжанұлы Сыдықов тағайындалды. С.Сыдықов 1962 жылы туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетн бітірген. Қазақстан Республикасының парламентінде 1995 жылдан жұмыс жасайды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында консультант, құықтық сараптама бөлімінің сектор меңгерушісі, сараптама бөлімі меңгерушісінің орынбасары, әкімшілік бөлімінің меңгерушісі, аппарат басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. «Құрмет» орденімен, «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталған.
Отырар ауданының жаңа әкімі болып Ерлан Айтаханов тағайындалды. Ерлан Қуанышұлы 1971 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы бойынша экономист, заңгер, экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын Қазақстан банктерінің бірінде экономист болып бастаған. Кейін «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында басшылық қызметтерде болды. Қазақстан Республикасы табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінде түрлі қызметте болды. Ерлан Қуанышұлы Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарған. Ал 2014 жылдың қазанынан ОҚО әкімінің орынбасары болып еңбек етті.
ШҚО әкімінің өкімімен Ұлан ауданының жаңа әкімі тағайындалды. Бұл қызметке Дәулет Батырбаев келді. Ол 2012 жылдан аталған аудан әкімінің орынбасары, ал 2014 жылдан аудан әкімінің м.а. болып қызмет етті. Дәулет Батырбаев 1976 жылы Семей қаласында туған.1998 жылы - «Семей» Мемлекетік университетінде, 2001 жылы Новосибирск гуманитарлық институтында оқыды. 1999 жылдан бизнес-құрылымдарында жұмыс істеді. Мемлекеттік қызметтегі жұмысын Өскеменнің Кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқырмасында 2009 жылы бастады. Кейін Меновнов ауылдық округы әкімінің орынбасары болды. 2011-2012 жылдары ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы болып қызмет етті. 2012 жылдың шілдесінде Ұлан ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 2014 жылдың желтоқсанынан аудан әкімі міндетін орындады.
Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының әкімі болып 40 жастағы Асқар Ыдырысов тағайындалды. Ол осыған дейін «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында қызмет еткен. А. Ыдырысов 1975 жылы туған. Екі жоғары білімі бар. 1997 жылы Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін, ал 2005 жылы Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық университетін аяқтады. 1999 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Орталық органдарда түрлі қызметтерді атқарды. ҚР шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттікте жетекші маман, бас маман болып қызмет істеді. 2008 жылы ҚР Индустрия және сауда министрлігінің стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры қызметіне тағайындалды. 2008-2012 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы болып істеді. 2012 жылдың қазан айынан Асқар Ыдырысов Қарағанды облысы әкімі аппаратының басшысы, кейін Сәтбаев әкімі қызметтерін атқарып келді. Осы тағайындауға дейін Астанадағы «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында аудит қызметінің басшысы болған.
Мирболат Сүйеуұлы Нұртазин ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. 1956 жылы Қазталов ауданы Таскүтір елді мекенінде дүниеге келген М.С.Нұртазин Саратов мемлекеттік педагогикалық институтын, Орталық Азия университетін бітірген. Еңбек жолын Кузнецов мектебінде мұғалім болып бастаған ол содан кейін Камен (қазір Тасқала) аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, Тасқала ауданы әкімі аппараты бөлім меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі, БҚО әкімі аппараты ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмыстарының бас маманы қызметтерін атқарды. 2000-2014 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары, тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі, 2014 жылдан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі, басшының орынбасары - тәртіптік кеңес төрағасы міндетін атқарушы болды.
«Самұрық-Қазына» АҚ құқықтық және тәуекелдер басқару жөніндегі басқарушы директор болып Ғани Битеновтағайындалды. Ол ҚР Президенті жанындағы Қазақ менеджмент, экономика және болжау институтын (КИМЭП) бітіріп, Гарвард университеті мен басқа да танымал халықаралық институттарда біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Оның құқық докторы (DoctorofCivilLaw), McGillUniversity (Канада, Монреаль қ.) атағы бар және Халықаралық Шанхай арбитраж орталығының арбитрі секілді тәжірибелері де жеткілікті. Халықаралық (Bracewell&Giuliani) және қазақстандық заңгерлік компанияларында 10 жылдан астам уақыт жетекші қызметтер атқарған. Жүздеген миллион долларлық ауқымды жобаларда Еуропа қайта құру және даму банкі, MerrillLynchInternational, JPMorganChaseBankN.A. сынды әлемдік деңгейдегі ірі инвестициялық банктердің мүддесіне өкілдік жасаған.
Степногор қаласында жергілікті полиция қызметінің басшысы тағайындалды. Бұл қызметке Әсет Омаров келді. Ол 1980 жылы туған. 2004 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Ішкі істер органдарында 1998 жылдан бастап еңбек етеді. 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап, қазіргі кезге дейін Степногор қалалық ІІБ басшысының орынбасары болды.