Ел Парламенті өз миссиясын орындай алды ма?
2016 ж. 20 қаңтар
6805
27
Қазақстан Парламенті мәжілісі депутаттары Президент Нұрсұлтан Назарбаевтан мәжілісті мерзімінен бұрын таратуды сұрағаны мәлім. Нақтырақ айтқанда, Мәжіліс отырысында Парламенттегі үш партия – «Нұр Отан», «Ақ жол» және «Қазақстан халықтық коммунистік партиясы» фракциялары атынан мәжілісті тарату туралы өтінішті депутат Владислав Косарев жасады. Ол депутаттардың бесінші шақырылымдағы Парламентті таратып, елде жаңа сайлау өткізуді сұрады. Депутаттар мәжілісті тарату ұсынысын «әлемдегі жүйелік дағдарыс» және оған қарсы тұру қажеттігімен түсіндірді.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты арқасында бізде әлемдік дағдарысқа қарсы тұруға ғана емес, жаңа әлемдік жағдайдағы дамудың нақты стратегиямыз бен ұлттық жоспарымыз бар. Қазір жаңа тарихи кезең туып келеді. Елде модернизация басталып жатыр және Президент реформасының барлық бағыты бойынша іске асуы үшін партиялардың сайлаушылар тарапынан жаңа мандатқа ие болғаны маңызды» деді Косарев. Оның айтуынша, мұндай жауапты кезеңде дағдарысқа қарсы шараларды белсенді жүзеге асыру үшін «қоғамның ұйысуы қажет». Косарев қазіргі Мәжіліс өзінің тарихи міндетін орындап, ұлт жоспарының заңдық негізін құрып, сексендей заң қабылдағанын айтты. Ол бұған қоса депутаттар барлық деңгейдегі реформаларды бірдей іске асыру үшін Парламент сайлауын жергілікті мәслихат сайлауымен бірге өткізу керегін де ұсынатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл сайлау кезеңін ұзаққа созбай, сайлауды ұйымдастыруға бөлінетін бюджет қаржысын үнемдеуге көмектеспек.
Ал Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясының фракциясы кезектен тыс сайлауды Қазақстанның болашағы үшін тарихи маңызы зор шешім деп санайды. Мәжілістің жалпы отырысында бесінші сайланған Парламент Мәжілісінің өзін-өзі тарату және жаңа сайлауды тағайындау туралы ҚР Президентінің атына жолдаған Үндеуін жариялаған депутат Нұрлан Әбдіров осылай мәлімдеді.
Жалпы, бұл бастаманы Мәжілістегі үш партиялық фракция басшылары мен мүшелері де қолдап отыр. «Бүгінде жаһандық жүйелі дағдарыс әлемнің барлық елдерін, тіпті, дамыған жетекші мемлекеттерді де қамтуда. Әлемдегі күрделі геоэкономикалық және геосаяси ахуал халықаралық шиеленістің артуымен, жаңа қақтығыс ошақтарының пайда болуымен, лаңкестік қауіп-қатердің күшеюімен қатар өрбуде. Қазақстан егемен ел ретінде дамып келе жатқан жиырма бес жыл ішінде әлемдік дағдарыстардың сын-қатерлерімен сан мәрте бетпе-бет келді және біз олардың барлығына лайықты тойтарыс бере білдік. Тіпті, біз ондай кезеңдерді әрдайым дамудың жаңа сапалық деңгейіне шығудың мүмкіндігі ретінде пайдалана білдік. Сол себепті, біздің еліміз әрқашан, әрбір дағдарыстан жаңғырған, қуатты ел болып шығып келеді» деді Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы мүшесі Нұрлан Әбдіров.
Соған орай, кезектен тыс Парламент сайлауын өткізуге қатысты сауалға ҚР Президентінің кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Дәурен Абаев: «Депутаттардың Мәжілісті тарату мен мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы бастамасы жөнінде Президент, әрине, хабардар. Бұл мәселе бойынша әзірге шешім қабылданбады. Өйткені, жан-жақты сараптау қажет. Нұрсұлтан Әбішұлы, алдымен қоғамның және елдегі жағдайды ескере отырып, таразылайды деп ойлаймын. Сондай-ақ, Конституцияға сәйкес, Елбасы Парламенттің қос палатасының спикерлерімен және Премьер-министрмен кеңес өткізеді. Осыдан кейін ғана нақты шешімді білетін боламыз» деп мәлімдеді.
Ал Мәжілісте өткен брифингте Парламенттегі «Ақ жол» партиясы фракциясының төрағасы, депутат Азат Перуашев: «Бүгінгідей еліміз үшін аса маңызды әрі жауапты кезеңде жыл бойы сайлауға алаңдамай Парламенттің кезектен тыс сайлауын неғұрлым қысқа мерзімде өткізу керек деп санаймыз» деді. Бұл ретте депутат «Ақ жол» партиясының фракциясы бесінші шақырылған Мәжілістің өзін-өзі таратуын толығымен қолдайтынын мәлімдеді.
Қазіргі Парламент 2015 жылы ұлттық заңнаманы нығайту бағытында қыруар заң жобаларын қабылдап, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған құжаттарды әзірледі. Енді Қазақстанда саяси реформалардың кезеңі келді, дейді Қазақстанның Комунистік партиясы фракциясының депутаты Галина Баймаханова. «Депутаттық корпустың мерзімнен бұрын Парламент сайлауын өткізу туралы үндеуі, бір жағынан, болжанған оқиға. Бұл реформаларды практикалық тұрғыда жүзеге асыратын қадам деуге болады. Бұл қадамға бармасақ, қазіргі Парламенттің жұмысы жанданбайтын еді. Себебі, бес институттық реформа үшін қазіргі мәжіліс заңнамалық негізді толық қалыптастырып берді. Енді нақты іс-қимылға көшетін кез келді» дейді Г.Баймаханова. «Ең бастысы, қазір орталық мемлекеттік органдар өңірлермен ынтымақтаса жұмыс істеуі керек. Бұл оқиғаның болатыны анық еді, себебі саяси реформалар халықты бір мақсатқа жұмылдыра білуі тиіс. Қоғамның шоғырлануы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі. Сондықтан, Коммунистік партия осы үндеуді қолдады. Парламент күзден бері қыруар заң жобаларын қабылдап, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған құжаттарды әзірледі. Енді саяси реформалардың кезеңі келді. Коммунистік партия осы кезеңнің басталғанын қолдайды» деп түйіндеді өз ойын депутат.
Мәжілістің кезектен тыс сайлауы наурыз айында өтуі мүмкін. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында Палата төрағасының орынбасары Абай Тасболатов мәлім етті. «Конституцияға сәйкес, Қазақстанда сайлау Мәжіліс тарқағаннан кейінгі екі ай өткеннен соң тағайындалуы мүмкін. Одан бұрын өткізу мүмкін емес. Сондықтан да, сайлау меніңше, наурыз айының соңына таман тағайындалып қалуы ғажап емес» деді журналистерге берген сұхбатында Абай Тасболатов.
Мұндай пікірді басқа депутаттар да құптайды. Мәселен, депутат Тұрсынбек Өмірзақов Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы екі айдан бұрын өтпейтінін алға тартады. Ал депутат Мұхтар Тінікеев өз кезегінде Президент Мәжілістің үндеуіне қолдау білдіріп, жақын аралықта сайлау өткізуді қолдайды деген ойын білдірді.
Ал ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Талғат Ерғалиев: «Парламент пен мәслиxат сайлауын қатар өткізу экономикалық тұрғыда тиімді. Біздің әріптестердің Парламент сайлауын кезектен тыс өткізу туралы ұсынысы орынды деп есептеймін. Қазір басқа уақыт келді. Біз жыл сайын 150 заңнамалық акті қабылдап келген болатынбыз. Осы уақыт аралығында біз нашар жұмыс істеген жоқпыз деп санаймын Біз xалықпен, азаматтармен бірігіп, елімізде «100 нақты қадам» реформасын орындау аясында жұмыс жасауымыз керек. 2016 жылы бұл реформалар жүзеге асырыла бастайды. Осы жобаларды іске асыру үшін бізге бірігу қажет. 2014 жылдан бастап, жергілікті атқарушы органдарға үлкен құзыр бердік. Сондықтан, Парламент пен мәслиxаттың сайлауын қатар өткізу экономикалық тұрғыда тиімді деп есептейміз. Төрт жыл ішінде бізге берілген функцияларды біз толық атқарып шықтық. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреттілігі артқаннан кейін, оған жаңа күш, жаңа көзқарас, жаңа азаматтар келгені дұрыс. Бұл бастама дер уақытында көтерілді, біз оны қолдаймыз» деді депутат.
«Дүниежүзілік дағдарыс кезінде Елбасының Ұлт Жоспарына байланысты реформаға парламентпен 59 заң қабылданған. Сол заңдардың барлығын іске асырып, қоғамға ертең жұмыс істеуі үшін парламенттегі үш фракция да осындай ұсыныс берді. Бұл науқан, менің ойымша, жергілікті мәслиxатпен бірге өтуі керек. Себебі жергілікті атқару органдарына байланысты үлкен заңдар қабылданған. Мәслиxатқа, жергілікті әкімдіктерге үлкен жағдай жасалған, себебі бүгінгі күнде олардың өз бюджеті бар. Сондықтан, реформалардың көбі мына жергілікті органдардың жұмысына байланысты да. Өтініш берген себебіміз, жаңа парламентпен, жаңа мәслиxатпен ертең Елбасы тапсырмаларын, реформаларымызды жүзеге асырып, қоғамға, xалық игілігіне жұмыс жасауына жағдай жасау. Екіншіден, бұл реформа тек қана Парламент пен үкіметтің жұмысы емес, қоғам болып, ел болып, бұл жұмысты бірге атқаруымыз керек. Сонда ғана біз нәтижеге жетеміз. Алдымызға қойған мақсатымыз күні ертең орындалатын болады деп ойлаймын» деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Жазылбеков. «Жаңа Парламент қанша партиядан құрылуы мүмкін?» деген сауалға депутат: «Қоғам Парламентке қанша партия келуі керектігін өз шешеді. Халық таңдап, өз бағасын беріп, қай партия қалай жұмыс істеді, қайсысы елге сенім ұялата білді, соған байланысты болады», – деп қысқа қайырды. Сонымен қатар, Мәжіліс Президент шешім қабылдағанға дейін қалыпты тәртіппен жұмыс істей береді. Бұл – Мәжілістің жалпы отырысында палата Төрағасы Қабиболла Жақыпов айтқан уәж. «Бүгін тарихи Үндеу қабылдадық. Мәжіліс аппараты Президент атына жолданатын Үндеуді ұйымдастырады. Ал Елбасы бір апта, он күн шамасындағы тәртіппен қарайтын шығар. Сосын өзінің шешімін қабылдайды. Бұның тәртібі сондай» деп атап өтті жиынды қорытындылаған палата спикері. Сонымен қатар, спикер депутаттардың жұмысына сәттілік тіледі. «Бізге бұдан кейінгі шақырылымдарда да кездесуге жазсын. Мен осыны тілеймін. Ал енді қандай да бір мәселелер болса, біз хабарлап отырамыз, дегенмен жұмыс тәртібіміз бұрынғы режимде сақталады», – деді Қ.Жақыпов.
107 депутаттан тұратын Қазақстан Парламенті мәжілісі бес жылда бір рет сайланады. 98 депутат партиялық тізім бойынша сайланады, ал тоғыз депутатты Қазақстан Халқы Ассамблеясы таңдайды. 2012 жылы 15-қаңтарда өткен бесінші шақырылымдағы Парламент мәжілісіне «Нұр Отан», «Ақ жол» және «Қазақстан халықтық коммунистік партиясы» өкілдері өткен.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті