БАЛАЛАРЫМЫЗДЫ БОДАНДЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕП ЖҮРГЕН ЖОҚПЫЗ БА?
2010 ж. 22 қараша
2104
1
Осыған қарап-ақ біз үнемі үлгі ете беретін аузын айға білеген Американың да білімнен қара үзіп тұрғаны шамалы екен.
«Медальдың екі жағы болады»-, деген тәмсіл бар. Оның сыртында «таяқтың бір ұшын бассаң бір ұшы басыңа тиеді» дейді халық нақылы.
«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алып», бір құрлықтан бір құрлыққа дейін көзді ашып жұмғандай уақытта бара алатын заманда пенделік құндылықтардың алға шыққаны қалай?
Мәселен, қазір кез-келгеніміз «ой, шет елің мықты, шет елде олай емес, былай» деп шыға келеміз. Құдды күнде бәріміз америкадан сәресі, түркиядан түстік, қытайдан кешкі ас ішіп жүргендей көсілеміз. Ал тапқан табысымыз шет ел тұрмақ Қазақстанды толық қыдыруға жетпейді. Сонда біз шет ел мықты дегенді қайдан шығарып жүрміз. «Америка мықты, Қытай сесті, Ресей есті» деп өзгелердің дәргейіне жармасып жарамсақтанған да ұтарымыз кәні? Қазір кейбір жұрт «айналайын, Қытай, Қытай болмаса аштан өлерміз, ішкеніміз қытайдың тамағы, кигеніміз қытай киімі» деп көсемситін болыпты. Ондағы ойымыз: мынау «білгіш десін», «жұрт ойпыр-ай» десін деген демагогтік «дерт». Астарына үңіліп жатқан ешкім жоқ. Сол баяғы өзімізді өзіміз қор санайтын кеңестік қасіреттің қалдығы.
Тағы бір ұшы өзіміз пұшпағын илеп жүрген ақпарат құралдарының «әлеуләйы». Демократия осы екен деп өз елімізді өзекке тепкенде шыққан мүйізіміз қайсы? Қайта керісінше егемендігімізді алып, өзімізге өзіміз енді сеніп келе жат-қан жоқпыз ба? Ділімізге «төсексіз төркіндеп кеп, қожайынға айналып шыға келген өктем саясатты, отарлаушы ниетті», енді ғана қуып шығып, соның орнында қалған «кір-қоқысты» әлі тазалап жүрген жоқпыз ба? Осы дертті тәуелсіздікпен құрдас ұрпақ бойына жұқтырмай өскені керек емес пе?
Ал біз болсақ, баламыздың көзінше американы, қытайды, орысты, еврейді мақтап ақ тер көк тер боп жатамыз. Сонда ертең неміс кеп, кәріс кеп, үйімізге отау тігіп жатса, «менің төрімде нағып отырсың» деп айтудың орнына балаларымыз құрмет көрсетіп жатса, бодандық дегеніміз сонда басталмай ма?
Ұлттық рух деген-ұлтты сүюден басталмай ма?
Мектепте Қазақстан туралы әдемі әсермен келген балаға, шәй ішіп отырып, шет елді мақтасақ, отаншыл көкөрімнің ойы онға, саны-саққа бөлінбей ме?
Сондықтан да өз балаңыздың ұлттық рухын өзіңіз көтеріңіз? Ертең Қазақстан әлемдегі елу елдің басында тұрады? Оған біздің мүмкіндігіз бар.Бүгінгі жасалып жатқан әрбір іс соған апаратын қадам? Қазіргі күжірейіп тұрған Қытай да, анау біз үлгі ете беретін Америка да иммунитеті төмендеп, қазақты қадірлейтін болады десек бір жерімізге біреу біз сұға ма?
Еврей «баласын өйтіп тәрбиелейді, орыс бүйтіп тәрбиелейді, қытай былай үйретеді» дегенде алдымызға жан салмаймыз. «Қазақтай баласын ешкім тәрбиелей алмайды», - деп неге өзеуремейміз? Неге бәрін біліп тұрып өз баламызды тәрбиелей алмаймыз? Сонда сіздің балаңызды еврей келіп тәрбиелеп беру керек пе?
Ерғазы Манапұлы
Талдықорған қаласы