Н. Назарбаев: Барлық деңгейдегі атқарушы билік тұрақты негізде халыққа есеп беріп отыруы тиіс
2016 ж. 02 қаңтар
2294
1
Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кеңеске Премьер-Министр К.Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Н.Нығматулин және Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.Майлыбаев қатысты.
Мемлекет басшысы еліміз өткен жылды әлемдік нарықтағы күрделі жағдайға қарамастан, жақсы экономикалық көрсеткіштермен аяқтағанын атап өтті.
- Біз Бес институционалдық реформаны жүзеге асыруды бастайтын ең күрделі кезеңге келдік. Ауқымды дайындық жұмыстары атқарылды, тиісті құжаттар қабылданды. Президент Әкімшілігі, Үкімет, әрбір министрлік және әкімдіктер қойылған міндеттерді нақты орындауға атсалысуы қажет. Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия қызметін жалғастырып, менің алдымда есеп беретін болады және барлық бағыттар бойынша қандай да бір босаңсуға жол бермеуі тиіс, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев реформалардың уақтылы және тиімді жүзеге асырылуының маңыздылығын атап өтті.
- Мемлекеттік қызметті жетілдіру жұмысын орталықта да, жергілікті жерлерде де жүргізу керек. Заң үстемдігін қамтамасыз ету аясында сот жүйесінің өзі де өзгерістерге бастамашы болуы қажет. Сонымен қатар, Патриоттық акт қабылдау жоспарланып отыр, онда халық бірлігін, толеранттылық пен сенімді одан әрі нығайту жөніндегі қызметтің негізгі бағыттары көрсетілетін болады. Сондай-ақ есеп беруші мемлекет қалыптастыру міндетіне сәйкес, барлық деңгейдегі атқарушы билік тұрақты негізде халыққа есеп беріп отыруы тиіс. Жалпы алғанда, нәтижеге басшылар жеке жауапты болады. Бұл ретте, реформаларды көзбояушылыққа айналдыруға жол беруге болмайды. Өзгерістерді жүзеге асыруға кедергі болатындар лауазымынан босатылады, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
qazaquni.kz