Тәуелсіздік күнін елемейтін шенеуніктер Тәуелсіз Қазақстанда қызмет етпеуі керек
2015 ж. 19 желтоқсан
3459
1
Алматыны 8 жыл басқарып, бірақ, бірде бір рет қасиетті мерекеде тағзым етпеуінің себебін Ахметжан Смағұлұлы 15-ші желтоқсан туған күнінде қаладан кетіп қалуымен түсіндірген болатын. Алайда, бұл жолы бүкіл елдің алдында “міндетті түрде қалада боламын” деп жігітше сөз берген еді.
16 желтоқсан күні “31 арна” тілшілері елордаға ауысып кеткен Есімовті еліміздің бас қаласы Астанадан да іздеген еді. Ахметжан Смағұлұлы “Қазақ елі” монументі жанынан табылды ма?
Алматыны басқарған тұста әкімдер рейтингінің алдын бермейтін Ахметжан Есімов 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні ескерткішке гүл шоқтарын қоюға бірде бір рет барған емес. Әкім болған сегіз жылдың ішінде тәуелсіздікке тағзым етуге өзі келмей, орынбасарларын жұмсауының себебін ешкім білмейтін-ді.
Былтыр осының себебін сұраған “31 арна” тілшілеріне Ахметжан Смағұлұлы “15 желтоқсан туған күнім болғандықтан, қалада болғым келмейді, сыртқа шығып кетем” деп түсіндірген еді.
“15 желтоқсан күні қалада болғым келмейді. Қалада болғым келмейді. Сондықтан да, сыртқа шығып кетемін… Басқа ешқандай әңгіме жоқ. Тәуелсіздіктің арқасында бәріне жетіп отырмыз. Тәуелсіздік туралы көп айтуға болады. Бірақ та, келесі жылы туған күні мен де қалада болмасам да, 16 желтоқсанда міндетті түрде қалада боламын”, – деген еді Алматы қаласының экс-әкімі.
Яғни Ахметжан Есімов дүйім жұрттың алдында “16 желтоқсанда қайтсем де қалада боламын” деген уәде берген. Экс-әкімнің осы жауабынан кейін шулаған қазақ қоғамы лауазымды шенеуніктің бұл жауабын қызу талқыға салды, туған күні мен тәуелсіздікті байланыстырғаны үшін сынады да, дегенмен айтқанын орындағанын күтті.
“31 арна” тілшілері де 16 желтоқсан күні жігітше уәдесінде тұрар деген үмітпен Ахметжан Смағұлұлын Тәуелсіздіктің алтын бесігі саналатын Алматыдан іздеді. Мұнда Есімовтің ескі жолын таңдамаған жаңа әкім Бауыржан Байбектің өзі бастаған шенділер мен желтоқсаншылар монументке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Алайда, қалың жұрттың ішінен экс-әкім, ЭКСПО-ның су жаңа төрағасын таппадық. Мінбеде тұрып сөз беріп, бірақ уәдесін орындамаған лауазымды тұлғаның ұлы мерекеде төбе көрсетпеуіне кейіген алматылықтар, Есімовтің екі сөйлеуі өзіне сын деп кейіді.
Тәуелсіздікте Алматыдағы монументке ешуақытта келмеген, елмен тілдеспеген Есімовті елордадағы “Қазақ елінен”, ескерткіштердің алдынан іздедік. Алматыда әйелінің үйінде тұрған, ал Астанаға ауысқалы қайда қоныс аударғаны белгісіз Ахметжан Смағұлұлы қызметіне байланысты бас қалада тағзым етер деген үмітпен, келген сәтін күттік.
Алайда, Астанадағы дәстүрлі орындарда уәде берген Есімов те, елорданың өзге шенділері де төбе көрсетпеді. Қала 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні тым-тырыс жатты.
Дереккөз: 31 арна