Тәуелсіз еліміздің бетіне таңба, тәніне жара салған Жаңаөзен –Шетпе оқиғасына да, міне, төрт жыл толып үлгеріпті. Мұндай қантөгістің алдын алудың басқа жолы болмап па еді?
Осыдан 29 жыл бұрынғы Желтоқсан көтерілісіне Москваның өктемдігі, қазақ халқымен санаспауы, ұлтты қорлап, «өзім білем» деген кеудемсоқтық пиғылы себепті болған-ды. Ал енді Жаңаөзен мен Шетпеде оқ атылып, алаңды қызыл қанға бояп, адам өліміне әкеп тіреген қылмыстық оқиға тәуелсіз елде орын алды. Ел аман, жұрт тынышта, ойламаған жерден бұрқ ете қалған қанды қырғын жанды түршіктіріп, жүректерге жара салды. Мұның өзі ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын шат-шадыман болып тойлайтын күні орын алуы – бейбіт елді есеңгіретіп тастады.
Апырмай, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың неше ғасырлар бойы көрген азабы, басынан өткерген тар жол, тайғақ кешулері аз ба еді? «Тәуелсіздік» атты ұлы мерекені арқа-жарқа тойлап, мерекелеуін көп көріп, халықтың шалқыған көңілін басып, ойран-топырын шығаруға қандай ғана қатыгездердің дәті барды?!
Рас, мұнайшылардың еңбек және әлеуметтік құқықтары бұзылып, олар жеті ай бойы ереуілдеп, биліктің назарын аударуға тырысты. Ештеңені қиратпай, бүлдірмей-ақ, ел Конституциясында жазылғандай, өз құқықтарын қорғап, талап еткен бейбіт шеру емес пе еді бұл?! Наразылық шерудің өңін айналдырып, өртеп, қирату, ойрандау «ойындарын» жүргізіп, бейбіт шеруді «қылмыстық әрекеттерге» айналдыруға тапсырма алып, оны ойдағыдай «орындап» шыққан жансыздар бүгін қайда жүр? Сонда бейбіт шерушілерге оқ атып, оларды қынадай қырып салуға бұйрық берген кім?
Қазақта «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады» деген мәтел бар. Оқ атуға бұйрық беріп, өздері тасада қалып, құтылып кеткен, көздері қанға толы мысықтілеу «қара күш» иелері кім? Бұған әлі күнге жауап жоқ...
Жүрекке жара, сүйекке таңба ғана емес, нешеме адамның өмірін қиып кеткен осы оқиғаның мән-жайын ақыл таразысына салып көрейікші. Бұл ереуілде ешқандай саяси сипат болмаған еді. Бәрі әлеуметтік мәселелер. Еңбек және әлеуметтік жағдайлары дұрыс, әділетті болса, мұнайшылардың жеті ай бойы еріндері кебірсіп, көздері бозарып, аштық жариялап несі бар еді?
Маңғыстаудың табиғаты қатал, ауа райы ит байласа тұрғысыз екенін екінің бірі біледі. Жазда құмды дауыл, аңызақ жел, қыста бет қаратпайтын ызғырық боранда жанкештілікпен еңбек ететін мұнайшылардың жанұясында өздерінен басқа жұмыс жасайтын адамы жоқ. Яғни, басқа күнкөріс көзі тапшы. Өйткені мектеп, аурухана сияқты бірлі-жарым мемлекеттік мекемелерден басқа құрылыс, өндірістік, ауыл шаруашылық кәсіпорындары жоқ. Ал енді осы жеті ай бойы еңбек ақы алмай, бала-шағасы улап-шулап, тілдерін тістеп отырған мұнайшылардың жай-күйін, психологиялық жағдайын көзіңізге елестетіп көріңізші...
«Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» демекші, мұнайшыларды мұңайтып, ашындарған негізгі нәрсе – олардың мұң-зарына құлақ тосып, «әу» деген не парламент, не үкіметтен бірде-бір тірі пенденің болмауы. Әкім-қараларың, билік иесі бола тұра, шетелдік алып алпауыттардың алдында қауқарсыз, оларға тістері батпайды. Өйткені ым-жымдары бір. Шерушілердің президентке жазған хаттары мен үндеулері діттіген жеріне жетпеген. Үміт еткен үкіметтегілер президентке: «Бәрін шешіп бердік, жағдай қалыпқа түсті» деп, жалған ақпарат беріп отырған. Артынша бұл жалғандық пен «жауырды жаба тоқуды» Жаңаөзен мен Ақтауға келген ел президенті өз көзімен көріп, осыған жауаптылардың бірнешеуін жұмыстан қуды. Барлық мұнайшыларды еңбекпен қамтамасыз етіп, жапа шеккендерге материалдық, моральдық қолдау көрсетуге тапсырма берді.
Ал енді осылардың бәрін халыққа оқ атылып, ойран ботқасы шықпай, адам өлімі орын алмай тұрып жасауға болмас па еді?! Қалай айтсаң да, тап осы Жаңаөзен мен Шетпе оқиғасын болдырмауға болатын еді! Тіпті қалай болғанда да, құқық қорғау органдары өздерін асырап отырған қарапайым халыққа оқ атпауы тиіс еді! Бұл дегенің атам қазақтың: «күшікті асырап ит еттім, ол өз балтырымды қапты» деген ақиқат сөзіне дөп келіп тұр.
Америка, Италия, Франция, Германия сияқты демократиялық елдерде екі күннің бірінде, біздегі сияқты төрт-бес мың емес, жүздеген мың адам шеруге шығып, өз елдерінің билігіне наразылықтарын білдіріп жатады. Бірақ солардың шерушілерді оқ астына алып, қырып жатқанын көрген де, естіген де емеспіз. Көзден жас ағызатын газ жіберу, су шашып қуу, тағы да басқа әрекеттерді қолданып жатады. Біздің күштік құрылымдарға солай етуге болмас па еді?
Еліміздің алтын заңында: «Қазақстан зайырлы, демократиялы, құқықтық мемлекет болып табылады» деп анық та, айқын жазылған. Сол Конституцияда және әлемдік өркениет тәжірибесінде қарапайым халықтың өз ойын, наразылығын ашық айтып, бейбіт шеруге шығу арқылы заңды талаптарын білдіру құқығы демократияның нақты бір көрінісі. Алайда біздің елде кейінгі жылдары биліктің «көңіліне» жақпаған газет-журналдардың болымсыз себептермен жабылуы, тәркіленіп, ірі көлемде айыппұл салынуы және журналистердің қудалану фактілері белең алып тұр.
Осы орайда үкімет пен парламент, жергілікті билік өкілдеріне айтарым: әр арыз-шағым, өтініш пен наразылықтың артында адам тағдыры тұрады. Сондықтан халықтың, қарапайым еңбек адамдарының мұң-мұқтажына құлақ асып, дер кезінде тиісті шараларды іске асырыңыздар! Сіздердің тойған қозыдай мамыражәй, қалқып-шалқып өмір сүріп жүргендеріңіз сол қарапайым еңбек адамдарының арқасы екенін ұмытпаңыздар! «Е-е, шулап-шулап қояр, қайтер дейсің!» деген астамшылдық пиғылдан аулақ болған жөн.
Таяқтың екі ұшы бар екенін ешқашан естен шығармаңыздар!
Ғабдул-Сәбит ЮСУПОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
«Общественная позиция»
(проект «DAT» №43 (314) от 10 декабря 2015 г.