Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі: Батысқа тартылған күрежол бізден басталады
2015 ж. 30 қараша
2585
0
Аймақ жетекшісі Бердібек Сапарбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерін облыстың әлеуметтік-экономикалық даму үдерістерімен таныстырып, аймақ жөнінде тілшілерді толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Сөзін Мемлекет басшысының өңір жетекшілеріне жүктеген тапсырмаларынан бастаған әкім әр мәселеге жеке-жеке тоқталып өтті. «Мемлекет басшысының бірінші берген тапсырмасы облыс экономикасын ілгерілете отырып, халықтың тұрмысын жақсартып, әл-ауқатын көтеру жөнінде болатын. Екіншіден, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету арқылы жұмыссыздар санының артуына жол бермеуіміз керек. Ал үшінші мәселе халық жиі тұтынатын тауарлардың бағасының тым өсіп кетпеуіне тосқауыл қоюымыз қажет. Ал өткен он айдың қорытындысына келетін болсақ, мемлекет басшысының негізгі тапсырмасына орай облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін өткен жылғыдан төмен түсірмеуге тырысуға тиіспіз. Оған қоса өңірдегі қоғамдық-саяси өмір тұрақты болуы ләзім. Бұл тұрғыда облысымызда дәл қазір қоғамдық-саяси өмір тұрақты. Сондай-ақ, қандай да бір әлеуметтік мәселе туындап, ол ушығып жатқан елдімекендер өңірімізде жоқ. Соның нәтижесінде, облыста экономиканың даму қарқыны былтырғы жылмен салыстыра қарағанда 100,5 пайызға жетті. Бүгінгі атқарылып жатқан іс-шаралардың арқасында, алдын ала болжам бойынша, бұйыртса, экономикалық өсім 101,5 пайыз болады» деді облыс басшысы.
Аймақ серкесінің айтуынша, биыл жаңадан ірі төрт кәсіпорын іске қосылған. «Өндіріс көлемі былтырғымен салыстырғанда 96,8 пайыз орындалды. Оның негізгі екі себебі бар. Облыста ірі кәсіпорындар іске қосылды. Біреуі, газ өңдейтін, екіншісі, рельс шығаратын зауыт. Әйткенмен, дүниежүзінде болып жатқан экономикалық дағдарыс біздің облыстағы кәсіпорындарға да өзінің әсерін тигізіп жатыр. Біз енді қазір тиісті іс-шараларды қолға алдық. Арнайы жұмыс тобын да құрдық. Енді жылдың аяғына дейін жаңадан тағы бес кәсіпорын іске қосылуы керек. Айтпай өтуге болмайтын бір проблемамыз бар. Ол – облыстың экономикасына шетелдік инвестиция тарту мәселесі. Расында соңғы уақытта инвестиция көлемі біршама азайған. Десек те, жетпей жатқан 139 млрд. теңге инвестицияны жаңадан қосылатын кәсіпорындармен толықтырамыз деп ойлаймын. Сондай-ақ, құрылыс саласы да былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда төмендеді. Ол да инвестицияға байланысты болып тұр. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, құрылыстар салынуы керек. Қараша және желтоқсан айларында жаңа нысандар іске қосылады. Соның нәтижесінде былтырғы көрсеткіштен төмен болмаймыз деп үміттенемін» деп сөзін жалғады басшы.
Құрылыс мәселесіне қайта оралған өңір басшысы биыл жыл соңына дейін 4700 отбасы баспаналы болатынын айтты. «Бүгінде 343,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 476 мың шаршы метрден кем болмайды. Нәтижесінде, біз 4700 отбасын пәтермен қамтамасыз етеміз» деген әкім 2015 жылдың он айында құрылыс жұмыстарының орындалу көлемі 101,1 млрд. теңгені көрсететінін жеткізді. Сөйтіп, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы өңірлер арасында Ақтөбе облысы 145 мың шаршы метр көлемімен екінші орында тұрғанын атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, облыста индустрияландыру бағдарламасы қалыпты жүргізіліп жатқанына тоқталған өңір басшысы шағын және орта бизнесті дамыту шаралары жөнінде әңгімеледі. «Осыған дейін 8000 бірлік шағын және орта бизнес субъектілері ашылды. Осының арқасында 12 мың жұмыс орны сақталып, тағы 4,6 мың жаңа жұмыс орны пайда болды. Қазіргі таңда кәсіпкерлікті қолдау орталығының он бес бөлімшесі мен он екі бизнес-мектеп және бір инвесторларға қызмет көрсету орталығы облысымызда жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың тоғыз айында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны елу екі мыңнан асып, оларда қызмет ететін адамдардың саны жүз отыз мыңға мыңға жуықтаған. Ал олардың өндірген өнімдері 192 млрд. теңгеден асып жығылды» деді Б.Сапарбаев.
Барды бар, жоқты жоқ деп баяндаған облыс басшысы индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының аясында ашылған екі кәсіпорын тоқтап тұрғанын да жасырмады. «Бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бір жобаны жыл соңына дейін пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Ал екінші жобаға қатысты сауықтыру тетігі іске асырылады. Негізі, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша облыста 800 млрд. теңге қаражат деңгейінде тоқсан бір жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі кезде 600 млрд. теңге көлеміндегі жетпіс бір жоба пайдалануға берілді. Тоғыз жоба 30-70 пайызға жұмыс істеп тұр. Әкімдік осылардың әрқайсысымен тиісті шараларды атқарып келеді. Бұйыртса, осы жылы 9,8 млрд. теңге ауқымында сегіз жобаны іске қосуға тиіспіз. Бүгінде үш жоба пайдалануға берілді. Қалған бесеуі жыл соңына дейін іске қосылатынын жоғарыда айттым» деді Бердібек Мәшбекұлы.
Ақтөбеде халық тұтынатын тауарларды өндіру мен олардың бағасын қалыпты ұстау мәселесі де шешімін тауып жатқан көрінеді. «Елбасының отыз үш әлеуметтік тауар түрінің бағасын қымбаттатпау туралы тапсырмасы бар. Сол тауарлардың ішінде күріш, қант, шайдан басқасының бәрі өзімізден шығады. Негізгі бағасы қымбаттаған тауарлар осылар болып тұр. Оған қосымша картопты айтуға болады. Сондай-ақ, пияз бен сәбіз де бізде аз. Бұған орай қазіргі кезде тиісті шараларды қолданып жатырмыз. Барлық өңірлердегі сияқты бізде де әр сенбі сайын ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіледі. Үлкен сауда орталықтарында әлеуметтік бөлімдер бар. Сонымен қатар, «Табыс» деген коммуналдық базарымызды да айта кетуге болады. Бұл жерде төмен бағамен ауылшаруашылық өнімдері сатылады» деді ол.
Аймақ басшысы облыстағы суармалы жерлердің дені толық пайдаланылмай жатқанын да айтып өтті. «Мал басын көбейту үшін оның жем-шөбі, суы болуы керек. Сондықтан, суармалы жерлерді пайдалану арқылы жем-шөпті көбейтсек деп отырмыз. Біздің есебіміз бойынша, облыста 28 мың гектар суармалы жер бар. Өкінішке қарай, оның қазіргі таңда 43 пайызы ғана пайдаланылады. Осы бағытта республиканың су комитетімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Оған қоса, Азия даму банкімен әріптестік байланыстамыз. Мұндағы мақсатымыз – келесі жылы кем дегенде қосымша 5 мың гектар суармалы жерді іске қосу. Бізде оған негіз бар. Ақтөбеде үш су қоймасы орналасқан. Отызға жуық өзен, мыңға жуық көл бар екенін білерсіздер. Тек оларды тиімді пайдалансақ қана суармалы жерлерді көбейтуге мүмкіндігіміз болады» деді облыс әкімі.
Келешекте облыстағы бюджеттік мекемелердің көліктері газбен жүреді екен. Бұл жөнінде нақты бір ауданда арнайы пилоттық жоба да іске асырылыпты. «Бүгінде ең арзан газ Ақтөбе облысында. Біз алдағы жылдан бастап бірінші кезекте бюджеттік мекемелердің барлық көліктерін газбен жүруге ауыстыру жөнінде шешім қабылдадық. Біріншіден, бұл өз кезегінде қаржы шығындарын екі есеге қысқартса, екіншіден, жанар-жағармай үнемдеуге мүмкіндік береді. Осы орайда, аудан бойынша алдын ала қорытынды жасалғанын, бұл тұрғыда оңтайлы нәтиже болғанын жеткізгім келеді. Әрбір бюджеттік ұйыммен бұл мәселе қарастырылды. Шамамен бір көлікті газға ауыстыру 130-170 мың теңгені құрайды. Егер де бүгінде бензиннің бір литрінің бағасы 120 теңгеден 139 теңгеге дейін жетсе, ал газға көшкенде оның бір литрі 23 теңгені құрайды. Осы орайда газбен жүру қаншалықты арзанға түсетінін байқауға болады» деген аймақ басшысы қазірдің өзінде Ақтөбе қаласы мен аудан орталықтарында газ құю стансаларының құрылысы басталып кеткенін айтты.
Өңірдегі транзиттік көлік жолдары жөнінде қойған сұрағымыз да әкім назарынан тыс қалмады. «Еуропаға қарай негізгі көлік ағыны Ақтөбе арқылы өтеді. Сондықтан, біз осы мүмкіндікті толықтай пайдалануымыз керек. Біз қазір «Қазақстан теміржолы» компаниясымен тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Осы бағытта үлкен көліктік-логистикалық орталық құру қарастырылуда. Жақында компания президенті Асқар Мәмин өңірге келіп, онымен тиісті меморандумға қол қойдық. 27-қарашада бізде үлкен инвестициялық форум болатыны белгілі. Сол кезде де ҚТЖ басшысымен тағы да кездесіп, келісімдерге қол жеткізбекпіз. Бұйыртса, келесі жылдан бастап осы орталықтың құрылысын бастау жоспарланып отыр» деді ол.
Облыс әкіміне түрлі әлеуметтік мәселелермен қатар, спортты дамыту жөніндегі сұрақ та көлденең тартылды. «Спортқа көңіл бөліп жатырмыз. Шынын айтқанда, бізде қазіргі кезде спорттық нысандар жетіспейді, әсіресе, балаларға арналғандары. Осы орайда бұл мәселені ерекше назарға алып отырмыз. Алдағы жылдан бастап демеушілердің, кәсіпкерлердің көмегімен қосымша спорттық нысандарды саламыз. Неғұрлым балаларымыз спортпен айналысса, соғұрлым қылмыс азаяды. Ал облыстағы футболды қолдау тақырыбына тоқталар болсам, менің ойымша, футболды дамытқан кезде біріншіден, өзіміздің жастарды тәрбиелеуіміз керек. Қазір футбол командаларына қарайтын болсақ, оның құрамындағылардың көбісі легионерлер. Сондықтан біз команда басшылығына негізінен өзіміздің жергілікті футболшылар болуы керек деген талап қойып отырмыз. Әрине, легионерлер де болуы керек, бірақ олардың үлесі көп болмауы тиіс. Кейбір баспасөзде Сапарбаев келгеннен кейін Ақтөбеде футбол клубы жабылады деп жазылып жүр. Футбол жабылмайды. Бұл спорт түрін халық жақсы көреді, сондықтан ол дамиды және оны әрі қарай қолдаймыз» деді өңір жетекшісі.
Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев өзінің орынбасары Сара Нұрқатова төңірегіндегі дауға нүкте қойғандай болды. «Мен Сара Қайыржанқызымен бірнеше рет сөйлестім. Әрине, ол мемлекеттік қызмет туралы кодекстің ережелерін сақтамаған. Ол осыдан бірнеше күн бұрын өз еркімен қызметінен кету туралы арыз берді. Қазіргі кезде Сара Қайыржанқызы өз еркімен қызметінен босатылды. Сондай-ақ ұлы мен келіні де қызметтерінен босатылды» деді әкім.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті