Астанадағы ең үлкен мұз қалашығы «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында салынып жатыр. Аталған қалашықты салу үшін әкімдік отандық мүсіншілерден бөлек қытайлық мамандардың көмегіне жүгініп отыр. Қазіргі таңда құрылысшылар күндіз түні қалашықты тұрғызып жатыр. Өйткені желтоқсанның 1-і күні еліміздің бас шыршасын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жағады. Әкімдік соған дейін мұз қалашығын салу туралы мердігер компанияға «қатаң» тапсырма берген көрінеді.
Алайда, әкімдіктің тапысырмасын мердігер компанияның басшылары орындай алмайтын сияқты. Өйткені, бірнеше күннен бері Астанада ауа-райы 0 градустан жоғары болып тұр. Ал күннің күрт жылынуы өз кезегінде қалашықты салуға кедергі келтіруде. Дегенмен мұз қалашығына жауапты компания басшысы Мәди Қанапин «3-4 күннің ішінде бұл жұмыстарды бітіреміз» деп уәде беруде.Себебі ол құрылыс жұмыстары 24 сағат бойы жүргізіліп жатқанын алға тартып отыр.
Мұз қалашығының уақытында берілетіні немесе берілмейтіні біз үшін аса маңызды емес. Біз үшін ең маңыздысы миллиондаған қаржысының небәрі екі-үш айда су болып еріп кететіндігі болып отыр. Өйткені мұз қалашығына жұмсалған миллиондар бюджеттің қаржысынан жұмсалып жатқаны жасырын емес. Алайда, әкімдік аталған қалашықты салуға қанша қаржы жұмсағанын айтпай отыр. Ал шын мәнісінде әкімдік ашықтық танытып, бұл жұмыстарға қанша ақша жұмсағанын айтуы керек еді. Бір бір.
Екіншіден, басшылар жыл соңында қаржы игеру үшін әртүрлі құйтырқылыққа баратыны бүгінде ешкімге жасырын болмай қалды. Біздің пайымдауымызша әкімдіктің бұл әрекеті игерілмеген миллиондарды тез арада игеруге бағытталып отырған сияқты. Әйтпесе әкімдік қатаң тапсырманы мұз қалашығын салып жатқандарға емес, мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер салып жатқан мердігерлерге бермей ме? Өйткені аталған бағдарлама бойынша биыл берілуі тиіс пәтерлер келесі жылдарға қалып қоюы жиі кездеседі. Бір қызығы әкімдік олардың жұмысына жүрдім-бардым қарап, ал мұз қалашығының тез аяқталуына мүдделі болып отыр.
Үшіншіден, бұған дейін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов «Тәуелсіздік күні өтпей жаңа жылға дайындық жұмыстары жүргізілмесін» деп ұсыныс тастаған болатын. Осы арқылы ол Оңтүстік Қазақстан облысында өзі бастаған игі істің елімізге кең таралуын қалаған еді. Бір қуантарлығы аталған бастаманы еліміздің бірнеше облыстарының әкімдері қолдайтынын айтып хат жазды. Алайда Асқар Исабекұлының бастамасына Әділбек Жақсыбеков қарсылық танытып жатыр. Қарсылық демей немене қазірден бастап ол Астанаға шырша тігіп, мұз қалашығын салуға құлшынып кетті. Осы ретте Әділбек Жақсыбеков бас партияның мүшесі ретінде партия басшысының бастамасын неге қодамады деген заңды сұрақ туындайды? Сонда Астана қаласының әкімі «Нұр Отан» партиясының саясатына қарсы ма?
Асқар Мырзаметовты айтпағанның өзінде тіпті ол Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына қарсы сияқты. Өйткені президент бірнеше рет Қазақ елі өте қиын дағдарыс кезеңінде өмір сүріп жатқанын, сондықтан да үнемшілдік қажет екенін айтты. Ал Әділбек Рыскелдіұлы болса халықтың салығынан жиналған қыруар қаржыны желге ұшырып, екі-үш айда еріп кететін мұз қалашығын салып жатыр. Сонда Нұрсұлтан Назарбаевтың үнемшілдік саясатына Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков қарсы ма?
Естеріңізде болса, ол бұған дейін құны 10 миллион теңге тұратын жылы аялдамалар салып айды аспанға шығарған болатын. Ал дәл сондай аялдамаларды Ресейде ең көп дегенде 10 мың АҚШ долларға пайдалануға берген екен. Демек, Астана әкімдігі бір аялдама 30 мың АҚШ долларын жұмсаса, ресейлік губернаторлар аталған қаржыға үш аялдама салған. Бұл арада «бармақ басты көз қысты» әрекет жоқ деп енді қалай айта аламыз? Сол сияқты мұз қалашығын салуда да «әттеген-айлар» орын алып жатқан шығар. Жалпы, бұл айтып отырғанымыз әщірне сіз бен бізге белгілі болған жағдайлар ғана. Ал, көпшіліктен тасада қанша қаржы негізсіз жұмсалып жатыр? Оны ешкім білмейді. Өйткені біздің елде ғана бюджеттен жұмсалған мұз қалашына қанша қаржы жұмсалғанын біле алмайсың.
Серік ЖОЛДАСБАЙ