Саясаттанушылар мен білікті сарапшылар билік пен қараша халықтың арасы алшақтап кеткенін жиі айтады. Шынында да қарапайым халықтың билікте, ал биліктің халықта шаруасы жоқ. Мұны, күні кеше, Үкімет мүшелерімен кездескен мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевта айтты. Президенттің ойынша атқамінерлер дағдарыс пен қымбатшылық туралы елге қарапайым тілмен, дұрыстап түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Алайда, бақытты басшылар бақытсыз халқының тағдырына бас қатырып отырған жоқ.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Кәрім Мәсімов басқаратын Министрлер кабинетінің мүшелерін Ақордада қабылдап, еліміздің экономикалық жағдайын талқылады. Президенттің алқалы жиын өткізіп, атқамінерлерге ауыр міндет артқанына қарап әлеуметтік жағдаймыздың мәз емес екендігін анық аңғаруға болады. Алайда, біздің кейбір басшылар өздерінің жағдайы жақсы болғанға қарап «бәрі керемет» деп ойлайтын болса керек. Мәселен президент Мәдениет және Спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына:
– Күні кеше Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік қой. Арыстанбек, айтыңдаршы, 550 жылдың ішінде, қазақ дәл осылай бір күн өмір сүрді ме?
– Енді, Нұрсұлтан Әбішұлы, шынын айтқанда бақытты кезде өмір сүріп жатырмыз ғой.
– Сен сұрағыма жауап берсеңші?
– Тәуелсіздіктің арқасында, сіздің арқаңызда...
Президенттің тосыннан қойған сұрағына Арыстанбек Мұхамедиұлы мандыртып жауап бере алмады. Өйткені, оның басы бақыттан айналып отырған болатын. Алайда, министрдің бақыттан басы айналатындай жағдаймыз жетісіп тұрма? Мәселен, теңге құнсызданып, доллар шарықтағаннан кейін азық-түлік бағасы күрт қымбаттап кетті. Тіпті, халық күнделікті тұтынатын нан бағасы көтерілді. Сондай-ақ, жаңа жылдан кейін ас атасы тағы да аспандайын деп отыр. Бұл аз болғандай, жұмыстан қысқарту науқаны жүргізіліп жатыр. Бұл - биыл болып жатқан жайлар. Сарапшылар келер жылы жағдайымыз бұдан да қиын болатынын айтады. Алайда, осындай қиындықтарға қарамастан Арыстанбек Мұхамедиұлының басы бақыттан айналып жүр.
Әрине, халықтың әлеуметтік жағдайына Мәдениет және спорт министрі жауап бермейді. Сондықтан, Арыстанбек Мұхамедиұлының өз саласына қатысты мәселені айтайық. Мысалы, жыл басында министрлік Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған 20 сериялы фильм түсіретінін мәлімдеді. Алайда, қаржы тапшылығына байланысты 20 сериялы фильм 10 серияға қысқарды. Аталған телесериялды министрлік жылдың соңына дейін көременнің назарына ұсынатынын мәлімдеген болатын. Алайда қаржы мәселесі тез шешілмегеннен кейін Қазақ хандығына арналған фильм келер жылы көрсетілетін болды. Рас, аталған фильмді түсіруде қаржы тапшылығынан бөлек уақыт тапшылығы айтарлықтай рөл атқарды. Өйткені, мұндай ауқымды шаруаны жасау үшін 2-3 жыл уақыт керек еді. Дегенмен, ең басты себеп жобаға бөлінген 1 миллиард теңге жетпей отырғандығы болып отыр. Сондықтан, фильмді қаржыландыруға арналған қор құрылып, ел азаматтарына сауын айтып отыр. Ал Арыстанбек Мұхамедиұлының басы бақыттан айналып жүр.
Жалпы, бақыттан басы айналып жүрген жалғыз Арыстанбек Мұхамедиұлы ғана емес. Мәселен, жуырда Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов «Біз ең жақсы кезеңде өмір сүріп жатырмыз» деген болатын. Оның айтуынша, жақсы бастамалар, үлкен жұмыстар дағдарыс кезінде іске асырылады. Орынды сөз. Алайда бұл тамаша мүмкіндікті қараша халық емес бай-бағландар пайдаланады емес пе? Міне, осыдан-ақ қарапайым халық пен биліктің арасы ашылып кеткенін анық білуге болады.
Серік ЖОЛДАСБАЙ,
Мақаланың түпнұсқадағы атауы: "Арыстанбектің бақыттан басы айналып жүр".