АДАМЗАТТЫ ӨЗ ПИҒЫЛЫ АРАНДАТЫП ОТЫР
2015 ж. 19 қараша
2885
1
БЕЙБІТҚАТАР ӨМІР СҮРУ ЖҰМЫРБАСТЫ ПЕНДЕЛЕРДІҢ ПЕШЕНЕСІНЕ ЖАЗЫЛМАҒАН БА?
Адам баласының болмысы секілді адамзат тарихы да тым күрделі, тым қайғылы. Жер бетін мекендеген жандарға Жаратқан иеміздің өзі таң қалатын шығар, сірә. Жат әлемнен келіп, жер бетінде болып жатқан оқиғаларды жоғарыдан бақылағандар "Осыларға не жетпейді?" деп жағасын ұстаған да болар. "Он сегіз мың ғаламның ішіндегі жұмақ Жерді бұлар неге тозаққа айналдырады? Өздеріне өздері көр қазған не қылған мақұлықтар? Бұларға дауа жоқ екен!" деп қолын бір сілтеп кеткен де шығар..."ҮШІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС" ЖҮРІП ЖАТЫР
Адамзат тарихында талай қанқұйлы соғыстар өткені белгілі. Соған қарап Жер бетінде бейбітқатар өмір сүру жұмыр басты пенденің пешенесіне жазылмаған ба дерсің. Соғыссыз, қанды қақтығыссыз өткен тым болмаса бір ғасырды да атай алмайды екенбіз. Жер үшін, байлық үшін, үстемдік жүргізу үшін бір-бірін аяусыз өлтіріп, ғасырлар парағын қызыл қанға бояп келеді. Өткен ғасырларда арам пиғылдарын бүркемей, ашық түрде жүргізілген басқыншылық соғыстар жиі болды. Олар не себепті соғыс жариялағанын айтпастан-ақ шабуылға шыға беретін. Өйткені қазіргідей БҰҰ сияқты жер бетіндегі мемлекеттер құлақ асып, бағынатын ортақ ұйым болған жоқ. Әрине, қандай соғыс болмасын, оның бәрі әділетсіздік пен қаныпезерлік, адамдардың бір-біріне деген жауыздығы. Тарихтың өзі көрсетіп отырғандай, теріс пиғылмен соғыс бастағандар, бөтен жерде жүздеген жылдар билік орнатқанмен ақырында жеңіліс тауып отырған. Бұл да болса Жаратқан иеміздің әділдікті қолдап, жақтайтындығынан болар. Ал, бүгінгідей адамзат баласы дамудың жоғары сатысына көтеріліп, сана-сезімі әбден жетілген кезде тыныш, бейбітқатар өмір сүруге не кедергі болып отыр? Қазір әр мемлекеттің шекаралары заңды түрде бекітіліп, халықаралық қауымдастық толықтай мойындап біткен. Бұрынғыдай бассалып өзгенің жерін жаулап алу жоқ. Бір қарағанда, адамзат үшін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман да келіп жеткендей еді. Бірақ, өкінішке орай, тіпті де олай емес. Өз тарихында екі дүниежүзілік адам қаны өзен болып аққан алпауыт соғысты басынан өткізген адамзат енді жасырын «үшінші дүниежүзілік соғысты» қолдан жасап, жер бетін қанға бояп жатыр. Бұл соғыстың өткендегілерге қарағанда қауіп-қатері көбірек, өйткені анық жаудың кім екені, себепсіз қантөгістің қашан бітері де белгісіз. Қуатты мемлекеттер өзге елді ашық басып алудан "ұялған" соң іштей іріткі салып, бір атаның балаларын, айрандай ұйып отырған ұлтты бірі-біріне бітіспес жау еткендей жағдайға жеткізді. "Террористер", "лаңкестер" деп айдар тағып айдай әлемге жар салып, аяқастынан жау тауып берді. Бейбіт өмір сүріп жатқан, саясаттан сырт жүрген қарапайым халық зардап шегуде. Лаңкестік әрекет әлемнің кез келген жерінен бұрқ етіп, сансыз өмірді жалмауда. Қанға боялған өз елін тастап қашқан босқындар басы ауған жаққа бет алды...ТАЯУ ШЫҒЫСҚА ТАРЫҒАТЫНДАЙ НЕ КҮН ТУДЫ?
Әділін айтсақ, Таяу Шығыс соңғы жарты ғасырда жедел дамуды басынан өткерді. Жер қойнауындағы байлығын (мұнай, газ т. б.) ұтымды пайдаланып, өз халықынан ешкім ештеңе ұрламай, ұлттың әлеуметтік жағдайын анағұрлым жақсартты. Мысалға бір ғана Ливияны алып көрелік. Ливия басшысы Муамар Каддафиді сол кездерде бүкіл әлем үлгі тұтты. Ол Араб елдерін бірлікке шақырып, күштерін біріктірмекші де болды. Бірақ, "ортақ өгізден оңаша бұзау артық" деген көрші мемлекеттердің бастары бірікпей-ақ қойды. Соның нәтижесі бүгін алдарынан шықты. Бірлік бар жерде тірлік бар, біріккен тұтас мемлекет болса бәлкім бүгінгідей жағдай орын алмас та еді. Халқына 21 түрлі жақсылық жасаған Каддафи өз елінде коммунизм орнатты десек артық емес. Әлемдік қауымдастықтың соңғы сатысында қалған елді дамытып, "үшінші әлем" арасынан шыққан тұңғыш халықаралық деңгейдегі саясаткерге айналды. Тұрғындар коммуналдық қызмет түрлерін, білім, медициналық тағы да басқа көмекті, тіпті жағармайды да толықтай тегін пайдаланды. Бұл мемлекеттің бақуатты екенінің бірінші белгісі. Муамар Каддафидің беделінің жоғары болғаны соншалық, БҰҰ отырыстарында кез келген алпауыт мемелекет басшыларының аузын жаба алды. Тіпті біреулерге бетпердеге айналған БҰҰ кеңсесін Таяу Шығысқа көшіру туралы ұсынысты да батыл айтқан болатын. Бізге белгілі деректерге қарасақ, осындай пікірді соңғы жарты ғасырда екі-ақ адам айта алды, соның бірі біздің Елбасымыз. Көптеген саясаткерлер мен мемлекет басшылары саяси сабақ алу үшін оның "Жасыл кітабын" жастанып оқитын-ды. Бұл әрине, бәріне бірдей ұнай қойған жоқ. Араб елдерінің табиғи байлықтар арқылы қарқынды дамуы кейбіреулер үшін қауіптің көкесі болып көрінді. Тіпті өлерінің алдында "Мен өз халқыма сенемін, өлсем өз халқымының қолынан өлейін" деген отанын сүйген басшы Каддафи ешқайда қашуға әрекет те жасамады. Сөйтіп іштей ірітіп, арандатып тынды сырттағы жаулар, еліне соншама жақсылық жасаған Каддафиді ит өлімімен өлтірткізді. Жалғыз Ливия емес, Сирия, Сауд Арабиясы тағы да бірқатар мемлекеттер де даму жағынан осы деңгейге жетеғабыл болды. Осының бәрі біреулердің көкейіне қызғаныш, көреалмаушылық құртын түсірді. Таяу Шығыстағы орын алған шырғалаңның басты себептерінің бірі осы болса керек.ТЕРРОРИЗМНІҢ ТҮП-ТАМЫРЫ ҚАЙДА ЖАТЫР?
Әлемдегі билік тізгінін Таяу Шығыс қолына алып кете ме деген қорқыныш басқа бақуатты елдерге маза бермей, қарсы әрекеттерге итермелегені анық. Үстемдік атты сиқырлы күшті қолдан беру оңай емес. Ол тек қана саяси үстемдік емес, сонымен бірге өздігінен келетін байлық та болып табылады. Ал бұл капиталистік қоғамда байлығы барлар кез келген құқықты, өзіне қолайлы заңды қолдан жасап ала қояды. Соған өзгелерді сендіріп, мойындатады. Әйтпесе, күш көрсетпесе де алдымен экономикалық санкциялар жариялап, әлем алдында бейшара күйге түсіреді. Ондай құқықты оларға кім беріпті? Ешкім де. Жекелеген мемлекеттің басқа бір елдің ішкі ісіне араласып, санкция салуға құқығы жоқ. Ол тек қана БҰҰ-ның арнаулы комиссиясының қаулысымен ғана іске асуы мүмкін. Ал Америка сияқты алпауыттар қазір БҰҰ-ның өзімен санаса бермейтін жағдайға жетті. Бұл беделді ұйым жер бетіндегі жағдайды реттеуге шамасы келмей қалды. Алпауыт мемелекеттерге жалтақтау бар. Соның нәтижесін бүгін байқап отырмыз. Қарулы қақтығыстар орын алған елдердегі жағдайды жете тексеру, оның нақты себептерін анықтау атымен жоқ. Тексеріс жасағандай кейіп танытады. Ал шын мәнінде күштілердің қабағына қарайлайды. Әйтпесе, Таяу Шығыстағы елдерде бір атаның балалары бір-біріне қару жұмсайтындай, өз халқынан ала алмай жүрген қандай өші болуы мүмкін? "Лаңкестер" деген жаңа желеу тамаша себеп-салдар болды біреулер үшін. Бірақ, сол теріс пиғылды арандатушылар өз бастарына өздері пәле тілеп алғанын да байқамай қалды.Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өзге бір елдегі оппозицияны немесе билікті қолдап қарулы қақтығысқа кіріскен елдерде ірі лаңкестік әрекеттер орын ала бастады. Оған таяу арада болған Париждегі жарылыстар мен Ресей ұшағының күлі көкке ұшқанын айтсақ та жеткілікті. Оған Америкадағы Дүниежүзілік сауда үйінің талқандалғанын қосып қойыңыз. Енді олар өздері жаққан отты өздер өшіре алар ма екен? Лаңкестік бұрыннан бар құбылыс. Бірақ, дәп осындай деңгейде болып көрген емес. Байқап отырсақ, бұл Кеңес үкіметі құлап, екі жүйе арасындағы "қырғи қабақ" соғыс аяқталған соң қарқын алды. Капиталистік жүйеге өзінің басты қарсыласы социализмді бір оқ шығындамай-ақ жер жастандырған соң, өзге елдердің қарқынын басу үшін бір "жау" керек болды. Оған - лаңкестер деген топ дөп келді. Бір жағынан оларды қаржылай және қару-жарақпен қолдап, екінші жағынан "Лаңкестерді құрту керек!" деген ұран ұстап әлемге жар салу саясаты байқалады. Осы арқылы өздерінің жаңа қару-жарақтарын сынап, екінші жағынан саяси және экономикалық үстемдікті көздегендер ештеңеден тайынар емес. Жақында Түркияда өткен "Үлкен жиырмалықтың" жиынында Ресей президенті Владимир Путин өз сөзінде арнайы тексерулер жүргізіп, әлемнің қырық шақты елі лаңкестерге қаржылай көмек беріп отырғанын анықтағаны туралы, соның ішінде бүгін бас қосып отырған жиырма мықтылардың да барын ашық айтты. Біздіңше бұл негізсіз емес. Аттарын атамаса да бұл анық айғақ. Алып елдің басшысы бос қиялға беріліп, дүниенің төрт бұрышын тіреп тұрған құрметті қауымға құрғақ сөзден қуырдақ ұсынбасы белгілі. Өтірік болса сол жерде-ақ өзгелер Путиннің парша-паршасын шығарар еді ғой. Жоқ, өйте алмады, жараның бетін тырнамай тыныш құтылғанды жөн көрді. Бұдан кейін терроризмнің түп-тамыры қайда жатқанын дәлелдеудің қажеті жоқ шығар. Сөз жоқ, біздің бұл жеке пікірімзге ойбайлап, атойлап қарсы шығатын саясаткерлер де табылатынын жақсы білеміз. Өйткені әрбір саясаткер өз елінің, өз иелерінің сойылын соғатыны түсінікті. Демократиялық қоғамда кім де болса өз пікірін ашық білдіруге құқылы екені рас болса, саясаткерлерге берілген мүмкіндік өзгелерге де жат емес шығар. Қазақша айтсақ - «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». ҮСТЕМДІК ПИҒЫЛ ЖОҒАЛМАЙ ЖЕР БЕТІНДЕ ТЫНЫШТЫҚ ОРНАМАЙДЫ Алдында айтқанымыздай, адамзат тарихы алдау-арбау, атыс-шабыс, қанқұйлы соғыстарға толы. Бір қарағанда адамдар онсыз өмір сүре алмайтын да сияқты. Тіпті жаратылыс заңы осылай ма деп қаласыз. Азуларын айға білеген мемлекет басшыларының аузына қарасаңыз олардан бейбіт, олардан әділ, тап солардан артық қойдан жуас ел жоқ сияқты. Құлақ түрсек олар басқа елде әділдік орнату үшін, сол елдің халқын езгіден құтқару үшін бастары қатты аурып, жандары күйзеледі екен. Бұл не деген жанашырлық десеңізші! Сонда дүниенің екінші бұрышында өз күндерін өздері көріп жатқан жат жұрт олардың екі туып бір қалғаны ма? Әлде алпауыт мемлекеттерге соншалықты қауіп төндіріп қойып па? Жоқ. Бұл жерде мықтылардың өз ішкі есебі, жасырын жатқан мүддесі бар. Өз қазанында қайнап жатқан қатардағы елдер мықтылардың маңына да жолай алмайды. "Аш пәледен, қаш пәле" демекші, өз күндерін күйттегендер ордалы жыланның құйрығын басатындай естері ауысқан жоқ шығар. Әлсіздің мықтыға барып соқтығысуы әлі әлемдік тарихта болып көрген жоқ. Керісінше мықтылар әлсіздерді басынады немесе өзімен иық тірестіре бастағандарды әлсіретуге тырысады. Қазір қай мемлекет болсын өздерін әділміз деп көрсетуге әуес, құйтырқы әрекеттерін басқа бір ұранмен безендіріп, ол үшін небір саяси бұралаң әрекеттерге барады. Біз қандай да бір елдің мүддесін қорғап, шашбауын көтеруді мақсат тұтып отырған жоқпыз. Адамзатқа бейбіт қатар өмір сүру үшін не жетпейді деген жалпы адами сұрақ қана мазалайды. Бұл мәселе бүгінгі күні жер бетіндегі бүкіл бейбітшілікті қолдайтын адам баласын мазалайтыны анық. Солардың бәрі бейбіт өмір сүруді армандайды. Өкінішке орай оған әлі де қол жеткізе алмай келеміз. Түсінгеніміз, адам баласы басына пәлені өзінің теріс пиғылынан табады. Сол теріс пиғыл түзелмей адамзат үшін жер бетінде ешқашан тыныштық орнамайды.Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz