ЕУРОПА МИГРАЦИЯЛЫҚ ДАҒДАРЫС ШЕГІНЕ ЖЕТТІ
2015 ж. 16 қараша
7038
0
Еуропалық одақ тығырыққа тірелді. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадан кәрі құрлыққа толассыз ағылған босқындар тасқыны осынау аты дүбірлі ұйымды сарсылтып қойған жайы бар. Оларды «Заңсыз мигранттар», «уақытша босқындар» деп қанша алдаусыратқанмен, бұл ділгірлік шын мәніндегі «ғасыр қайғысына» айналғалы отыр дейді мамандар. Жол азабы мен қауіп-қатерге қарамастан, жүздеген мың адам Еуропаға қарай ағылуын тоқтатар емес. Ал Еуропалық одақ әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі тақырыбына айналған миграциялық дағдарыс мәселесінде әлі күнге дейін қандай да бір ілгерілеушілік байқатпай келеді. Осынау қоғамдастыққа мүше мемлекеттер қаншама рет талқыға салып, дауыс беру арқылы қабылданған шешімдерін жүзеге асыруға асықпайды. Жағдай болса ушығып барады. Бәрібір, алқалы жиындарда келісілген міндеттемелерді орындауға ешбір ниет нышаны көрінбейді.
Ең «қонақжай» ел Германия болып тұр
Еуропа одағы елдерінің ішкі істер министрлері Брюссельдегі төтенше кездесуде миграциялық дағдарысты қайта талқылайтын болды. Сөйтіп, жиырма сегіз елдің Ішкі істер министрлері әлем назарындағы басты мәселенің біріне айналған миграциялық дағдарыстан шығу жолдарын қарастыруды жалғастырады. Келімсектерді қабылдаушы мемлекеттердегі жағдайдың ушығып кетуіне байланысты биылғы жылдың соңына дейін жаңа төтенше отырыс өткізуге шешім қабылданды.
«Миграциялық дағдарысты талқылау үшін ішкі істер министрліктері басшыларының деңгейіндегі кеңес Брюссельде жиналатын болады. Кеңес осы мәселеге байланысты жағдайдың ушығуына орай Еуроодақ әрекетінің күшейтілуін, алдағы іске асырылатын шаралардың қабылдануына кепілдік берілуін, сондай-ақ, қол жеткізілген келісімдердің орындалуын көздейді», – деп хабарлады кеңестің баспасөз қызметі. Олар, сонымен қатар, алдағы отырыста келісім жасауды көздеп отырған жаңа шаралардың негізінен жүргізіліп жатқан мигранттарды көшіру үдерісін жеделдету, Еуропалық одақтың сыртқы шекарасын бекіту және босқындарды елдеріне қайтару мәселелеріне қатысты болатынын жеткізді.
Қоғамдастықтың серкелері түрлі деңгейдегі жаңа төтенше жиындарды бірінен соң бірін өткізуде. Алайда, ол отырыстардың барлығы дерлік түн ортасына дейін жалғасқанымен, ешбір нақты нәтижеге жеткізе алар емес. Бұл орайда қабылданған ең бір маңызды шешім – Италия мен Грекияға келген 160 мың мигрантты Еуроодақтың өзге елдеріне орналастыру ісі. Десек те, осы жұмыстың өзі өте баяу жүргізілуде. Италия мен Грекиядағы келімсектерді орналастыру жөніндегі келісім осыдан екі ай бұрын одаққа мүше мемлекеттердің дауыс беруі арқылы біршама қиындықтармен қол жеткізілген болатын. Алайда, қазіргі уақытқа дейін бар болғаны 100 адам ғана одақтың басқа елдеріне көшірілді.
«Орналастыру механизмі аясында бүгінгі таңда Еуропалық одаққа мүше 15 ел баспана сұрағандарға көмектесуге дайын екендерін білдірді. Келімсектерді орналастыруға қажет болатын 160 мың орынның 2314-і пайдалануға дайын», – деді Еурокеңес өкілі. Қоғамдастық жетекшілері Брюссельдегі әр мәлімдемелерінде ЕО-ға мүше елдерді миграциялық дағдарысты шешу мақсатында қосымша қаражат бөлудегі өз міндеттемелерін орындамайды деп айыптауда. Соңғы кездесулердің бірінде Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер атап өткендей, ЕО елдері миграциялық бюджетке 2 млрд. доллардан астам қаражат бөлулері қажет екен, алайда оны орындамай келеді.
Ішкі істер министрлерінің отырысы Валлеттада болатын екі саммиттен кейін өткізіледі. «Егер жағдайды қиындата түспейміз десек, жылдамырақ әрекет етуіміз қажет. Сондықтан, мен Валеттада болатын саммиттен кейін бірден ЕО мемлекеттері мен үкіметтері басшыларының бейресми кездесуін өткізуді шештім», – деп мәлімдеді Еурокеңес басшысы Дональд Туск. Оның айтуынша, отырыстың мақсаты бірінші кезекте қабылданған шараларды бағалау болмақ. Осылайша, ЕО лидерлері, негізінен, үшінші елдермен (Түркияны қосқанда) миграция саласындағы ынтымақтастықты, келімсектерді көшіру жөніндегі шаралардың жүзеге асырылуын, Грекия мен Италия аумақтарында босқындарды қабылдайтын орталықтар құруды, сондай-ақ, қоғамдастықтың сыртқы шекараларындағы бақылауды қарқынды түрде күшейтуге бағытталған шараларды талқыға салады.
«Кәрі құрлықтың» бас ауруына айналған миграциялық дағдарыс соңғы айлар бойы одан шығу жолдарын барынша қарастырып жатқан Еуропалық одақтың басты проблемасы болып қалуда. Еурокомиссияның соңғы болжамдары бойынша, ЕО-ның 28 елінен баспана сұрап жатқан мигранттардың саны жылдың соңына дейін миллионға жетеді немесе одан да асып жығылады.
Одан бөлек, Еуроодақтың миграция жөніндегі жоспарланбаған соңғы саммитінде Еуропалық көршілестік саясаты және сыртқы кеңею істері жөніндегі еурокомиссар Йоханнес Ханның айтуына қарағанда, қыстың жақындауы мен ауа райының сууы босқындар легінің көбеюіне соқтыруы мүмкін.
«Қазір Еуропалық одақтың айналасындағы мемлекеттерде 20 миллионнан астам мигрант болуы ықтимал. Сириядағы соғыс қимылдарының жандануы келімсектер санының артуына соқтыруы мүмкін – деді ол. – Алеппо ауданында болған соғыс қимылдарының өзі қосымша 3 млн. босқынның келуіне себеп болуы ықтимал».
Еуроодақтың басқарушы органдары келімсектерді елдеріне қайтару жөнінде жоба ұсынды. Оған сәйкес, Африка елдеріне ондаған мың мигрантты отандарына қайтару мақсатында 2 млрд. доллар бөлінеді. Бұл жөнінде «Sunday Telegraph» газеті жазды. Басылымның хабарлауынша, Еуроодаққа мүше мемлекеттердің министрлері қазіргі миграциялық дағдарысты реттеуге бағытталған батыл жоспар дайындаған. Қоғамдастық келімсектердің бір бөлігін елдеріне қайтару мақсатында айтарлықтай қаржылай немесе өзге де қолдау көрсетуге дайын екенін білдірген.
Африка құрлығының Эфиопия, Судан, Уганда мен Кения елдеріне барлығы 2 млрд. доллар қаражат ұсынылмақ. Осыған байланысты жақын арада арнайы «мақсатты қор» құру көзделіп отыр. Қаражат келімсектерді Еуропадан елдеріне қайтарып, ол жерде олардың өмір сүруіне қажетті керек-жарақтарымен қамтамасыз етуге жұмсалады. Дегенмен, африкалық үкіметтерді ондаған мигрантты елдеріне қабылдауға көндіру үшін оларға құрлықтың «жоғары білікті» жұмысшылары үшін «визалық режімді жеңілдетуді» ұсынуға тура келеді. Былайша айтқанда, мыңдаған африкалық студент, дәрігерлер мен кәсіпкерлер Еуроодақ аумағына кедергісіз кіре алады деген сөз.
Есте болса, Германия канцлері Ангела Меркель қазіргі дағдарысты Еуропаның «әмбебап адам құқына» адалдығын тексеруге арналған сынақ деген еді. Ал Германияға келген мигранттардың ішінде Сирия, Ауғанстан, Ирак, Эритрея және Батыс Балқан елдерінің азаматтары бар. Кейбіреулерінің босқын мәртебесін алуға мүмкіндігі көбірек болып тұр. Сириялықтардың мүмкіндігі бәрінен жоғары тәрізді. 2014 жылы босқын мәртебесін алуға ниет білдірген 26 мың сириялықтың тек 1 пайызының өтініші қабылданбады. Германия Сириядан келген босқындарды қабылдайтын Еуропа одағының ең «қонақжай» еліне айналды. Төртжылдық соғыс салдарынан Сирияда 240 мың адам опат болса, 4 миллионға жуық адам босып кеткен.
Мажарлар құшақ жаймады
Ал, Венгрия билігін Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадан ағылған босқындар мәселесі қатты мазалап отыр. Босқындар мен тәртіп сақшылары арасындағы қақтығыс та жиілеп кетті. Өткенде Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан босқындардың Еуропаға нендей мақсатпен ағылғанын өзінше долбарлап, мәлімдеме жасаған еді. Оның айтуынша, босқындар аталған аймақтардағы қарулы қақтығыстар мен соғыстан қашып келмеген, олар соғысты сылтау етіп, кәрі құрлықтағы жайлы өмірге қызығып келіп отыр. Осылай дей келе ол: «Жайлы өмірге мүмкіндік беретін түпкілікті құқық болмайды, тек қауіпсіздік пен адам абыройына қатысты құқыққа қана кепілдік беріледі», – деді. Осылай деген Мажарстан премьері босқындарға «келген іздеріңмен кері қайтыңдар» деп кеңес берді. Бұл сөздің жаны бар. Мәселен, сербтердің Субботица қаласында босқындарға үстіміздегі жылдың қыркүйек айының 8-і күні уақытша лагерьді паналау турасында ұсыныс айтылған екен. Алайда, босқындар бас тартып, түпкі мақсаттары Германияға жету екенін жасырмаған. Босқындар қарасының көбеюіне байланысты Венгрия қарулы күштері арнайы әскери жаттығу өткізуге мәжбүр болған еді. Бұған қоса, тікенек сым темірмен шекарасын нықтап жатыр. Әрине, Венгрияның бұл әрекеті Еуропалық одақ тарапынан қатты сыналды. Әрі Венгрияға ЕО босқындарға қатысты ұстанымдарында сабырлы болуға шақырды.
АҒЫЛЫП-ТӨГІЛІП ӘЛІ КЕЛІП ЖАТЫР
Долбар бойынша, биыл Германияға 800 мыңдай босқын келуі мүмкін. БҰҰ дерегіне қарағанда, 2015 жылдың алғашқы жарты жылдығында Еуропаға теңіз арқылы 137 мың босқын өткен. Бұл 2014 жылдың алғашқы алты айымен салыстырғанда 80 пайыз артық. Бір Грекияның өзіне келген босқындар саны – 68000 адам. Еуропаға қарай қашып жатқан босқындардың көбі Сириядан көрінеді. Ұзын саны – 44 мың адамдай. Одан кейінгі орында Эритерия мен Ауғанстан тұр. БҰҰ есебінде босқындар Еуропа жағалауларына Жерорта теңізі арқылы келгені және қолдан жасалған, қауіпсіздік талаптарына сай емес қайықтарды пайдаланғаны айтылған.
Бұл туралы БҰҰ-ның жоғарғы комиссары Антонио Гутерриш Иорданияда өткен Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдеріне қатысты Дүниежүзілік экономикалық форумда мәлімдеді.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті