Енді АҚШ-ты аға тұтамыз ба?
2015 ж. 10 қараша
2936
0
Орталық Азиядағы бес мемлекеттің Сыртқы істер министрлері
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің қатысуымен Өзбекстанның Самарқанд қаласында бірлескен әріптестік және ынтымақтастық декларациясына қол қойды.
Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан сыртқы істер ведомство жетекшілерінің АҚШ ресми өкілімен болған бұл кездесуін қыркүйекте Нью-Йоркте өткен С5+1 форматындағы келіссөздің заңды жалғасы деуге негіз бар.
Кімді сағалаған жөн?
Бірлескен декларацияда АҚШ-тың «Орталық Азияның әр мемлекетінің дербестігі, территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдайтыны, сондай-ақ осынау аймақ елдері бір-бірімен өзара тиімді қарым-қатынас жасауы қажет екені айтылған. С5+1 форматындағы кездесу алты ел арасында қауіпсіздік, сауда, трансшекаралық қауіптер, есірткі саудасы мен қару-жарақ саудасының алдын алу мәселелерінде ынтымақтастықты дамыту үшін тұрақты өткізіліп тұрмақшы. Кездесуде аймақтағы елдердің экономикалық өсіміне, қоршаған ортаны қорғау, аймақ қауіпсіздігін, тұрақтылық пен адам дамуын қамтамасыз етуге қатысты мәселелер де талқыланды.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Орталық Азия елдеріне сапарын жуырда Қырғызстаннан бастаған-ды. Бішкекте ол Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевпен, Сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Эрлан Абдылдаевпен кездесті.
Қарашаның екісіне дейін ол осы аймақтағы өзге төрт елді де аралап шығады. Мемлекеттік хатшы міндетін атқарған екі жарым жылдан астам уақыт ішінде Керри бұл аймаққа алғаш рет келіп отыр. Ал АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен бастағалы отырған жаңа қарым-қатынасын Ауғанстан оқиғасынан кейінгі байланыс деп атауға да болады.
АҚШ 2016 жылдың соңына дейін Ауғанстанда әскерінің бір бөлігін ұстап тұрса да, бұдан былай ол Орталық Азия мемлекеттерінің көңілін аулауға мұқтаж емес. Қырғызстандағы Манас базасы жабылып қалған, Тәжікстан астанасы Душанбенің шетіндегі НАТО базасы да жабық.
Еуропадан Ресей және Орталық Азия арқылы Ауғанстанға теміржолмен және жолмен азық-түлік тасыған «Солтүстік тарату желісі» (NDN) өткен жылы қызметін тоқтатты. Демек, аймаққа осы сапары кезінде Джон Керри соңғы он бес жылдық кезеңде АҚШ мемлекеттік хатшылары арасындағы өз күшіне нық сенімдісі болмақ. Ал сыртқы саясаты тепе-теңдікті ұстап тұруға негізделген Орталық Азия елдері АҚШ көмегін қажетсінуі мүмкін. Еуразия құрлығының бұл аймағында сыртқы ойыншылар аз емес, бірақ солардың негізгі үшеуі: Ресей, Қытай және АҚШ.
Егер Американы дос әрі әріптес санатынан жоғалтаса, Орталық Азия Ресей және Қытаймен қалады. Бұлар іркес-тіркес орналасқан көрші мемлекеттер болғандықтан, аталған алпауыт елдер қысымды кенет күшейте бастауы да ғажап емес. Егер осы екеуінің бірі немесе екеуі бірлесіп аяқ астынан Орталық Азияға қыспақ жасауды ұйғарса, аймақтағы елдер арасынан оған төтеп бере қоятыны кемде-кем; сондықтан, ықпалды сыртқы күшке жүгінуге тура келмекші.
Тағы бір есте ұстарлық жайт, АҚШ-тың Ауғанстанға «қос тігуін» әркім өзінше бағаласа да, 2001 жылдың соңынан бастап АҚШ әскери күштері Ауғанстанда болған кезде Орталық Азия елдері қауіпсіздік тұрғысынан ұтқаны анық. АҚШ, тіпті, оларға әуежайларын қолдануға бергені үшін аймақтағы әр елді қаражатпен де жарылқады және бұл елдер өз аумағы арқылы тауар тасымалдағаны үшін де тиісті ақысын алды.
Бұл сапарында мемлекеттік хатшы АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы жаңа қарым-қатынастарды талқылау үшін келіп отыр.
Орталық Азия елдеріне сапары қарсаңында Джон Керриді бірқатар халықаралық ұйымдар мен АҚШ-тың кейбір саясаткерлері аймақтағы үкіметтерге сол елдердегі бұзылып отырған адам құқықығының жағдайын ашық айтуға шақырған.
Бұрын Орталық Азия елдері басшылары өз ойындарын жүргізе алатын, себебі, АҚШ оларға тәуелді еді. АҚШ үшін қазір 1990 жылдардағыдай, өз идеалдары мен құндылықтарын бөлісетін, ең болмағанда бөлісуге тырысатын Орталық Азиядағы әріптес елдермен дос және одақтас болуға көбірек назар аударып, сол кездегі саясатқа қайта оралуға қолайлы сәт туып тұр.
Ал Орталық Азия елдеріне бұдан былай «біз демократияға өз салт-дәстүріміз бен тарихымызды ескере отырып жылжимыз» деген сылтауды көлденең тартудың мәні қалған жоқ. Оған мысал ретінде, демократиялық қоғам орнату тәжірибесі Орталық Азия елдерінен көп деуге келмейтін Моңғолияның бұл істе қол жеткізген табысын атауға болады.
Аймақтық жанжал қаупі
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри «Тәжікстан басшылығымен қауіп-қатерлермен бірлесіп күресу перспективаларын және халықты электр қуатымен қамтуды жақсарту мәселелерін талқылады» деп хабарлады.
Тәжікстанға біркүндік сапармен барған АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри ел президенті Эмомали Рахмонмен кездесті. Джон Керри Тәжікстан халқын электр қуатымен қамтамасыз етудегі қиындық пен ірі су электр станцияларын салу жөніндегі мәселеге қатысты Ташкент пен Душанбе арасындағы даудан АҚШ хабардар екенін айтты. Оның айтуынша, Душанбеде Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесуінде халықты электр қуатымен қамтудың балама жолдарын талқылаған.
– Тәжікстан халқын электр қуатымен қамтамасыз ету көздерін іздестірудің түрлі жолдарын талқыладық. Біз Тәжікстан электр қуатымен өз халқын ғана қамтамасыз етіп қоймай, оны Ауғанстанға да экспорттауына мүмкіндік беретін бесжылдық жобаны іске асырмақпыз, – деп мәлімдеді Керри Тәжікстан Президентімен кездесу қорытындысына арналған брифингте.
Тәжікстан басшысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар саясат, экономика, сауда-саттық, білім беру, мәдениет және гуманитарлық салаларда жан-жақты ынтымақтастық орнату перспективаларын талқылаған. Халықаралық терроризммен күрес мәселелеріне, Ауғанстандағы жағдай мен оның даму перспективаларына да көңіл бөлінген.
Тәжік Президенті баспасөз қызметінің дерегінше, Керри Рахмонмен кездесуінде «Тәжікстанға сапарымның мақсаты – бұған дейін Бішкек, Самарқанд және Астанада өткізген кездесулерімнің қорытындыларын талқылау» деп мәлімдеген.
Тәжікстан жетекшісі баспасөз қызметінің дерегінше, Джон Керри: «Өзінің экономикалық проблемаларын шешуге тырысып отырған Тәжікстанның тәуелсіз мемлекет екенін АҚШ мақтан етеді. Тәжікстанмен ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз. Біз АҚШ пен Тәжікстан ынтымақтастығының айрықша мәні бар деп санаймыз, өйткені Орталық Азияның өзге елдерімен салыстырғанда, Ауғанстанмен көршілес Тәжікстанның орны біз үшін ерекше» деген.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Тәжікстан үкіметінің елді коммуникациялық оқшаулаудан шығаруға тырысқан күш-жігерін АҚШ-тың қолдайтынын мәлімдеді. Сарапшылар Керридің сапары АҚШ пен Ресейдің аймақтағы саяси ықпалын теңестіру мақсатын көздейді деп санайды. Орталық Азия елдеріне сапары аясында Керри Самарқандта аймақтағы бес елдің сыртқы істер министрлерімен «С5+1» форматында кездескен. Бұл елдердің сыртқы саясат ведомство басшылары бұл форматта алғаш рет биыл қыркүйекте Нью-Йоркте сөйлескен. ТАСС-тың хабарлауынша, Керри ол кездесуде сөйлеген сөзінде Вашингтон Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасын «тиімсіз ойын» деп қарастырмайды деп мәлімдеген. «Бір елмен достығымыз екінші бір елмен достық орнату мүмкіндігіне кедергі келтірмеуі тиіс екенін ашық айтуға тиіспіз. Кез келген (өзге) мемлекетпен қарым-қатынас орнату немесе орнатпауды әр ел сыртқы қысым мен қорқытып-үркітусіз өзі шешуі тиіс. Бұл – бізді келіссөз жүргізуге бастайтын іргелі принцип» деп мәлімдеген АҚШ мемлекеттік хатшысы.
Сарапшы Аркадий Дубновтың пікірінше, Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көп жыл жауапты болған АҚШ енді аймақ елдерін «Ауғанстан шекара шырқын бұзбайды және аймақтағы жағдайды ушықтыруды көздейтін күштерді қолдамайды» деп сендіруге тырысады.
АҚШ мемлекеттік департаментінің хабарлауынша, Керри Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімен кездесуінде «Жаңа Жібек жолы» жаңа экономикалық жобасын іске асыруға көмектесуге уәде еткен және суды тиімді пайдалану мен Арал теңізінің тартылу қаупін азайтуға арналған жаңа екі бағдарлама енгізілетінін жариялаған. Көрші елдердің аймақтағы су ресурстарын пайдалануға қатысты талай жылға созылға дауының Президент Ислам Каримов ескерткендей, жаңа аймақтық жанжалға ұласу қаупі бар.
Осы даулы мәселеде АҚШ делдал рөлін атқарғысы келетінін айтқан сарапшы Дубнов «бұл ділгірлікті шешу оңайға түспейді» деп санайды. Оның пікірінше, бүкіл мәселе ең әуелі аймақ елдері басшыларының бір-бірімен жеке қарым-қатынасына тіреледі, әрі билікте қазіргі басшылар отырған кезде бұл проблеманың шешілуі екіталай. Дубновтың пікірінше, Кремль өз ықпал аймағы санайтын Орталық Азиядағы АҚШ-тың кез келген әрекеті Ресейдің мүддесіне қатер деп қарастырады.
Сарапшылардың пікірінше, Вашингтонның бұл елдерге тәуелділігі он бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда біраз азайғандықтан, енді АҚШ аймақ елдерімен қарым-қатынасын жаңадан реттеуге тырысып отыр. Бірақ АҚШ-тың аймақтағы ықпалын қолдау қажеттігі әлі де өзекті. Саяси мәселелер жөніндегі сарапшы Парвиз Муллоджановтың пікірінше, АҚШ Ресейдің мүддесі бар аймақтағы ықпалын теңестіргісі келеді.
Керридің Орталық Азия елдеріне сапары Ашхабадта аяқталып, ол Лондонға ұшады деп жоспарланған.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті