Орталық Азия: төбедегі қара бұлт қашан сейіледі?
2015 ж. 13 қазан
2640
0
Бүгінде Орталық Азия республикалары көкпарға тартылған лақтың күйін кешуде деуге болады. Бұлай деуіміздің өзіндік мәнісі бар.
Біріншіден, бұл аймақ – АҚШ, Ресей, Қытай, Түркия, Үндістан, Иран, Пәкістан секілді ірі мемлекеттердің үлкен мүдделері тоғысқан жер. Бұлардың қай-қайсысы да өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ғана тәуелсіздікке ие болған Орталық Азияның жас мемлекеттеріне ықпал жүргізуге бейіл. Өйткені, 60 миллионға тарта адам ресурсы мен ұшан-теңіз табиғи байлыққа ие бұл өңір қайжағынан да «тәбет» оятпай қоймайды. Екіншіден, бүгінгі күні алпауыт елдердің өзара аймаққа ықпал ету күресінен тыс радикалды исламдық топтардың тартысы асқынып барады. Мақсат – Ислам халифатын құру. Содырлардың әр жылдардағы қырғыздың Ош облысы, өзбектің Ферғана аймағындағы өзара жанжал, текетірестерінің өзегінде осындай қатерлі пиғыл жатыр.
«Ислам мемлекеті» тобының бәлекеті
Кешегі Ауған және Пәкістан жерінде әрекет етіп келген тәліптермен «әл-Қаида» содырларына енді Таяу Шығысты қанға бояған «Ислам мемлекеті» (ИМ) тобы қосылды. Қазірдің өзінде қанды жорықтары арқылы әлемді дүрліктірген бұл топ Ауғанстандағы жиырма бес провинцияны өз бақылауына ала бастаған. Бұл үлкен қауіп-қатердің басы болса керек-ті. Көптеген сарапшылар «Ислам мемлекетінің» түпкі мақсаты ауған жерін плацдарм ретінде пайдалана отырып, Орталық Азия республикаларына, Қытайдың Шыңжаң өлкесіне, Кавказға һәм Қазақстан мен Ресейдің Башқұрт, Татарстан өңірлеріне «қазық» қағу, яғни бақылау орнату, халифаттық идеологияны жүргізу» дейді. ИМ-нің бүгінгі әрекетіне қарап, болжамды жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, Сирия мен Ирактағы ИМ тобында мыңдаған Ресей, Орталық Азия, Кавказ елдерінің азаматтары жүр. Олардың бәрі ИМ-нің идеологиясымен уланғаны мәлім. Ертең олар елге оралған соң әсте тыныш жатпасы белгілі. Халықты іштен ірітудің қамына кірісері хақ.
Осыдан біраз бұрын ауған аймағынан төнетін қатер жөнінде Тәжікстан президентінің ұлттық қауіпсіздік мәселелер жөніндегі көмекшісі Шерәлі Хайруллоев, Тәжікстан шекара әскері қолбасшысы Раджабали Рахмонали мәлімдеме жасаған-ды. Олардың айтуынша, «Ауғанстанның солтүстігіндегі Құндыз провинциясындағы Дешті Арчи және Имам Сахиб уездерінде ішінде «Ислам мемлекеті» террористік ұйым мүшелері бар бір жарым мың содыр шоғырланған» көрінеді. Келтірілген деректерге сүйенер болсақ, содырлар арасында «Талибан», «әл-Қаида», «Ислам мемлекеті», «Өзбекстан ислам қозғалысы» және «Ансаруллох» ұйымы мүшелері бар. Мәліметке қарағанда, содырлар «Тәжікстан шекарасының тура іргесінде Ауғанстан үкімет күштеріне қарсы соғысып жатыр». Яғни, соғыс қимылдары Тахар, Құндыз және Бадахшан провинцияларындағы үздіксіз жүріп жатыр деген сөз.
Алда-жалда бұл қақтығыс шекараның бергі бетіне ауыспасына кім кепіл? Кейбір деректер «содырлар Тәжікстан бағытында 4-5 мың, ал Түрікменстан шекарасының маңына 2-3 мың қарулы топты жинақтай бастады» деседі. Демек, Орталық Азия елдеріне бір қауіптің төне бастағаны анық. Мәселен, шілденің 16-сы күні қырғыз билігі Ораза айт басталатын 17-шілде күні адамдар көп жиналған жерде және Қант қаласындағы ресейлік әуе базасына шабуыл жасамақ болды» деген күдікке ілінген содырлар тобын жойды. Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мем-лекеттік комитетінің (ҰҚМК) ақпараты бойынша, топ «Ислам мемлекеті» халықаралық террорлық ұйымына қарайды екен. Осының өзі-ақ ИМ-нің диверсиялық топтары Орталық Азия елдеріне біртіндеп ене бастағанын көрсетеді. Бұдан біраз бұрын осы өңірде ИМ-нің бақылауындағы «Мауренахр» тобы құрылып жатқаны жөнінде дабыл қағылған. Тіпті осы ұйым үшін ИМ 70 миллион доллар аударғаны жөнінде сыбыс та естіліп қалған. Егер бұған осы аймақты үрейге батырып отырған «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Шығыс Түркістан ислам қозғалысы», «Ислам жихад одағы», «Хизб ут-Тахрир», т.б. ұсақ топтар қосылатын болса, қаһарлы күшке айналары хақ. Бұлардың қармағында қазірдің өзінде қарулы 2-3 мың адам бар көрінеді. Ал оған осы топтарды іштей болса да жақтап жүрген ондаған мың адамды қосыңыз, онда Тәжікстан, Қырғызстан секілді әскер құрамы шағын елдер төтеп беруі екіталай. Себебі, мұндай ұйымдар еш уақытта қарсы келіп, майдан алаңында кездеспесі белгілі. Тек тұтқиылдан келіп жарып кету, атып кету секілді партизандық соғыстың көрігін қыздыра алады.
Еске сала кететін бір жайт, 1999 жылы құрамында мыңға тарта содыры бар «Өзбекстан ислам қозғалысы» Қырғызстанның оңтүстікте жатқан аудандарына басып кіріп, қанды қырғын жасаған. Ал қазір бұл қозғалыс өкілдері ол кезге қарағанда біршама жаттыққан, ысылған. Көбі Таяу Шығыстағы Ирак, Сирия жерінде жүріп жатқан соғысқа қатысып тәжірибе жинақтағандар. «Егер Орталық Азияда жасырын түрде әрекет етіп жүрген осы ұйымдардың бәрінің басын ИМ өз туының астына жинайтын болса, бұл – орасан күш. Онымен күресу өте қиынға соғады» дейді сарапшылар.
Расында, бұған дейін де «Ислам мемлекеті» тобының содырлары Орталық Азияда өзіндік халифат тұрғызуға күш салатындықтарын мәлімдеген болатын. Енді сол айтқандарын іспен дәлелдеуге тырысып жатқанға ұқсайды. Олай болатын болса, Орталық Азия елдері қандықол содырлардың дегеніне көніп отыра бере ме, әлде оларды ауыздықтау үшін әрекет ете ме?
Тәжікстан төңірегіндегі түйткіл
Жалпы, Орталық Азия аспанын бір қара бұлт торлай бастағандай. Бұлай деуіміздің де жөні жоқ емес. Себебі,қайталап айтайық, мұнда да Таяу Шығысты қанға бөктіріп жатқан «Ислам мемлекеті» содырларының қара туы қаптап көтерілуде. Тіпті, өрескел әрекеттерге, қанды қақтығыстар үйреншікті жағдайға айналды. Бұл жақсылықтың нышаны болмаса керек-ті. Кеше ғана Тәжікстанда болған қарулы қақтығыс осының бір көрінісі.Тәжік президенті Эмомали Рахмонның бұйрығымен орнынан алынған Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Абдулхалим Назарзода қарулы жасағын алып тауға шығып кетті. Жай кеткен жоқ, Вахдат шаһарындағы ІІД бөліміне шабуыл жасады. Бұл қақтығыста күштік құрылым жағынан 30-дан астам жауынгер қаза тапса (ресми Душанбе 9 милиционер деп көрсетеді). Назарзоды тобынан 13 адам оққа ұшқан көрінеді. Жалпы, генерал Абдулхалимнің тобындағылар жай адам емес, елдегі шабуылдаушы-десанттық ротаның 136 жауынгері бар. Бұлардың бәрі жақсы әскери дайындықтан өткендер. Сондай-ақ олар өздерімен бірге екі КАМАЗ-ға тиелген қару-жарақты ала кетсе керек. Қазір бүлікшіл генералдың тобы Душанбеден 45 шақырым жердегі таулы Ромит шатқалына барып жасырынған. Бір белгілі жайт, Абдулхалим Назарзода Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясының белді мүшесі. Елді қанға бөктірген 90-жылдардағы азамат соғысында Хажы Халим деген атты жамылған дала командирі болған. Тек 1997 жылы Біріккен тәжік оп-позициясымен билік арасында болған бейбіт келіссөзде оппозицияға берілген 30 пайыздық квотаның арқасында күштік құрылымға қызметке кірген еді. Ал 2014 жылы Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалған. Ендігі тағдыры міне! Дегенмен, генерал Вахдат пен Душанбенің шет жағында болған қарулы қақтығысқа еш қатысы жоқ екенін мәлімдеп үлгерді. Сондай-ақ Вахдат қаласына келген президент Эмомали Рахмон да күштік құрылымдарға шабуыл жасаған «Ислам мемлекеті» террорлық топтың адамдары дегенді жария етті.
Президенттің айтуынша, ол топтың құрамында Вахдат шаһарының қырық алты тұрғыны болған. Мейлі ғой, Тәжікстанда төңкеріс жасағысы келген генерал ма, әлде «Ислам мемлекеті» тобының содырлары ма, әйтеуір бұл елде үлкен бір дүмпудің нышаны сезіле бастады. Өйткені 2012 жылы жазда Таулы Бадахшан ауданында да осындай қанды қақтығыстар орын алып, билік үш мыңнан астам әскер мен ондаған техника төге отырып, қырғынды әрең тоқтатқан. Әзірге тауда жасырынған топ ауыздықталған жоқ. Демек, қақтығыс біразға дейін созылуы мүмкін. Егер де Абдулхалим Назарзода Тәжікстанның ислам қайта өрлеу партиясының белді мүшесі болса, онда елдегі осы партияның мыңдаған мүшесі көмекке келуі бек мүмкін. Онда шағын қақтығыстың арты үлкен соғысқа алып келуі ықтимал.
Қырғыз елі де тыншымай тұр
Сол секілді қырғыз елінде де үлкен бір дүрбелеңнің басталып кеткені анық. Бұл – 4-қазанға белгіленген парламент сайлауының дүбірі.
Қазір осыған қызу дайындық, үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр. Сайлауға он төрт партия түспекші. Демек, тартыс солардың арасында өрбиді деген сөз. Қай партияның асығы алшысынан түседі, оны сайлау күні көре жатармыз.
Бұл сайлаудағы бір түйткілді мәселе, партиялар ұсынған үміткерлер арасында бұрын сотты болған, қылмыстық топтарға қатысты адамдардың өте көптігі. Мұны елдегі ІІМ-де жоққа шығармады. Қылмыс әлемімен байланысы барлар парламентке өтіп кетсе, олар қаншалықты халықтың сенімін, үмітін ақтамақ. Бұл өте үлкен мәселенің бірі. Дегенмен, жергілікті сарапшылар бұл мәселені кейінге ысырып қойып, өзге тірлік жайында болжам жасауда. Олар: «Бұл сайлау өте тартысты болмақ. Өйткені, ресейшіл Алмазбек Атамбаевқа тіс қайрап жүргендер көп. Егер де оппозиция бірігіп ортақ күшке айналатын болса, Атамбаевтың сойылын соғып жүрген қазіргі билік партиясы социал-демократтар жеңіліс табуы да мүмкін. Ал билік әкімшілік ресурстарын пайдаланатын болса, оған келіспеген партиялар жаңа бір төңкеріс ұйымдастырары хақ. Өйткені Атамбаевтың әсірересейшілдігі АҚШ-қа ұнап тұрған жоқ. Ақ үй оппозицияның қолтығына су бүркуі мүмкін.
Қалай айтсақ та, осы парламент сайлауында Атамбаевты аяқтан шалатындар көп» деседі.
Бәрі мүмкін. Соңғы кезде ресми Бішкек Сирия мен Иракта соғыс жүргізіп жатқан «Ислам мемлекеті» тобында болғандардың елге оралып, елдің оңтүстігінде іріткі сала бастағанын жиі айта бастады. Олар да сайлау қорытындысының шалағай болғанын аңдап, оппозициялық партиялармен бірлесе бүлік көтеруі де ықтимал. Қысқасы, Тәжікстанда соңғы бір аптада болып жатқан қанды қақтығыс қырғыз жерінде жалғасын таппасына кім кепіл?
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті