Мемлекеттік органдардың ашық отырыстары онлайн-трансляцияланады - М. Әшімбаев
2015 ж. 30 қыркүйек
1832
0
Қазақстандағы мемлекеттік органдардың ашық отырыстары, жыл қорытындылары бойынша алқа мәжілістері онлайн-трансляцияланады.
Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мәулен Әшімбаев мәлім етті. Еске салайық, жалпы отырыста «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
Заң жобасы негізінен әркімнің заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алу және тарату жөніндегі конституциялық құқығын іске асыру болып табылады.
Депутат Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, құжат Елбасының бес институционалдық реформасы аясындағы «ашық мемлекетті қалыптастыру» атты бесінші бағытын қалыптастыруға бағытталады. Бұл ретте «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 95-96-ы қадамдарын іске асыру көзделеді.
«Ақпаратқа қол жеткізу тәсілдерін кеңейту мәселелері де көзделіп отыр. Мәселен, ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысын қоса алғанда, Парламенттің жалпы отырыстарын, облыстардың, республикалық маңызы бар қалаларының, астананың жергілікті өкілді органдарының ашық отырыстарын онлайн-трансляциялау, сонымен қатар, жыл қорытындылары бойынша өткізілетін мемлекеттік органдардың алқаларын интернет-ресурстар арқылы ақпаратқа қол жеткізу ұсынылады. Бұл шындығында жаңашыл норма. Біз Парламентте ашық отырыстарды онлайн режимде өткізіп жүрміз. Енді осы норманы кеңейту шаралары да қамтылады», - деді Мәулен Әшімбаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар басшыларының, әкімдер мен ұлттық университет ректорларының есептік кездесулерін өткізу міндеттеледі. «Бұған дейін тек әкімдер ғана жұртшылық алдында есепті кездесулер өткізіп келді. Ендігі күні заң жобасына сәйкес, министрлер, мемлекеттік орган басшылары мен ұлттық университет ректорлары да есеп беру кездесулерін өткізетін болады», - деді депутат М. Әшімбаев.
ҚазАқпарат