Өзбекстандағы жарылыс жаңғырығы бізге де естілді

7-бет Қыркүйектің 4-і күні Өзбекстан астанасының орталығында жарылыс болды. Сағат 13:30 шамасы еді. Жұма намазы аяқталған сәт. «Ескі шаһар» аталған аудандағы мешіт маңайы. Автобус аялдамасы... Полиция: «Бұл қолдан жасалған бомба жарылысы. Зардап шеккендер жоқ, тәртіп сақшылары аялдамаға әлдебір затты қалдырып, қашып кеткен ер адамды іздестіріп жатыр» деп мәлімдеді. Сол күні кешкісін үкімет органдары болған оқиғаның ресми нұсқасын жариялады. Талтүсте Ташкенттің қақ ортасында жарылыс болғаны рас, бірақ ол бар болғаны «қауіпсіздік мақсатындағы жаттығу» делінді. «Gazeta.uz» интернет-сайты да Өзбекстан ішкі істер министрлігінің мәлімдемесін таратты. «Сағат 13:32-де жалған террорист мешіттің жанындағы аялдамада бомба «жарды». Дабыл қағыла салысымен полиция күштері жедел жұмылып, түрлі мекемелер бірлесіп әзірлеген нұсқаулық негізінде оқиға орнын қоршауға алды. Жаттығу сценарийі барынша шынайы етіп дайындалды, оның басты мақсаты – Ташкент қаласындағы жедел әрекет ету мекемелерінің, атап айтқанда, өрт сөндірушілер мен төтенше жағдай министрлігінің, жедел жәрдемнің қаншалық жылдам екенін анықтау» деп хабарлады министрлік. Бір қызығы, «дабыл» бойынша әрекет еткен шұғыл көмек мекемелерінің ешқайсысы мұның жаттығу екенінен бейхабар екен. Жаттығу жөнінде халық та құлақтандырылмаған. Жаттығудың жай-жапсарын айтқан министрлік «өтірік жарылыс» кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қолданғаны туралы тіс жармады. Ташкентте түрлі деңгейдегі нағыз жарылыстар оқтын-оқтын болып тұратыны рас. 1999 жылы ақпанда және 2004 жылы наурыз-сәуір айларында болған жарылыстар кезінде кісі өліп, біраз адам жарақат алғаны бар. Оның үстіне ресми органдар «өтірік бомбаның» қуаты, оның қандай жолмен іске қосылғаны жайлы ешқандай ақпарат берген жоқ. Әйтеуір, жаттығу сәтті өткен сияқты, себебі «терроршы» жарылыстан 15 минут өткен соң көрші ауданда «қолға түскен». Тағы бір тосын оқиға Өзбекстанның шығысындағы Ферғана аймағы Риштан ауданында болған. Тамыздың 16-сы күні «Азаттықтың» Өзбек қызметінің қауіпсіздік органдарындағы дереккөздері жанкешті белбеуін тағып, дыбысы бәсеңдетілген тапанша мен граната ұстаған екі әйелдің ел кезіп жүргені туралы ақпарат берді. Қауіпсіздік органдары ел аралап жүрген екі әйел туралы ақпаратты жергілікті тұрғындардан білген. Калайнов ауылының бір тұрғыны үйіне қарулы екі әйелдің баса-көктеп кіріп келгенін айтқан. Үй иесі айқай салған соң екі әйел қайта шығып кетіпті. Кейінірек екі күдікті көршілес жатқан Оқ Яр ауылындағы тағы бір үйге кіріп, үй иесін тонап кеткен. Осы ақпарат негізінде қауіпсіздік күштері аймақта із кесу жұмыстарын жүргізген, бұл шараға 200-ге тарта полиция қызметкері жұмылдырылған. Олар тіпті күдікті әйелдердің фотороботтарын жасап, олар туралы ақпаратты кісі көп жүретін жерлерге іліп тастаған және күдіктілерді кезіктірген жағдайда дереу полицияға хабарлауды ескерткен. Полиция ақпараты бойынша, отыз бес жас шамасындағы екі әйелдің бірі түрік, екіншісі өзбек болуы мүмкін. «Бомбалы әйелдерді» біраз іздеген тәртіп сақшылары оларды қолға түсіре алмаған соң «күдіктілер шекара асып, Қырғызстанға өтіп кетуі мүмкін» деген болжам жасады. Екі әйел тек Өзбекстан аумағынан емес, жалпы ақпарат кеңістігінен «ғайып болды». Өзбекстан басшылығы Қырғызстанға күдікті әйелдерді ұстау туралы ресми өтініш жібергені жөнінде ешқандай ақпарат таратпады. Екі әйелді іздеу операциясы сонымен тәмам болды ма, әлде әрі қарай жалғасты ма? Ол әйелдер қайдан келуі мүмкін? Мақсаттары не? Бұл сұрақтарға ешқандай жауап жоқ. Жақында Өзбекстанның кейбір облыстарында «сақал қойған, намаз оқитын жастарды құқық қорғау органдарына тергеуге шақыртып жатыр» деген ақпарат тарады. Өзбекстанның Хорезм облысы Хазарасп ауданындағы милиция қызметкерлері сақал қойған әрі бес уақыт намаз оқитын жас жігіттерді құқық қорғау органдарына шақырып, экстремистік топтарға қосылмау жөнінде ескерту жасап, сақалдарын қырып тастауға үгіттеп жатыр деген ақпарат тарады. – Жас жігіттерге экстремистік ұйымдарға кірмеу жөнінде ескерту жасалып, олардан қолхат алып жатыр. Сақалдарын қырып тастау туралы ақыл-кеңестер айтылды. Мұның бәрі өзбек жігіттерін ИМ («Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы) ықпалынан қорғау үшін жасалып жатыр, - дейді мамандар. Өзбекстанда азаматтарды түрлі діни ағымдарға қатысы бар деген күдікпен жиі тұтқындап, ұзақ жылдарға соттайтыны жайлы бұған дейін де БАҚ беттерінде талай жазылған еді. Мысалы, биыл сәуір айында Самарқан облысында осындай оқиға болды. Бетперде киген бір топ адам бірнеше үйге басып кіріп, «қызметіне тыйым салынған діни ағымдармен байланысы бар» деген күдікпен он шақты адамды тұтқындаған. АҚШ-тың халықаралық діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) әлемдегі діни сенім еркіндігі туралы соңғы есебінде Өзбекстанды адамдардың діни еркіндігі жиі бұзылатын елдер қатарында атаған. Сонымен қатар, «Ислам мемлекеті» содырлар ұйымы Өзбекстаннан білікті мамандарды қатарына қосуға тырысып жатыр деген ақпарат тарады. Олар, әсіресе, дәрігер мен инженер тәрізді мамандық иелеріне мұқтаж деген ақпарат сайт парақшаларында пайда болды. Бұл жайында Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздік қызметінің мамандары да мәлімдеп жатты. Жергілікті басылымдар жазған ақпаратқа қарағанда, қыркүйектің 4-і күні «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымына Өзбекстаннан қатарына шақырылғандардың көбі ел ойлағандай соғысатын жауынгерлер емес екенін» жазған. Керісінше, ИМ мемлекет құруға көмектесетін білікті мамандарды: дәрігер, мұғалім, электр маманы, тіпті аспаздарды көбейткісі келеді. «12news.uz» сайтының жазуынша, «ИМ мұндай адамдар отбасымен келіп қосылса, «20-30 мың долларға дейін береміз» деп уәде еткенін» мәлімдеген. Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметі мамандарының айтуынша, ИМ жасағы қатарында Өзбекстаннан барған 500-600 адам бар. «Бірақ ИМ бақылайтын аймаққа өткен Өзбекстан азаматтарының нақты саны қанша екені туралы дерек қолымызда жоқ. Сирия және Ирактағы ИМ санатына қосылған өзбектердің саны қазіргі болжамнан көбірек болар, себебі біз жауынгер еместерді есепке алмадық». Шын мәнінде, қанша өзбектің ИМ немесе Сириядағы басқа әскери топтарға қосылғаны белгісіз. Олардың санын шенеуніктер мен сарапшылар әртүрлі айтып келеді. ИМ сапына медицина мамандарын қосып алуға ынталы. Бұл топ өзіне қосылғысы келетін білікті дәрігерлерді Өзбекстан ғана емес, бүкіл әлемнен іздеп жатыр. Сәуір айында Адам әл-Алмани атты шешен жауынгер әлеуметтік желіге пікір жазып, медициналық білімі бар ерлер мен әйелдерді Сириядағы «медициналық батальонға» қосылуға шақырды. Алмани үндеу тастаған кезде ИМ видео жариялады, онда да ағылшынтілді дәрігерлер медициналық мамандарды ИМ басып алған аумақтарға келуге шақырған. Видеода 29 жастағы австралиялық педиатр Тарек Камлех пен Әбу Мухатил әл-Хинди атты ағылшынтілді физиотерапевт сөйледі. Сәуір айындағы видеоны тек жасақ қатарына шақыру деп санауға болмайды. ИМ мүшелерінің мәлімдеуінше, экстремистік ұйым өзінің жеке әлеуметтік денсаулық сақтау бағдарламасын шығарған. Бұның бәрі ИМ неліктен білікті дәрігерлер мен басқа да медициналық мамандарға мұқтаж екенін көрсетеді. Яғни, ИМ «біз толық мемлекетке айналдық» дегенді дәлелдеуге көшпек. Осы арқылы ИМ басып алған аумақтарында медициналық қызмет көрсетуге қабілетті екенін, ел басқара алатынын әйгілемек. Сарапшылардың айтуынша, «ИМ-ге дәрігерлер мен басқа да білікті мамандар «толық жұмыс істейтін халифат» құрғандарын паш ету үшін керек». Одан бөлек, дәрігерлерді қажетсінудің нақты себептері де бар. Мысалы, ИМ майданда жараланған жауынгерлерін емдетуді де көздейді. Кейде ИМ және басқа әскери топтардың майданда жараланған өкіліне емделу үшін Түркияға баруға тура келеді. Бірақ осыны пайдаланып,келген еліне қайтып кеткен жауынгерлер де бар. ИМ жергілікті дәрігерлерді өздеріне жұмыс істеуге көндірсе де, бір кілтипан шығып тұр. Әйел дәрігерлердің айтуынша, ИМ-нің қатаң талабы бойынша олар жұмыста пәрәнжісі бар жамылғы киіп жүруге тиіс және еркек әріптестерімен араласпауы керек. Мұндай кедергілер Сириядағы әйел дәрігерлердің қызмет көрсетуіне бөгет болып отыр. Өте қажетті медицина қызметкерлерін ИМ басып алған аумаққа қайтару үшін содырлар «дәрігерлер мен фармацевтердің мүліктерін тәркілейміз» деп қорқытқан. Бұл туралы журналист Женан Мусса жазады. Өзбекстан мен бұрынғы СССР елдерінен дәрігерлерді шақырып отырған тек ИМ ғана емес. Өзін Ресейдің Волгоград қаласының тумасы ретінде таныстырған Әбу Рофик Сириядағы «Әл-Қаиданың» өзбектер басқаратын филиалы «Жабхат әл-Нусра» жауынгері екенін айтады. Ол орыстілді қауымға арнап үндеу тастап, медициналық білімі немесе тәжірибесі бар мамандарды экстремистік ұйымға қосылуға шақырады. Ол «ВКонтакте» желісіне «Бізге педиатр, отоларинголог, терапевт, жұқпалы ауру дәрігерлері мен физиатрлар керек» деп жазды. Мамандар ИМ-нің үгіт шараларынан соң, Өзбекстанның медицина қызметкерлерінің қаншасы содырлар тобына қосылғаны беймәлім дейді. Самарқандтық жас дәрігер Фариддин Мухиддинов жергілікті басылымға ИМ үгітшілерінің ұсынысынан бас тартқанын айтқан. Ол 2014 жылы шетелдік медициналық оқу орнын бітірген. Мухиддиновке «жасаққа қосылсаң, 45 мың АҚШ долларын береміз деген». «Азаттықтың» Өзбек қызметіне өзбек дәрігері Абдурайым Бозоров «өзі мен әріптестерінің Өзбекстандағы жалақысы өте төмен болса да, ешқашан ИМ-ге қосылмайтынын» айтады. Бізді елеңдеткен бір жәйт ол: «Қазір кейбір әріптестерім Қазақстанда қызмет етіп жүр» деді. Демек, Ташкенттегі жарылыс жаңғырығы бізге де анық естіліп тұр. Мұндайда, сақтық шаралары туралы ойламасқа лажымыз қалмайды.

Әділбек САДЫҚ

"Қазақ үні" газеті