Назарбаев: Азияның тағдыры Азияда шешілуі тиіс
2015 ж. 03 қыркүйек
2759
5
Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті жанындағы партия мектебінің тыңдаушылары мен профессорлық-оқытушылық құрам алдында сөз сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің даму мүмкіндіктері бойынша ой-пікірімен бөлісті.
«Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес бастамасы кең мойындалды. Бұл бастаманы 1992 жылы БҰҰ 47-ші Бас Ассамблеясында менің көтергенім сіздерге белгілі. Бұл бастаманың өміршеңдігі мен қажеттілігін уақыт көрсетті. Азияда жаңа қауіпсіздік құрылысы бойынша Қытай көтеріп жүрген мәселе осы АӨСШК-нің талап-міндеттеріне сай келеді», – деді елбасы.
Президенттің айтуынша, Азияның 26 елі арасындағы ынтымақтастық бойынша диалогтың тірегіне айналған форум Азия құрлығының мүддесіне қызмет ететін мүмкіндікке ие.
«Мыңдаған жылдар бойы Қытайдың бейбітшілік пен тату көршілік саясаты Азия мен жалпы бүкіл әлемдегі үйлесім кепілі болды. Сондықтан да 20-шы ғасырдағы ерекше құбылыс – Қытайдың көтерілуін біз алдымен аймағымыздың дамуы үшін мүмкіндік ретінде қарастырамыз», – деп атап өтті мемлекет басшысы.
Дереккөз: ИА "Казинформ"