Еркіндік алған теңгенің еңсесі түсті

296970-Custom Доллар тағы да қатты қымбаттап кетті. 188 теңгеден сатылған АҚШ ақшасы небәрі бірер сағаттың ішінде 252,47 теңгеге бір-ақ өсті. Қазақстан қор биржасындағы мұндай күрделі өзгерістерден соң ақша айырбастау нүктелері де көрсеткіш тақталарын жаппай ауыстырып үлгерді. Ал теңге жыл бойы тұрақты болады деп тұрғындарды сендіріп, тіпті, кеше ғана Елбасы алдында бәрі жақсы деп есеп берген Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетов бұл жағдайды халыққа түсіндіруге құлық танытқан жоқ. Президент теңгенің құнсыздануына қатысты түсініктеме берді Мемлекет басшысының айтуынша, қазір әлемдік эко­номикадағы жағдай құлдырауда. Барлық бағыттар бойынша дағдарыс етек алды. «Мұндай дауылдан ешкім қашып құтылмайды», – дейді Елбасы. «Ұлттық банк пен Үкімет еркін теңге бағамына көшкеніміз туралы мәлімдеме жасады. Бұл амалсыз шара. Басқа таңдау жоқ. Біз басқаша жоспарлағанымызбен, дағдарыс өз ережелерін енгізуде», – деді Президент. «Үкімет пен Ұлттық банк қабылдаған шешім сарапшылардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өтінішімен қабылданды. Еліміздің бәсеке қабілеттілігін қалпына келтіргеніміздің арқасында біз жұмыс орындарын сақтап қала аламыз», – деп жалғастырды Нұрсұлтан Назарбаев. «Алдағы уақытта біз жағдай жақсарады деп күтудеміз. Дағдарысты еңсеріп, экономикалық өсімді қамтамасыз ететін боламыз. Кәсіпорындардағы жағдайды жақсарту жұмыскерлердің жалақы деңгейіне де оң әсерін тигізуі керек», – деп түйіндеді көшбасшы. Жалпы, экономистер доллар бағамының қымбаттауын нарықтың қалыпты реакциясы дейді. Кейбір сарапшылар келешекте «сырғымалы девальвация» болады деген пікірде. Ал кейбір валюта айырбастайтын орындар мен банктерде 1 АҚШ долларының бағамы 252,47 теңгеге жетті. Мұндай құлдырау 2014 жылдың ақпанындағы теңге девальвациясынан бері болмаған. Валюта айырбастау орындарының көбі операцияларын уақытша тоқтатты. Әлеуметтік желілерде ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің фотосуреті мен осыдан екі ай бұрын айтқан «теңгенің тұрақтылық қоры мықты» деген сөздері және мысқылдаған комментарийлер тарады. Жалпы, қазіргі таңда Алматы мен Астанада доллар, евро және рубльді сатып алу қиындап кеткен. Себебі, көптеген валюта айырбастау орталықтары валюта бағамы әлі де өседі деген күдікпен валюта сату доғарылған. Көптеген валюта айырбастау орталықтарында доллардың сатылмайтыны туралы айтылады. Сонымен қатар, бірнеше валюта айырбастау орталығының қызметкерлері доллардың сатылмайтынын телефон арқылы хабарлаған. Жақында Қазақстан қор биржасы сайты «Бір АҚШ долларының орташа бағамы – 188,38 теңге, сату көлемі – 161 500 USD» деп хабарлаған. Ал теңге түс кезінде құлдырап отыр. Ұлттық банктің бұрынғы жетекшісі әрі саясаткер Ораз Жандосов ұлттық банк «теңгені нақты бағамына тым кеш әкеле бастады» деп санайды. – Қандай бағам қалыпты немесе қалыпты еместігін нарықтан өзге ешкім білмейді. Бірақ бұрынғысына қарағанда, мына бағам нақтырақ. Ұлттық банк қызық, теңге бағамын не үшін ұзақ ұстап келді, тіпті, еркіне жібермей әлі ұстап отыр, еркін құбылмалы бағамға неге көшпейді? Мұны мүлде түсінбеймін, ал олар ешқандай дәйекті уәж келтірмейді, – деді Ораз Жандосов. Ол егер мұнай бағасы осы арзан қалпында болып, ал Ресей рублі құлдырауын тоқтатпаса, теңге бағамын еркіне жіберу керек деп санайды. Бірақ «Мұндай қадамға бара ма?» деген сұраққа Жандосов жауап бере алмады. Ал «ешқандай себеп байқамаған» мұнай-газ нарығы сарапшысы Сергей Смирнов доллар бағамының күрт қымбаттауын күтпеген жайтқа балайды. – Бензин бағасы 108 теңгеге дейін қымбаттаған кезде олар мұнайдың бір баррелінің бағасы 60 доллардан 65-ке дейін қымбаттауымен түсіндірді. Ол кезде теңгеге ештеңе болған жоқ. Енді мұнай бағасы 50 доллардан арзандап кеткен кезде бензин бағасы сол қалпы қалды, ал теңгені ауытқу шегіне дейін құлдыратып жіберді. Дәлізді бұдан әрі кеңейткеннен басқа олардың амалы жоқ, – дейді Сергей Смирнов. Сарапшы биыл күзде бензин тапшылығы пайда болып, оның бір литрі 120 теңгеге дейін қымбаттайды деген болжам айтады. Экономист әрі оппозициялық саясаткер Петр Своик теңге бағамына қатысты жағдай Ұлттық банк пен Үкіметтің соңғы кездегі қорғаншақ саясатына қатысты нарықтың реакциясы деп санайды. – Айырбас пункттері тым асырып жіберді. Ұлттық банк теңгені тым шапшаң арзандата бастағаны түсінікті. Енді оны шамамен 190 теңгеге дейін немесе одан сәл түсіреді, арықарай құбылтпайды. Теңге бағамын тұрақтандыруға резерв жетеді. Билік сырғымалы девальвацияға көшті, бірақ абыржудың реті жоқ, бәрі баяу жүреді, – деді Петр Своик. Оның пікірінше, Үкіметте күрделі жағдайдан шығудың нақты концепциясы жоқ, қордаланған проблемаларды, тіпті, девальвация да шешпейді. «Мәселе теңге бағамында емес, Үкіметтің ұстанған бағытында» дейді Своик. Ал танымал экономист Меруерт Махмұтова: «Менің ойымша, теңге 198-ге барып тоқтай қоймайды. Ол ертеңгі күні 240-қа да баруы мүмкін. Оған ешкімнің де көзі жетіп тұрған жоқ, бірақ ол енді мұнайдың бағасына, Ресей рублі деңгейіне, юаньнің деңгейіне байланысты болады» дейді. Еске салсақ, жақында ғана Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасына үлкен қауіп төніп тұрғанын ескерткен болатын. Соған байланысты Мемлекет басшысы Үкімет мүшелері мен Президент әкімшілігіндегілерді шұғыл жинап, кеңес өткізген еді. Нұрсұлтан Назарбаев: «Дүниежүзіндегі экономикалық ахуал өте нашар. Қазақстан сататын темір, мыс, қорғасын металының бәрі 30 пайызға төмендеді. Онымен қоймай, біздің сыртқа шығарып сататын көршілеріміз Қытай мен Ресейдің сатып алу қабілеті төмендеп, біздің нарығымыз қысқарды. Еліміздің экономикасын, тіпті Тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін өте үлкен белестің алдында тұрмыз, шара қолдануымыз керек. Осылайша, Қазақстанды қаржылық қиындық екі бүйірден қысқалы тұр. Әлемдік мұнай бағасының күрт төмендеуіне байланысты бюджеттің түсімі де жарты триллион теңгеге азайып кетті. Ал қара алтынның құны алдағы 5 жылда дәл осы деңгейде сақталуы мүмкін»... Сондықтан үкімет барынша тиімді бюджеттік және ақша саясатына көшуі керек. Және 2018 жылға дейін жаңадан салынатын құрылыс нысандары тоқтатылатын болды. Президент республикалық бюджет тапшылығын ішкі резервтің есебінен 1 пайызға төмендетуді тапсырды. Сондай-ақ бұл дағдарыс Қазақстандағы бүкіл өнеркәсіпке кері әсер етеді, бұрын-соңды мұндай қиындық болмағанын айтқан Назарбаев әрбір министрдің жұмысын жеке бақылауда ұстайтынын ескерткен еді. Ал Американың «Bloomberg» бизнес-басылымы алдыңғы ірі девальвация осыдан 18 ай бұрын – былтыр ақпанда теңге 20 пайызға жуық құлдыраған кезде болғанын жазды. Бүгін теңге 4,4 пайызға құнсызданды. Мақала авторлары теңге бағамының құлдырау себебін өткен аптадағы Қытай юаны девальвациясымен, Украинадағы дағдарыстан кейін рубльдің құлдырауымен, мұнай бағасының арзандауымен байланыстырады. Лондондағы «Nomura Holdings» компаниясының сарап­шысы Тимоти Эш «Bloomberg» агенттігіне Астана «пойыз­ға қарсы тұруға қауқары жет­пейтінін түсінді» дейді. Мақалада Лондондағы BCS қаржы тобының сарап­шысы Льюис Саэнздің «мұ­найдан түсетін кіріс азайып, рубль құлдыраған тұста бюджетке қатысты проблемалары көбейген Қазақстанда теңге девальвациясы мұнымен аяқтал­майды» деген болжамын келтірген. Есте болса, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов: «Биылғы жарты жылдықта инфляция көлемі 1,4 пайыз. Ал, жылдық көрсеткіш 3,9 пайызға жетті. Бұл осы уақытқа дейінгі ең төменгі көрсеткіш. Бұл өте жақсы. Жүктеген тапсырмаңызды орындап отырмыз» деп Президентті сендіріп еді. Алайда Келімбетовтің айтқаны тағы да болмай қалды. Тағы дейтін себебіміз, 2014 жылдың ақпан айындағы девальвацияның алдында да мұндай жағдай болмайды деп халықты да иландырды. Ал артынан теңге қатты құнсызданған күні «оны өзім осы түнде ғана естідім» деп, жұрттың күлкісіне қалған. Осылайша төл теңгеміз былтыр ақпан айында болған девальвациядан кейін екінші мәрте айтарлықтай құлдырап отыр. Олжас Құдайбергенов, экономист, макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры:

Дәліздің ең жоғарғы шегі болып саналатын 250 теңге әлі көтерілуі мүмкін

– KASE-те орташа көтерілген теңге бағамы $1-ға 252,47 теңге. Әуелде ағымдағы дәліз мұнайдың барреліне $55-60 құнын сақтау мақсатында белгіленді. Алайда баға бүгінде $48, яғни бизнестің кей бөліктері талап ететін девальвация қанағаттандырылатын болады.Негізінен, мен кенеттен болатын девальвацияны қолдамайтындардың бірі ретінде бұл сценарийдің қайталанбауы үшін бар күшімді салдым. Алайда ақыры еліміз бұны басынан өткеруі тиіс болып шықты. Соңына дейін жағдай басқаша деп үміттенетін боламын. Дегенмен, девальвация болып жатса, бизнестің бәсекеге қабілеттілігінің өсуі, жұмыс орындарының сақталуы, өндірістің өсуі сияқты кенет девальвацияны қолдаушылардың тізбектеген ғажаптарын күтетін боламыз. Біз тек жағдайды бақылап, салдарына назар аударғаннан басқа еш әрекет жасай алмаймыз. Барлық негативті салдарларды тізбектеп отырудың қажеті жоқ. Болжамдар жасап жағымсыз ақпаратпен елдің көңілін түсіргім келмейді. Бұл негізінен Ұлттық банк пен биліктің жұмысы. Белгісіздіктің зиянды салдарын барынша жою үшін олар бағамға қатысты болжамдылықты жария етуі тиіс. Алайда Ұлттық банк пен теңгеге тұрғындардың сенімі төмендейтіні анық. Бұл жақсы емес...

Сейілбек АСАН

"Қазақ үні" газеті