ДСҰ-ға ӨЗ ТІЛІНДЕ ЕМЕС... РЕСЕЙ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙТІН МЕМЛЕКЕТ КІРДІ...
2015 ж. 28 шілде
5444
25
Елбасы мемлекеттік тілде сөйлесе, Сыртқы істер министрінен бастап, қазақстандық делегация түсінбей қалады ма екен?..
Швейцарияның Женева қаласында өткен кеше, 27 шілде күні өткен Дүниежүзілік Сауда Ұйымы бас кеңесінің отырысында Қазақстан Президентінің Қазақстанның мемлекеттік тілінде емес... шет тілде - Ресейдің мемлекеттік тілінде сөйлеуіне қарап осылай ойладық.
Біз ғана емес, осы жиынға қатысқан барлық адам (Қазақстан делегациясынан басқа), телеарнадан көрген барлық ел дәл осылай ойлағаны анық. Иә, өткенде де, Италияның Милан қаласында өткен ЭКСПО-да Қазақстан басшысы Ресей тілінде сөйлеген болатын. Сонда бүкіл елдің президенттері жиналған Миланға "Ресейден екі президент барған ба? Путиннен басқа тағы бір президент орысша сөйледі ғой"-деген сыни жазбалар Фейсбук желісін кеулеп кеткен еді. Еліміздің біртуар зиялылары, әлемге әйгілі жазушылары да бұған қатты наразы болғанын есіткен едік... Енді міне тағы да... Елбасымыз өзі айтқандай, 20 жыл күткен қуанышымызда ел басшысы ең болмаса елінің тілінде амандасып, екі-үш ауыз сөз де сөйлемеді де ғой ырымға болса да... ДСҰ бас директоры Роберто Азеведомен қорытынды кездесуінде де Ресей тілінде сөйледі. Халықаралық қатынаста қалыптасқан дәстүр бойынша әр ел өз тілінде, немесе халықаралық тіл - ағылшын тілінде сөйлейді. Сол секілді Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілінде, не ағылшын тілінде сөйлесе, бұлай жайсыздық болмас еді. Мемлекеттік арналар еліміз 20 жыл күткен осы қуанышты сәтімізді сағат сайын қайталап көрсеткен сайын мен бір жағы қуанып тұрып, бір жағы Қазақстан мемлекетінің жиынындағы Ресей тілін есітіп, өзімнен өзім қысылып, қорланамын. Жалғыз мен ғана емес, титтей де ұлттық намысы бар, мемлекеттік мүддені ойлайтын кез келген қазақ, тіпті қазақстандық өзін осылай жайсыз сезінеді деп ойлаймын.. Р.Азеведо Қазақстан Президентіне табыс еткен Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өткендігін ресми қуаттайтын арнайы тақтайшадағы «KAZAKHSTAN» деген жазу да Қазақстанның мемлекеттік тілінен емес, тікелей Ресей тілінен "КАЗАХСТАН" деген сөзден ағылшыншаға аударма екенін Сыртқы Істер министрі Ерлан Ыдырысовтан бастап, ешқайсысы ойланбайды?!. (Біріккен Ұлттар Ұйымында да, төлқұжаттарымызда да, бар құжаттарымызда да ел аты солай жазылған!?). Негізі ол "ҚАЗАҚСТАН" сөзінен `QAZAQSTAN`болып аударылуы керек. ДСҰ-ға мүше 161 елдің бізден басқаларының барлығы да өз мемлекеттік тілінде сөйлейтінін неге ойламайды біздің басшылар? Яғни, біздің мемлекет басшылары мемлекеттік тілде сөйлемеу арқылы қазақшадан тікелей ағылшыншаға аударатын жүздеген мамандарды жұмыссыз қалдырып отыр... Бәрібір ол Ресей тілі ағылшыншаға аударылды ғой. Соның орнына Қазақ тілі ағылшыншаға аударылса, қандай керемет жеңіс те, өріс те болар еді... Тағы да "жұмыссыздықпен күресеміз" деп ұрандаймыз! Немесе, Тәуелсіздік алған 25 жыл бойы әлем бойынша "елулікке кірген" мемлекетіміз екі-үш аудармашы дайындай алмаса, неменеге айдарымыздан жел есіп, мәз боламыз?.. Кез келген өзін-өзі сыйлайтын ел үшін жерге кірердей намыс, ұят емес пе бұндай жағдай... Әлде, елбасы мемлекеттік тілде сөйлесе, министрі Ерлан Ыдырысовтан бастап, қазақстандық делегация түсінбей қалады деп ойлады ма екен? Жалпы, біз осы 25 жыл бұрын Ресейден (КСРО-дан) Тәуелсіздік алып па едік... Бұрынғы қожайын тілінде сөйлеуге құмар құлдық санамыз жойылудың орнына, асқынып бара жатқанына қарағанда менің бұған күмәнім зор...Құлажан Сейхұн,
qazaquni.kz
Тақырып тарауы: https://www.facebook.com/permalink.php?story_fbid=1522939391300360&id=100007529416104