Аймақ үшін таласта кім ұтады?
2015 ж. 15 шілде
2681
0
Орталық Азияға ықпалы жыл санап артып келе жатқан Қытайдың аймақтағы өзге «ойыншыларды» ақырындап ығыстыра бастағаны байқалады. Осының айғағындай, National Interest басылымы да күншығыстағы осынау алпауыт көршіміздің Кіндік Азияға дендей ене бастағаны жөнінде мақала басыпты. Мұнда білікті мамандар: «Қытай ықпалын теңізде емес, құрлықта күшейткен ежелгі империя» депті...
Мақаланың басында АҚШ Президенті Барак Обаманың 2014 жылы Азия нарығы мен Тынық мұхиты елдеріне қатысты мәлімдемесі берілген.
Обама «АҚШ өзінің қазіргі геосаяси векторын Таяу Шығыс пен Еуропа бағытынан Азия мен Тынық мұхиты елдеріне бұрады» деген еді. Обаманың осы мәлімдемесіне қарап, АҚШ-тың Азия аймағында күшейіп келе жатқан Қытай ықпалымен бәсекеге түсуге бел байлағанын білуге болады. Автор «Осы бәсекеге кіріскен АҚШ қазір қаншалықты дұрыс қадамдар жасап жатыр?» деген сауал қояды. Басылымның айғағынша, америкалық стратегтер «АҚШ пен Қытайдың қарым-қатынастары «қырғи қабақ» соғысқа ұласатын болса, бұл АҚШ үшін бір кездері СССР-мен тірескендегідей қиын болмайды. Қытайды бақылауда ұстау үшін АҚШ-қа теңіз флотын күшейтсе жетіп жатыр» деп есептейді. Алайда автор «Осы арада назардан тыс қалған бір факт бар» дейді. Ол факт – «Қытай ықпалының теңізде емес, құрлықта күшейіп жатқаны. Қытай ықпалын мұхит арқылы күшейтуге тырыспайды. Пекин қазір Орталық Азияға ентелей еніп барады». Мақала авторы дәлел ретінде Қытай армиясының генералы Лю Ячжоудың «Орталық Азия –Құдайдың Қытайға берген үлкен сыйы» деген сөзін еске салады.
Автордың да ойынша, әуелден «Қытай – ықпалын құрлықта жүргізетін империя». Қытай ықпалын қазір АҚШ-тың теңіз флоты мен Вашингтонның одақтастарынан алыстау жатқан Еуразия құрлығына жүргізгісі келеді. Оның үстіне Орталық Азия құрлықтағы тағы бір қуатты ел – Үндістаннан да қашық жатыр. Автор «Осыған қарағанда, АҚШ саясаткерлері «Орталық Азия аймағы – АҚШ үшін ең маңызды геосаяси зона» деп дәлелдеуге тырысқан Нэлфорд Макиндердің пікірімен санасуы керек сияқты» дейді. Автор «Егер АҚШ Қытайдың геосаяси және стратегиялық бағытын дұрыс болжағысы келсе, Қытайдың Орталық Азияда күшейіп бара жатқан ықпалына барынша назар аударуы керек» деген пікір айтады. Мақалада «Алда-жалда АҚШ пен Қытай арасында қақтығыс бола қалса, Қытай Орталық Азиядағы ықпалын сақтау үшін өзінің шын қуатын құрлықтағы әскерімен көрсететіні» туралы болжамдар айтылған. «National Interest» Қытайдың көне тарихына үңіліп, оның ешқашанда басқа елдерге мұхит арқылы ықпал етпегенін жазады. Қытай императорлары маңайдағы елдерге ықпалын арттыруға күш салған. Қазір экономикасы күшейіп бара жатқан коммунистік Қытай да Еуразия құрлығындағы үстемдік үшін жанталасып жатыр. Мақала авторының пайымдауынша, Қытай қазір қазба байлықтарды игеру үшін Орталық Азияға назар аударып отыр. Пекин осы мақсатта Қытайдың батысындағы тынышсыздау аймақ – Шыңжаң өлкесін дамытуды қолға алды. Бұл өлке – табиғи қазба байлықтарға бай болғанымен, ұлтаралық қақтығыстар да болып тұратын аймақ.
Мақала авторы «2009 жылы шілде айында болған ұйғырлар мен қытайлар арасындағы қанды қақтығыстан соң, Пекин Шыңжаңда түбегейлі реформа жасауға кірісті» деп жазады. Билік өлкенің бұрынғы басшыларын тәжірибелі басшылармен алмастырды. Іле-шала Шыңжаң өлкесіне басқа бай провинциялардан экономикалық донорлар шақырылып, Орталық Азия елдерімен арадағы шекарада Қашғар (Шыңжаңның оңтүстік жағында) және Қорғас (Қазақстанмен шекаралас аумақта) сияқты «ерекше экономикалық зоналар» ашылды. Осының арқасында бұл аймақтың экономикасы күрт көтерілді.
* * *
Шыңжаңда теңіз жолы болмағандықтан, бұл өлке Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Ресей және Моңғолия сияқты көршілерімен бейбіт жағдайда сауда-саттық жасағанда ғана тұрақты дами алады. Осы мүддені көздеген Қытай Орталық Азия елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатқысы келеді. Бұл аймаққа Ресейдің ықпалы қазір айтарлықтай әлсіреген. Ал АҚШ әскері таяуда Ауғанстаннан кетуге дайындалып жатыр. Сондықтан Орталық Азиядағы Қытай басымдығы айқын білініп келеді.
Қазірдің өзінде бұл елдерде Қытай үкіметі қаржыландыратын қытай тілі мен мәдениеті орталықтары айтарлықтай көбейген. Экономикалық тұрғыда да Қытай Қазақстанмен жақын әріптеске айналды. Қазір Қытайдың мұнай өндіретін CNPC компаниясы Қазақстанның мемлекеттік «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, Каспий теңізінде мұнай игеріп жатыр. Қытай табиғи ресурстарды игеру үшін Түркіменстанмен де, Ауғанстанмен де тиімді келісімшарттар жасасып үлгерді. Мақала авторының ойынша, Қытай Орталық Азия елдерімен мәдени байланысты нығайтуға да тырысып жатыр. Қытайдан бұл елдерге оркестрлер мен театр ұжымдары да жиі келе бастаған. Одан бөлек, Пекин Конфуций орталықтарын ашу арқылы қытай тілін тегін үйрету жобаларын жүзеге асырып отыр. Қазір Конфуций орталықтары Орталық Азияның барлық елдерінде жұмыс істейді. «Алматы мен Астанада орналасқан оқу орындары Қытай оқу орындарымен бірлесіп, білім жүйесін жетілдіріп жатыр» деп жазады «National Interest».
* * *
«Орталық Азия елдерінің ішкі саясатына қол сұқпаймыз!» – Дәл осы мәселені Астанада Назарбаев университетінде дәріс оқыған Си Цзиньпин де қайталаған. – Қытай бейбіт даму жолын қолдайды және тәуелсіз әрі бейбіт сыртқы саясатын жүргізе беретін болады. Біз өзге тәуелсіз елдердің даму жолын құрметтейміз әрі Орталық Азия елдерінің ішкі саясатына қол сұқпаймыз. Қытай тарапы аймақтық мәселеде басқыншылыққа жол бермейді, біз ықпал ету аймағын іздеп жүрген жоқпыз, – деді ол.
Қытай Үкіметі ШЫҰ-ға мүше алты мемлекетке Қытайда білім алу үшін жиыны 30 мың шәкіртақысын тағайындады. Яғни, әрбір мемлекетке алты мың білім гранты берілмек. Бұндағы мақсат шет мемлекеттерде қытай тілінің аясын кеңейту. Сол арқылы ықпал ету аясын арттыру Қытайдың басты мақсаты секілді.
2010 жылы Қазақстан билігі қытай шаруаларына 1 миллион гектар жерді жалға беру туралы әңгіме көтерген еді. Алайда қоғам оған қарсылық танытты.
Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев Астанада өткізген баспасөз мәслихатында осындай идеяны қайтадан көлденең тастағандай болды. Шығыс Қазақстан облысының билігі аймаққа қытай инвестициясын тартуды көздеп отырғанын айта отырып, пайдаланылмай жатқан жерлерді көрші елдің шаруаларына уақытша беру арқылы да қаржы көзін табуға болатындығын айтқан еді.
– Біздің адамдардың әл-ауқатын арттыруды көздесек, экономиканы дамыту керек. Ол үшін инвестиция тартқан жөн. Қазір өз қалтамыз көтермейтіндіктен инвестиция тартуымыз керек, соның ішінде, қытай инвестициясын тартқан абзал. Ал пайдаланылмай жатқан жерлерді неге қытайларға бермеске? Онда біздің адамдар жұмыс істейді, қосымша қаржы табамыз, – деген-ді. Әрине, әкімнің бұл мәлімдемесі қоғамда түрлі наразылықтар тудырған болатын.
Рас, мұнай мен газға, жерасты қазба байлықтарға бай Орталық Азия мен Қазақстан үш ұлы державаның – АҚШ-тың Ресей мен Қытайдың мүддесi тоқайласқан аймақ екенi белгiлi. 2006 жылдары болған әлемдiк экономикалық дағдарыс АҚШ пен Ресейдi өзгеден гөрi өз басының қамын күйттеуге мәжбүр еттi. Осыны пайдаланып, Қытай Орталық Азия елдерiнiң экономикасында басты ойыншыға айналды. Және осы аймаққа өзiн даму үлгiсi, экономикалық локомотив ретiнде көрсеткiсi келдi. Қытайдың Батыс елдерiнен «бiр артықшылығы» әрiптес елдердегi адам құқығы, сөз бостандығы, тағы басқа демократиялық құндылықтардың сақталуына бас қатырып жатпайды. Орталық Азиядағы мемлекеттер үшiн Қытайдың «сүйкiмдi» көрiнуiнiң бiр сыры осында жатса керек.
Қазақстанға заңсыз жолмен қоныс аударып жатқан қытайлар қарасының көбеюi бұрыннан жұртшылықты алаңдатып келедi. Қытай мигранттары ешқашан ассимиляцияға ұшырамайды. Керісінше топтасып, қауымдасып жүреді. Осылайша олар өз қалашығын салып, қытайдың ұлттық мүддесін насихаттап жүреді. Онымен шектеліп қана қоймай, Қытайдың экономикасын дамыту үшін шетелде жүргенде де барлық мүмкіндіктерін жұмылдырады. Қытайдың экономикасын көтерген, инвестиция тартқан да осы шетелдегі қытайлықтар деседі.
Жалпы, қазіргі таңда Алматы қаласында жүзге тарта қытай кафесі мен мейрамханалары, 270 бірлескен кәсіпорын, 2 банк, 48 жанармай құю бекеті, бір Мәдениет орталығы, ҚазҰУ жанындағы Қытай тілі орталығы, Конфуций институты, Ялянь сауда орталығы, «Барахолка» және «Сауран» сауда орталықтарындағы нүктелерін атауға болады. Ал Қазақстанда тұрақтап қалуға бекiнген қытайдың санын нақты көрсететiн статистикалық деректер жоқ.
Кейбiр сарапшылардың мәлiметiнше, олардың саны жүздеген мыңнан асып-жығылады. Қазақ қоғамында Қытай ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiредi деген пiкiр басым.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті