Депутат мемлекеттік қызметкерлердің мүгедектердің арбасына отыруын талап етті
2015 ж. 09 шілде
1899
2
«Мүгедектердің мұңын тыңдап, тиісті көмек бере алмаған мемлекеттік қызметкерлерді мүгедек арбасына таңып, көздерін байлап қою керек». Төменгі палатаның жалпы отырысында мәжіліс депутаты Владислав Косарев осындай ұсыныс тастады, - деп хабарлайды Астана арнасы.
Айтуынша, “шенеунік сонда ғана кембағал жандармен сыпайы сөйлеседі”. Депутаттың сөзінше, әсіресе мүгедектермен тікелей жұмыс істейтін дәрігерлік кеңес комиссиясының қызметкерлері дөрекіліктен алдарына жан салмайды. Косарев жалпы мүгедектерге көмек беретін мемлекеттік бағдарламаны сынап тастады.
“Дәрігерлік кеңес комиссиясы қызметкерлерінің мүгедектерге деген енжарлығын қараңыз. Ол жерге барған мүгедек жыламай шықпайды. Қызметкерлердің жүрегі тас па дерсің. Оларға дөрекілік үшін ақша төлейтін сияқты. Менмендік пен мазаққа әдейі үйренгендей. Егер кембағал жандарға деген көзқарасын өзгертпесе, олардың өздерін мүгедектің арбасына отырғызып, көзін байлап тастау керек. Солай жүріп көрсін. Олар мемлекеттік мекеменің өкілі ғой. Жалпы бізде мүгедектермен жұмыс өте салғырт жүріп жатыр”, – дейді парламент мәжілісінің депутаты Владислав Косарев.
Ал министр керісінше мүгедектердің құқықтарын қорғау туралы заң жобасына енгізілген өзгерістер мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін барынша қорғайды деп сендірді. Тамара Дүйсенова жаңа заң жобасы мүгедектерді күтетін отбасы мүшелеріне де жалақы төлеуге мүмкіндік беретінін айтады.
Жарымжан жанды күтетін әлеуметтік қызметкерлерге 45 мың теңгеден артық жалақы төленсе, мүгедек туысымен отыратын отбасы мүшесіне сол қаржының жартысын төлеуге мүмкіндік беріп отырған көрінеді жаңа заң жобасы.
“Егер отбасы мүшесі жұмыс істейтін болса өзі, жаңа сондай сұрақ қойылды, егер жұмыс істейтін болса, оған қосымша төлене ме деп. Әрине, жұмыс істейтін адам кемінде алты сағат жұмыс істейді ғой, сонда ары қарай екі сағат қана өзінің мүмкіндігіне қарай көмекші ретінде белгіленуі мүмкін”, – дейді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.
Дереккөз: Астана телеарнасы