Дүниежүзілік сауда ұйымы: ұтамыз ба, ұтыламыз ба?
2015 ж. 30 маусым
13463
1
Еліміздің араға он тоғыз жыл салып Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өткені туралы оқиғаны халық әрқалай қабылдағандай. Дегенмен, қалай болғанда да мұның елеулі тарихи құбылыс болғаны анық.
Қазақстан ДСҰ-ға кіруге 1996 жылдың 29-қаңтарында өтініш беріпті. Содан бері ұзаққа созылған келіссөздер еліміздің халықаралық ұйымның мүшелігіне қабылдану туралы үмітін алыстата түскен еді.
Дүниежүзілік сауда ұйымының мамандары Қазақстанмен келіссөз жүргізудің неліктен ұзаққа созылғанын нақты түсіндірді. Баспасөз хабарламасында Қазақстанның ДСҰ құрамына кіруіндегі күрделілігі мен бірегейлігі республиканың Еуразиялық экономикалық одағына мүшелігімен байланысты тарифтер туралы келісім жасасудың қажеттілігімен байланыстырылған.
Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі туралы ресми келіссөздердің аяқталғанын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та мәлімдеді. Президент Қазақстанның бұл қадамын «тарихи оқиға» ретінде бағалап, «19 жылға созылған келіссөзде Қазақстан өзіне тиімді шарттарға қол жеткізгенін, ДСҰ мен Еуразиялық экономикалық одағы (ЕЭО) талаптарын ұштастыра алғанын» айтты.
Жалпы, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшеліктен Қазақстан нарығының ұтары не, ұтылар тұсы қайсы? Осы мәселеге келгенде экономикалық және саяси сарапшылардың пікірі екіге жарылды. Сарапшылардың біразы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелік бізге кері әсер етеді, біздің нарық бұл бәсекелестікке төтеп бере алмайды, онсыз да тұралап тұрған ауылшаруашылығы шетелден ағылатын арзан өнімнен бас көтере алмайды десе, екінші бөлігі – бұл ұйымға мүшелікке өту арқылы біздің сауда кеңістігіміз біршама артады, шетелден әкелінетін автокөліктердің баж салығы төмендейді, шетелдің сапалы бұйымдарына қол жеткіземіз дегенді айтады.
Қайткенмен де, алдағы 1-қаңтардан толыққанды мүшесі болатын ДСҰ-ға Қазақстан 162-ші ел болып енбекші. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің біразы – Қырғызстан (1998 жылдан), Армения (2003 жылдан), Ресей (2012 жылдан) мүше. Бұл мемлекеттер өзінен кейін мүшелікке кірген елдерге өз талаптарын қоя алады және арнайы дауысқа ие.
Қазақстан шенеуніктері жыл сайын ДСҰ-ға енетіндерін мәлімдейтін, бірақ келіссөздердің неге аяқталмай қалғандығы жөнінде ештеңе айтпайтын-ды. «Азаттық» радиосының сайтына сұхбат берген Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов осы жылдар аралығында Қазақстан тарапынан келіссөз жүргізуші комиссия құрамындағы адамдардың аз болғандығын және олардың өзінің жиі ауысып отырғандығын айтқан. Тағы бір мәселе, депутаттар да, кәсіпкелер де ДСҰ-ға ену келіссөзінің ашық жүргізілмегендігі себебінен арнайы талаптармен әлі таныс емес. Мәселен, www.informburo.kz сайтында Дүниежүзілік сауда ұйымына енуімізге қатысты өз болжамдарымен бөліскен Кәсіпкерлер ұлттық палатасы төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев: «Келіссөздердің басым көпшілігі жабық түрде өткізілді. Сол себептен, тараптардың өзара талаптары жария етілген жоқ. Бизнес-қауымдастық, бизнес-ассоциация, сондай-ақ, Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы осы уақытқа дейін Қазақстанның ДСҰ-ға қандай шарттармен енгенін білмейді. Жалпы, түсінік қана бар», − деген еді. Қазақстанның ДСҰ-ға енуімен тарифтік қорғану деңгейі құлдырап, арзан импорттық тауарлардың тасқыны басып қалуы мүмкін. Бұл біздің өнеркәсіпті тұншықтырады. Кәсіпкердің сөзіне сенсек, қазақстандық сүт өнімдері, өзгені былай қойғанда, Ресей мен Белоруссиядан ағылған арзан сүт өнімдерінің тасқынына төтеп бере алмай отырған көрінеді. Біздің экспортымыз, негізінен, шикізат өнімдері. Мұнай өнімдері, түсті, қара металдар, одан қалса астығымыз.
Саясаттанушы Әзімбай Ғали Қазақстан астығының сапасы жағынан да, өнімділігі жағынан да Канада мен Австралиядан асып түсетіндігін айтады. Демек, ДСҰ-ға мүшелік ету біздің астығымыздың әлемдік нарыққа шығуына жол ашады. Алайда Канада, АҚШ және Австралия астығының тоннасы үшін экспортқа кететін көлік шығыны небәрі 17$ және 40$ көлемінде ғана болса, Қазақстанның климат жағдайына орай, ашық теңізге бірден шығатын жолының жоқтығы және Ресейдегі ең жақын портқа дейін кететін тасымал шығыны тоннасына – 136 АҚШ долларына тең. Сөйте тұра, ірі астық өндіруші мемлекеттер Қазақстанның экспорттық субсидия алуына қарсы болып келген. Бұл да біздің алдымыздан шығар көп түйткілдің бірі. Соған қарамастан, әлемдік сауданың 90 пайызы жүретін сауда ұйымына кіруден Қазақстан ұтады дейді саясаттанушы. Әзімбай Ғали: «Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелікке енуіне 1995 жылы да, 2000 жылы да мүмкіндігі болған еді. Алайда біздің құзырлы органдар халықаралық беделді ұйымға мүше болудың кері әсерінен қаймығып, асықпау дұрыс деп шешті. Ал қолында шикізаты да жоқ, қаражаты да жоқ, тек жалғыз алтын кені бар қырғыздар тәуекелге бел буды, сөйтіп ДСҰ-ға мүше болды. Олар жеңіл өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік алды. КСРО құлағаннан кейін, мемлекеттік кәсіпорындардың бәрі жекешеленді, тоналды, күйреді. Солай болуы заңды да. Өйткені, нарық жоспарлы экономиканың өмір сүруіне мүмкіндік бермейді. Бірақ, жаңа мүмкіндіктер туындады. Ал Қырғызстан жоқтан бар жасады. Өйткені, олар ДСҰ-ға мүшелікке өту арқылы арзан фурнитура, мата және технологияға қол жеткізді. Қырғызстан бірнеше революцияны бастан кешті. Саяси тұрақсыздық ел дамуына кері әсерін тигізді. Алайда бұл ондағы жеңіл өнеркәсіптің дамуына бөгет жасаған жоқ. Біздің алдымызда мүше болған мемлекеттер бізге өз талаптарын қойды. Мәселен, Қырғызстанды алайық. Олар Қырғызстаннан тасымалданатын жүк транзитін арзандатуға, Орта Азиядан 700 мыңнан астам жұмысшы алуға мәжбүрледі. Оның үстіне, біздің алдымызда Тәжікстан да еніп алды ғой. Жалпы, ДСҰ-ға енуіміздің жағымды жақтары көп. Мәселен, биылғы жылы инфляция екі пайыздай төмендейді. Ал отандық кәсіпкерлеріміз көр-жер өндіруді қояды. Бәсекеге қабілетті өнім жасауға тырысады. Сөйтіп, Қазақстанның «брендтері» пайда болады. Өзі екі жүзге жуық мемлекеттің 162-шісі болып отырмыз. Біздің соңымызда бірнеше арал мен Өзбекстан ғана бар. Бәсекелесетін де ешкім қалмады. Бұдан ұтылсақ та, ұтсақ та бұл ұйымға енгеніміз дұрыс».
Ал «Макроэкономикалық зерттеулер орталығының» директоры Олжас Құдайбергенов Қазақстанның ДСҰ-ға кіру шарттарына қатысты әлі толық ақпарат жоқ деп санайды. – Келіссөз процесі жабық жағдайда жүрді. Бірақ, меніңше, бұл – ДСҰ талабы. Сондықтан сарапшылардың көпшілігі ДСҰ-ға мүшеліктен Қазақстан не ұтатынын шамалап болса да айта алмайды. Тіпті, орташа кедендік тариф туралы да ақпарат жоқ, – дейді ол. Ал ҚР Парламентінің депутаты, «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев ДСҰ-ға мүшелікке өту – өнімнің сапасын арттырып, өзіндік құнын арзандатуы тиіс қазақстандық өндірушілер үшін үлкен сынақ деп санайды. –Енді халықтың қолы сапалы әрі арзан тауар мен қызмет түрлеріне жетеді. Сондықтан, тұтынушы көзқарасы тұрғысынан алғанда, бұл – серпінді қадам. Ал мемлекет нарықты ашып, халықаралық стандарттарды енгізуден бөлек, экономиканың кейбір секторында, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында белгілі бір протекционистік шаралар қабылдауы тиіс, – дейді депутат.
Азат Перуашевтің айтуынша, «кез келген ел өз өндірушілерін қорғауы заңды. Бірақ бұл келіссөзге отандық бизнес өкілдері қатыспаған екен. Ұйымның бұл ережесі көбімізге түсініксіз, сондықтан бүкіл жауапкершілік Қазақстанның экономикалық және ұлттық мүддесін қорғауы тиіс болған келіссөз жүргізушілерге жүктеледі», – дейді саясаткер.
Ал Азаматтық белсенді Мұхтар Тайжан да Қазақстанның ДСҰ-ға кіргені пайдалы қадам деп есептейді. «Қазақстанның экспортына тиімді, ішкі нарықта бәсеке күшейеді, баға төмендеп, тауар сапасы артады» деген ол бұл мәселеде ЕЭО-мен қайшылық бола қоймайды деп санайды. – ЕЭО туралы келісімде ДСҰ-ға кіру шарттары көрсетілген. Сол себепті Ресей осыдан үш жыл бұрын қандай шартпен қосылса, Қазақстан да сондай шартпен ДСҰ-ға кіреді. Сол себепті ДСҰ-ға кіргені Қазақстанның ЕЭО-мен қатынасына айтарлықтай өзгеріс әкелмейді, – дейді Мұхтар Тайжан.
Ендігі бір мәселе Еуроодақ елдеріне тасымалданатын – мұнай және пайдалы қазбалар шикізаты. Былтыр ҚР Экономикалық интеграция істері бойынша министр Жанар Айтжанова Еуроодақ пен Қазақстан арасында экспорттық баж салығын қолдану құқығы жайында келіссөздің төрт жылға созылғандығын айтқан еді. «Біздің экспортымыздың 70 пайызы Еуроодақ елдеріне жіберіледі. Негізінен бұл – шикізат. Еуроодақ бұл шикізаттың ЕО-ға мүше елдерге ешқандай кедергісіз жетуіне мүдделі. Біз де мүдделіміз, алайда біз сонымен қатар, бұл шикізаттың Қазақстан аумағында өндірілуіне және осында бірлескен кәсіпорындардың пайда болуына мүдделіміз» деген болатын келіссөз барысын мәлімдей отырып. Бірақ, біз әзірге бұл талаптардың қалай аяқталғанын білмейміз. Мәжіліс депутаттары ДСҰ-ға мүше елдермен жасалған келіссөздердің 2015 жылдың соңына дейін ратификациялануы мүмкін екендігін айтады.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті