«Астана ЭКСПО-2017» ҰК жаңа басшысына еңбекақы төленбейді
2015 ж. 19 маусым
1740
0
Астана қаласының әкімінің «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы қызметін қоса атқаруы ақысыз негізде жүзеге асырылады, яғни оған ол үшін жалақы және басқа да төлемдер мен сыйақылар төленбейді, деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтың «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы өкілеттілігін жүзеге асыруына қатысты ұлттық компанияда былайша түсінік берді:
Әкім — жергілікті атқарушы органды басқаратын және тиісті аумақта мемлекеттік саясаттың жүргізілуіне жауапты Қазақстан президенті мен үкіметінің өкілі («Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан заңының 1 бабы). Әкім саяси мемлекеттік қызметші болып табылады.
Мемлекеттiк қызметшiнiң кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, соның iшiнде, егер коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан заңдарына сәйкес оның қызметтiк мiндетiне кiрмейтiн болса, егер «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңда өзгеше белгіленбесе, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға құқығы жоқ («Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан заңының 10 бабы).
Естеріңізге сала кетейік, елбасының өкімімен Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы қызметіне тағайындалған еді, осылайша, коммерциялық ұйымды — ұлттық компанияны басқару оның қызметтiк мiндетiне кiреді.
Сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті лауазымды және өзге де адамдарға және оларға теңестірілген адамдарға педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетін өзге қызметпен айналысуға тыйым салынады («Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Қазақстан Заңының 10 бабы 1 тармағы. Осылайша, Астана қаласы әкімінің «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы өкілеттілігін қоса атқаруы тегін, ол үшін жалақы және басқа да төлемдер мен сыйақылар төленбей жүзеге асырылады.
Источник: ИА "Казинформ"