Түркия тарихында тұңғыш рет қазақ парламент депутаты болуы мүмкін
2015 ж. 03 маусым
1729
0
Түркияда 7 маусым күні парламент сайлауы өтеді. Түркияның Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты болуға қазақ диаспорасының өкілі, сол елдегі қазақ Решиде Юксел де үміткер.

Фото: milli-firka.org
Осы елдің орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша бұл саяси науқанға 20 партия мен 166 тәуелсіз кандидат қатысуда.
Бұл саяси додаға ол билік басындағы Әділет және даму партиясының атынан түсіп отыр. Егер көпшіліктің қолдауымен осы сайлауда жеңіп шықса, онда ол түрік парламетіне сайланған қазақтан шыққан тұңғыш депутат болмақ.
Решиде Юксел парламент сайлауына Ыстамбұлдың екінші аймағынан қатысуда. Оған қаланың 12 ауданы кіреді. Сарапшылар саяси партиялар арасында негізгі бәсеке, әсіресе осы аудандарда тартысты өтетіндігін айтады. Сондықтан үміткерлер үгіт-насихат кезінде сайлаушыларының қас-қабағын бағып, көңілдерінен шығудың барлық амалдарын жасауда. Мысалы кандидаттар ел-жұртқа сайлауалды тұғырнамалары жазылған парақшаларымен бірге гүл де таратуда.
“Мен депутат болып шықсам, мен үшін үлкен мәртебе. Бұл біздің осындағы қазақтар үшін де үлкен мәртебе болады. Мен өзім дәрігер болған соң ең әуелі дәрігерлердің құқықтарын қорғаймын. Одан кейін қазақ тілін ұмытып барамыз, үлкендер қайтты. Сондықтан қазақ тілінің мектебін ашпасам да, курс ашсам деймін”, – дейді Түркия Ұлы ұлттық мәжілісіне үміткер Решиде Юксел.
Бұл күндері Түркияда көше бойы саяси партиялардың түрлі-түсті тулары, ұрандары мен жарнамалары ілулі. Ал партия жетекшілері мен танымал саясаткерлер халықты алаңға жиып, оларды дауыс беруге барынша үгіттеп жатыр. Биліктің Әділет және даму партиясы сайлауда жеңіске жетсек, конституцияға өзгеріс енгізіп президенттік басқару жүйесіне көшеміз дейді. Ал оппозициялық Республикалық халық партиясы болса, елдің әл-ауқатын артыратын ғасыр жобаларын жүзеге асырамыз деп уәделерін үйіп төгуде.
Биыл Түркияда парламент сайлауына ел ішінде 53 млн 765 мың, ал шетелде 2 млн 870 мыңға жуық түрік азаматы дауыс беру құқығына ие. Қазір шетелде жүрген түрік азаматтары үшін бірқатар жерлерде сайлау учаскелері де ашылған. 8мамыр күні Ыстамбұлдағы Ататүрік әуежайына 12 сайлау жәшігі орнатылды. Осы күнге дейін оған 21 мың адам дауыс беріп үлгеріпті.
Дереккөз: BAQ.KZ