Мұхтар Жәкішевті Алматы маңындағы түрмеге ауыстырды

Бұрынғы топ-менеджер Мұхтар Жәкішевті Қарағанды облысындағы Долинка түрмесінен Алматы облысы Заречный кентіндегі түрмеге қайта апарды.

жакишев Бір ай бұрын болған бұл оқиғаны бүгінге дейін ешкім жұртқа жарияламаған. Мамырдың 22-сі күні құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook әлеуметтік желісінде: «Сүйінші! Мұхтар Жәкішевті Долинка кентінен (Қарағанды облысы) Алматы түбіндегі Заречныйға ауыстырыпты. Оның дімкәс денсаулығына Алматының жылы ауа райының шипасы тиетін болды. Хат жолдағысы келетіндерге мекенжайын кейінірек жазармын» деп хабарлады. Мұхтар Жәкішевтің 25 сәуірден бастап Заречный түрмесінде отырғанын Азаттық тілшісіне оның адвокаты Нұрлан Бейсекеев те растады. Адвокат өзге жайттарды хабарлаудан бас тартты. «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің туыстарымен, оның бұрынғы банкир досы – қазір Францияда Ресейге экстрадициялау шешімін күтіп отырған оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен хабарласудың сәті түспеді. Бірақ Мұхтар Жәкішев шынымен сәуірдің 25-інде этаппен келгенін ресми атауы ЛА-155/8 түрмесі қызметкерлерінің бірі растады. Жұртқа белгілі тұтқынды «өндірістік зонаға» жіберген. Түрме өкілі Жәкішевтің бұл «зонада» немен айналысатынын хабарлай алмады. Жәкішев «қаржылық ысырап жасады және пара алды» деген айыппен 2010 жылдың наурызында 14 жылға сотталып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге кесілген.