Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы: Арамызда арандатушы ұйымдар жүр
2015 ж. 13 мамыр
3535
2
Белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали редакциямызға хабарласып: «Алматыда Георгий лентасы әлі де еш тосқауылсыз таратылып жатыр. «Алтын Орда» сауда орталығы жанындағы «Small» дүкенінің басшылығы өз дүкендерін аталмыш ленталармен безендіріп қойыпты. Ал, Алматы қалалық №132 мектеп-гимназиясының төменгі сынып оқушылары да кеуделеріне Георгий ленталарын тағып жүр» деп хабарлап, біраз мәселенің басын ашып айтқан еді. Тиісінше, саясаттанушының бұл мәлімдемесін басқа да республикалық басылымдар іліп әкетіп, қоғамның назарын тағы да лента дауына аударған болатын. Назарларыңызға осынау саясаттанушымен болған сұхбатты ұсынып отырмыз.
– Әзімбай Бейсетбайұлы, сіз жуырда БАҚ-қа берген мәлімдемеңізде «Қазақстанда жасырын сепаратистік ұйымдар жұмыс істеуде» деп мәлімдеген едіңіз. Осы жөнінде толығырақ айта кетсеңіз?
– Иә. Рас. Қазақстанда жасырын сепаратистік ұйымдар бар. Тіпті, олар қаптап жүр дер едім. Жалпы, мемлекет өзін сақтап қалу үшін өз-өзін қорғай білуі қажет. Ал өз тәуелсіздігін қорғай алмайтын мемлекеттер түбінде отарға айналатыны түсінікті. Мені бір мәселе қатты алаңдатады. Біздің елде «қой терісін жамылған» топтар көбейіп барады. Осыны әшкерелеу керек. Бұлар –өте қауіпті топтар. Неге десеңіз, олар соңғы уақытта ашық түрде бас көтере бастады. Бұлар үлкен қалаларда ғана емес, әрбір облыс орталықтарында жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп келеді. Жуырда ғана мен осы мәселені ашық түрде БАҚ-қа жарияладым. Әрі қарай, ҚР Бас Прокурорына, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасына, Ішкі істер министріне хат жолдадым. Осы мәселенің күннен-күнге өршіп бара жатқандығын хатта көрсеттім. Мысалы үшін, Қостанай қаласында сепаратистер ашық түрде бас көтеріп жүр деп батыл айта аламын. Ал Алматыда әзірше астыртын жұмыс істеп жатыр. Менің ойымша, оларды билік жақтан да қолдайтын адамдар бар секілді көрінеді. Биліктегілердікі білместік пе, әлде басқа ма, ол жағын білмедім. Ал мен бұл мәселеге мән бермеу – үлкен қателік деп есептеймін. Өйткені, мұның салдарын ертеңгі күні жеріміздің бір бөлігінен айырылғанда ғана бір-ақ білетін боламыз. Украинадағы сценарий тура солай өрбімеді ме! Шығыс Украинаның Ішкі істер департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік қызметі жүз пайыз Ресей Федерациясына қосылып кетті. Өтіп кетті. Олар «Ресей жағына өтсек айлығымыз, зейнетақымыз жоғары болады. Балаларымыз Мәскеуде оқитын күн туады» деп ойлады. Сөйтіп бұлар ол жаққа сепаратистерді қолдап өтті ғой. Солардың сөзіне сеніп, алданып қалды! Жалпы іс жүзінде Луганск пен Донецк облысының үштен бірін сепаратистер қадағалауда. Сол өлкелерде өлгендердің саны алты мыңнан асып кеткен екен. Әрине, олар жоғары жалақы мен жақсы өмір күткен еді. Ал іс жүзінде қаншама мың адам опат болды. Олардың үйлері зеңбірекпен атылып, қиратылды. Көшелерінде сепаратистер танкімен жүреді. Қазір бірін-бірі тонап жатыр.
– Еліміздің саяси-қоғамдық өміріне қатысты проблемаларына үнемі ашық үніңізді қосып келесіз. Ашықтықтан қорықпайсыз ба?
– Иә. Әрине. Мұндай мәселелерді көтеру мен үшін қауіпті жағдай деп білемін. Мен бір нәрсені ескерткім келеді. Мен ешқандай психикалық тіркеуде тұрған адам емеспін, денім сау, үйімде тонайтын дүние тағы да жоқ. Ешқашан сотталған да, тіпті куә ретінде де сотқа тартылған адам емеспін. Сондықтан, «Әзімбай өзін-өзі өлтіріп тастапты» деген сөзге сенуші болмаңыздар. Ресей мүддесін қорғайтын адамдар әрине түрлі іс-әрекеттерге баруы мүмкін ғой. Мен жоғары жаққа хат жазуымның негізгі мәні – мемлекетті қорғауға мүдделімін. Сепаратистерді әшкерелегім келеді. Біз оларды әзірше соттай алмаймыз. Алдымен олардың қылмысын дәлелдеу керек дегендей. Ол үшін Қылмыстық қодекс пен демократиялық дәстүр бар. Бірақ ең алдымен оларды табу керек. Мәселен, Алматыдағы №105 автобус жүргізушілері маған біреулердің түнде паркке келіп, Георгий ленталарын жасырын тағып жүргендерін айтты. Бір жүргізушілер оны алып тастаса, біреулері ол сепаратистік лентаны автобуста ілулі күйінде қалдыра салатын көрінеді. Бұл әдейі ұйымдастырылып жатқан іс-әрекет қой. Көкірегі ояу азаматтар ертесімен шешіп тастап, жұмысқа шығыпты. Бірақ, бұл кімнің ісі екені сол күйінде белгісіз болып қалды. Атқарушы билік тиісті заң шығарып, өзіміздің байрағымыз түстес мерекелік ленталарды қолдануға үгіттегенімен, бұл топ Георгий лентасын ашық түрде таратып әлек. Мысалы, «SMALL» супермаркеті ұлттық нақыштағы ленталарды елемей, аталмыш лентамен безендіріліп қойған. Сұрастырып көрсек, бұл әрекет дүкеннің басшылығының тікелей нұсқауымен болған екен. Естеріңізде болса, мұндай сценарий Шығыс Украинада болған еді. Сондықтан да бұл ленталардың таратылуына жол бермеуіміз керек! Бұл сепаратистік ұйымдарды әшкерелеп, БАҚ арқылы халыққа дұрыс ақпарат жеткізуіміз керек, әйтпесе, олар күннен-күнге күшейіп кетуі ғажап емес. Жалпы алғанда, сепаратистер осымен екі операция жүргізді Қазақстанда. Бірінші операция –«ночной дозор» деп аталды. Ол осыдан екі-үш жыл бұрын өтті. Ал соңғы операция – «Георгий лентасы» деп аталды. Сонда бұл операциялардың мақсаты орыс әлемін қолдайтын адамдардың санын анықтау еді деп ойлаймын. Ол жерге «кімдер келді, кімдер келмеді, кімдер қанша ақша әкелді» деген секілді сұрақтар күн тәртібіне шығарылғаны белгілі ғой. Олардың ішінде тіпті кейбіреулері тегін де жұмыс істеп жүр. Олар үшін «Ресей, орыс әлеміне» жұмыс істеу үлкен абырой секілді. Менің білуімше, олардың ішінде қазақтар да бар көрінеді. Енді, жоғарыда айтқан министрліктер олардың жұмысын әшкерелеуі қажет. Бұл кезек күттірмейтін мәселе. Ең алдымен олар кімдер, қайдан келді, ақшаны қайдан алады, құрамында кімдер бар деген сұрақтарды анықтауы қажет деп ойлаймын. Енді Қазақстанда олардың екі негізгі ресурстық қолдаушылары бар. Біріншісі – баспасөз қолдаушылары. Екіншісі – мемлекеттік қызметте отырған қолдаушылары деп білемін. Сонымен қатар өзге де түрлі ұйымдар да бар. Оларды іштен және сырттан қолдайтын қаржылық топтар жеткілікті. Бұрын Ресейден ақша көп келетін. Ал, қазіргі дағдарысқа байланысты ақша азайды. Жағдай күрделене түсті. Қазіргі таңда олар қаржылық мүмкіндіктерді іштен іздеп жатқан көрінеді. Араларында ақпараттық тұрғыда қолдаған газеттер болды. Біреулері бір рет қолдады, ал кейбіреулері әлі де қолдап келеді. Тіпті, бұлардың да араларында қазақ жігіттері жүр. Мен олардың есімдерін атай алмаймын, өйткені, дәлелдеу керек қой. Одан соң арнайы тоқталғым келетін бір мәселе бар. Мен осыған дейін біздің Ішкі істер қызметкерлері Украинаның Ішкі істер қызметкерлері секілді басқа елге сатылып кетпейді деп айтып жүргем. Осы мәселеде қателескен екем. Сіздерден кешірім сұраймын. Өйткені, олардың ішінде де Қазақстан билігіне, саяси жүйесіне берілмеген жігіттер бар екен. Олар мемлекетті қорғайтын азаматтар емес пе еді? Біріншілері жартылай адал болса, екіншілері керісінше, мемлекеттің мүддесіне қарсы секілді көрінді. Сөзімді дәлелдеу үшін мына мәселеге тоқтала кетейін. «Алтын орда» базарының жанындағы «SMALL» супермаркетінде зымиян саясатты уағыздайтын лентаның ілулі тұрғанын көргеннен кейін, мен дереу түрде полиция қызметкерлерін шақырдым. Келген қызметкерлер дүкеннің ішіне кіруге, заң бұзылғанын анықтаудан бас тартты. Тек менен арыз жаздырып алып кете берді. Тіпті, түрі азиаттыққа келетін аға сержант менің қазақ тілінде сөйлеп тұрғанымды жақтырмай, сөзімді тыңдағысы келмеді. Айтуынша, тіл білмейді екен. Мемлекеттік қазақ тілін меңгермеген адам қалайша құқық қорғау саласында жұмыс істеп жүр? Полиция қызметкері дегеніміз биліктің халық алдындағы өкілі емес пе? Сондықтан министрлер, бас прокурор, және де басқа да құзырлы билік басындағы тұлғалар, елімізде болып жатқан бұл заңсыз әрекеттерді өз уақытында тыйып, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне нұқсан келмеуін қадағалаңыздар деп хат жаздым. Бұл – халықтың тілегі. Осыны ескеру қажет! Ертең кеш болады. Біздің кейбір басылымдар мемлекеттік тапсырыстар алып жатады. Ал екінші қолымен Ресейдің мүддесіне жұмыс істеп жатыр. Біз осыны ескермейді екенбіз. Қай газеттер екендігін мен айта алмаймын. Өйткені, тағы да айтамын – мұны дәлелдеу керек қой. Ал, «үш әріптің» қызметкерлері келіп сұрап жатса, мен қуана-қуана беруші едім. Олардың тізімдері менде бар. Демек, қазақ баспасөзінде Ресей мүддесін қорғауда белсенділік танытып жүрген жеке азаматтар мен қорлардың бар екендігі расталды деген сөз. Тіпті, кейбіреулерінің аттары да қазақша. Олардың аттары қазақша болғаннан соң, олардың сатқын екендіктері туралы кім ойлайды?
– Мұндай айғақты қайдан білесіз деп сұрасақ бола ма?
– Жалпы, ғылымда «контент-анализ» деген бар. Баспасөзде кім не деді, қашан деді барлық сөзі тасқа басулы тұр. Оны сотта өзіне қарсы пайдалана аласыз. Жаздың ба – жаздың, айттың ба – айттың! Ал, егер олай айтпасаңыз, онда неге оны теріске шығаратын ақпарат бермедіңіз? Көрдіңіз бе, барлығы да тайға таңба басқандай сайрап тұр. Демек, бұл фактілердің бәрін сарапшылар арқылы дәлелдеуге мүмкіндік бар. Қауіп болса, онымен күресу керек! Жалпы бізге ақпараттық қауіпсіздік мәселесін де қолға алу керек! Елімізде Ресейдің жалған ақпараттық насихаты белсенді жұмысын жалғастырып жатыр. Олардың жалған насихаты «қазекеңе» өтіп кетіпті. Өйткені, біздің ақпараттық насихат пәрменді еместігін дәлелдеп отыр. Жалпы соңғы уақытта Ресейдің саясаттанушылары елімізге келгіштеп кетті. Олар телеарналарымыз арқылы сөйлейді. Ресейдің көзқарасын айтады. Қарапайым халық ол пікірлерге имандай сенеді. Сосын әлгіндей жігіттер де «осы дұрыс екен ғой» деп шығады.
– Сіз бұған дейін Қазақстанда азаматтық қоғам жоқ деп қалған едіңіз. Ал қазір бар ма?
– Осыдан біраз уақыт бұрын «қазақстандық ұлт» жайлы пікірталастар болған кезде, мен қазақстанда азаматтық қоғам жоқ дегенім рас. Алайда, соңғы уақытта оның Қазақстанда бар екендігін көзім көріп жүр. Мысалы үшін, кеше Георгий лентасын тағып жүрген «Small» дүкенінің қызметкерлері біз таң ертең барсақ, ленталарын шешіп тастапты. Сосын біз «әй, кешегі ленталарың қайда?» десек, «бастықтар бүгін оны жойыңдар деп тапсырма берді» дейді. «Сіз айттыңыз ғой оның пиғылы нашар лента екендігін» дейді. Міне, азаматтық қоғам дегеніміз – сол.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті