Министрліктерді, комитеттер мен агенттіктерді қысқартқанымызбен шенеуніктер қысқармайды. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Біз министрліктерді қысқарттық, комитеттерді қысқарттық, агенттіктерді қысқарттық, шенеуніктер қысқармайды. Қызық, иә? Суға батпайтын кеме сияқты. Бізде қалай? «Самұрық-Қазына» қысқартады, қысқартады, құртып жатырмыз дейді. Ешкім ешқайда кетпейді. Бәрі отыр, міне, қалай жұмыс істейміз?», – деді елбасы.
Президент 1 бөлімде 7 адам болса, барлық жұмысты соның 2-еуі ғана атқаратындығын атап өтті.
«Барлығы барып солардың мойнына арта береді. Басқасы жай отырады. Неліктен мұны тәртіпке келтіре алмайсыздар? Солай емес пе, Бердібек?», – деді мемлекет басшысы премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевқа қарата.
Өз кезегінде ол бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынғанын атап өтті.