Күні ертең суға таласуымыз ғажап емес...
2015 ж. 05 мамыр
4555
0
Бүгінгі таңда ауызсу тапшылығы, трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану жайы Орталық Азия елдері үшін аса күрделі мәселелердің біріне айналып отыр. Қырғызстан және Тәжікстан – ағыс бойында жоғары орналасқан елдер, яғни, қалған аймақтағы елдерге жіберілетін су ағынын қалай реттеу солардың қолында. Қырғызстан Сырдария өзенінің, ал Тәжікстан Әмудария өзенінің алабын бақылайды. ҚР Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының деректері бойынша Қазақстан сырттан келетін өзен суына 42%, Өзбекстан – 77%, Түркіменстан 94 % тәуелді.
Ақиқаты сол, тұщы су мәселесі Орталық Азияда ғана емес, әлем бойынша қат бола бастады. Сарапшылар «енді 20-30 жылдан кейін болатын соғыстардың өзегінде тек су мәселесі жатады» деп, дабыл қағуда. «Әлемнің 45,3 пайызында өмір сүріп жатқан 145 мемлекет 263 трансшекаралық өзендерді пайдаланады. Қазір осы мемлекеттер арасында су дауы қатты көтерілуде. Мұның арты үлкен қақтығыстарға алып келуі әбден мүмкін» дейді олар.
Бұл – шындық. Өйткені, әлемдік ауа райының күрт жылынуынан таулардағы мәңгі мұздақтар еру үстінде. Мұзтаулар түгесілген кезде, құрғақшылық басталары заңдылық. Мұның арты әлемдік дағдарыс пен жаппай аштыққа алып келеді. Халық жайлы жер іздеп, үдере қоныс аудару басталмақшы. Бұл – миграциялық соғыстардың шығуына себепші болуы мүмкін. Су дауы Орталық Азияда жатқан бес республика арасында да бар. Себебі, судың бастау алатын негізгі көздеріне ие болып отырған Тәжікстан мен Қырғызстанға біз де тәуелдіміз, Өзбекстан мен Түркіменстан да кіріптар. Таулардан бастау алатын мол судың құлағына ие болып отырған қос ел көршілеріне шекесінен қарайды. Қажет етсе, суды басынан байлап алуға да әлеуетті. Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстан су мәселесінде үнемі осы екі елмен дауласып келеді. Бірақ шешімін тауып жатқан ештеңе жоқ.
Су – Орталық Азиядағы даулы мәселенің бірі. Шекарасы белгіленбеген аймақтарды есепке алсақ, судың дауы тіпті ушыға түседі. Орталық Азияның кей бөліктерінде шекаралар нақты бөлінбегендіктен, су ресурстарын ортақ пайдалану мен шектеу мәселесі туындайды. Мемлекеттер арасындағы және мемлекет ішіндегі бәсекелестік ушығады. Орталық Азияның тұрақтылығына қауіп төндіретін мәселелердің ішіндегі ең өткірі су мәселесі болса керек. Орталық Азия ауызсуға кедей аймақ, сондықтан оған талас та аяусыз болмақ. Судың жоғарғы ағысында орналасқан елдер – Қырғызстан мен Тәжікстан төменгі ағыста отырған негізгі тұтынушылар – Өзбекстан, Түркіменстан және Қазақстанға қарағанда әлсіз елдер.
Жалпы, Орталық Азиядағы су мәселесіне байланысты белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы былай дейді: «Бүгін-ертең бұл өңірде суға байланысты қақтығыс туып кетеді деу – ерте. Егер де жағдай осы арнамен кете берсе, алдағы уақытта болуы мүмкін. Оны жоққа шығара алмаймыз. Әрине, тәжіктерді де, қырғыздарды да түсінуге болады. Қуат көздерін өндіруге мүдделі. Бірақ қырғыздардың «суды сатамыз» деуі жөн дей алмаймыз. Өйткені трансшекаралық өзендер еш елдің жекеменшігі емес. Ол сол елде тұйықталып қалатын өзен емес. Сырдария мен Әмудария трансшекаралық өзендерге жатады. Сондықтан, Тәжікстан да, Қырғызстан да екі өзенді жеке меншігіміз деп жариялап, ойларына келгенін істеуге құқылы емес. Ол – халықаралық заңға қайшы. Ең бастысы, осы аймақта жатқан бес ел су мәселесін үстел үстінде отырып, бәтуалы шешкені жөн».
Ал география ғылымының докторы, профессор, гидролог-инженер Жақыпбай Достайдың айтуынша, «келешекте, яғни, әрбір он жылда «шартты сценарий» бойынша әлемдік су пайдалану үдерісі 10-12 пайызға өсіп отырады да, 2025-2030 жылдарға қарай 1995 жылмен салыстырғанда, 1,4 есеге артады. Ал Қазақстанда су ресурстары 2030 жылға қарай қазіргі 91,3 текше шақырыммен салыстырғанда 21 пайызға азайып, 72,4 текше шақырымды құрайды. Азаю үдерісі, негізінен трансшекаралық өзендер есебінен болады, яғни көршілес елдерден келетін су көлемі 60 пайыздан астам мөлшерге кемиді. Себебі, бүгінгі таңда көршілер өздерінің экономика саласын дамыту үшін су ресурстарын пайдалануды арттырып келеді. Мемлекеттік саясат таразыланған болуы тиіс. Әлемдік тәжірибеде қабылданған қағидаларды басшылыққа ала отырып, Қазақстанға тиесілі су ресурстарының лимитін белгілеп алуымыз керек. Бұл жөнінде Ертіс, Іле секілді ірі өзендеріміздің суын бөлісу жөнінде Қытай Халық Республикасымен әлі күнге дейін келісім жасалған жоқ. Бұл көршіміз ешбір халықаралық құжатқа қол қойған емес. Ал Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей сияқты өзге көршілерімізбен 1983 жылы Мәскеуде бекітілген шартымыз бар екені рас. Алайда, бұл елдер шартты орындамай қоя салатыны да рас. Қалай дегенмен де, су мәселесі қазіргі күні және жақын болашақта өткір геосаяси мәселеге айналатыны анық» дейді.
Сарапшы-мамандардың айтуынша, бүгінде сыртқы саяси күштердің араласуымен Орталық Азиядағы су тартыстары басталып та кеткен. Мәселен, қазір Сырдария мен Әмудария өзендері бойымен су дұрыс тарамай жатыр. Себебі осы трансшекаралық өзендердің басында отырған Қырғызстан мен Тәжікстан суды жеке энергетикалық мақсаттарға пайдалануды көздейді. Ол үшін Қырғызстан Сырдария өзені бойында «Қамбар ата – 1» гидроэлектр стансысын салуды жоспарлап отыр. Биіктігі 275 метр болатын алып құрылысқа 5 млрд доллар жұмсалмақшы. Аталған құрылысқа АҚШ-тың инвестициясы тартылып отыр деген ақпарат бар.
Саясаттанушылар қазіргі таңда Орталық Азия елдерін қақ екіге бөліп отырған бірнеше мәселе барын алға тартады. Біріншіден, аймақтағы су қауіпсіздігі мәселесінде бес мемлекет екі топқа бөлінген: бірі – Сырдария мен Әмудария өзендерінің төменгі ағысында орналасқан Қазақстан, Өзбекстан мен Түркіменстан болса, екінші топ – жоғары ағыстағы Қырғызстан мен Тәжікстан. Дәл осы өзендердің жоғары ағысындағы қос мемлекет өздерінің су-энергетикалық қауіпсіздігін сақтап қалу үшін тау бөктерінен Қамбар ата (қырғыз жерінен) және Рогун (тәжік жерінен) ГЭС салуды ұсынады. Қос мемлекет, бұл орайда, қаржылық демеуді Ресей жағынан күтеді.
Өз кезегінде су ағысының төменгі жағында орналасқан үш мемлекет аймақта ірі ГЭС-тер салынса, бұл жобалар Орталық Азиядағы су ресурстарының еселеп азаюына әкеп соғып, қазақ, өзбек және түркімен халықтарын су тапшылығына душар етеді деп алаңдайды. Яғни аймақтағы үш мемлекеттің ұлттық, әлеуметтік, экологиялық қауіпсіздігіне бұл бастама айтарлықтай нұқсан келтіретіні анық. Өмірдің күретамыры іспеттес су мәселесінде өзара дүрдараздық алдағы уақытта әлі де ушығуы әбден мүмкін.
Орталық Азия елдерінің басын біріктірмей отырған көпшілікке белгілі екінші мәселе – ресми Астана мен Ташкенттің өзара бәсекелестігі. Жалпы, Орталық Азия одағын құруды әу бастан Ислам Кәрімов ұсынғаны белгілі. Бірақ ол кезде қазақтың ұпайы түгел болмады: елдегі экономикалық-әлеуметтік қиын жағдай, алғашқы жылдардағы Ресейге тәуелділік, шекара мәселелері мен ішкі этникалық мәселелер және ең бастысы, қазақ ұлтының сан жағынан азшылығы бұл тұрғыдан алда келе жатқан Ташкенттің ұпайын еселеуі мүмкін еді. Аллаға шүкір, Қазақстан 10-15 жыл ішінде тәуелсіздігін нықтап, шекарасын бекемдеп, саяси-экономикалық жағдайын тұрақтандырып, қазақ халқының үлес салмағын көбейтіп алған соң, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен Орталық Азия одағын құру идеясы жарқ етті. Бірақ қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық тығырыққа тірелген ресми Ташкент аймақтағы доминантты ел – Қазақстанның жетегінде кеткісі келмесе керек. Шетелдік сарапшылардың айтуынша, Әндіжан оқиғаларынан кейін халықаралық қауымдастық алдындағы беделін түсіріп алған көршілес ел әлі де демократиялық даму жолына толыққанды бетбұрыс жасай алмай келеді. Аралды құтқару қорын құрылтайшы мемлекет басшыларының саммиті аясында қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен өзбек Президенті Ислам Кәрімов жеке кездесті. Бұл орайда қазақ-өзбектің басын қырғыз-тәжіктің ГЭС-ке қатысты бастамасы біріктіріп отырғаны тағы рас. Бұл өзекті мәселе болашақта ушыға түскен сайын қазақ пен өзбектің ынтымақтастығы да арта түсері сөзсіз. Осылайша бір мәселе бойынша бөлінген мемлекеттер екінші жағынан бірігуге негіз боларлық жайттарға тап болып отыр. Яғни, Нұрсұлтан Назарбаевтың Орталық Азия одағын құру бастамасы түптің түбінде жүзеге асуы тиіс заманауи жоба екені анық. Елбасы да өз кезегінде: «Құдайдың өзі бұйырды: 55 миллион тұрғын, тілдік барьер жоқ, бірін-бірі толықтыратын экономика, оның үстіне көлік және энергетикалық жүйелер бір кеңістікке тоғысып жатыр. Мұндай одақтың әлі күнге дейін құрылмауын түсінбей келемін», – деген еді.
Осындай ауыр да қиын кезеңде туысқан елдері тығырықтан да, дағдарыстан да, өзге алпауыттардың жетегінде кетпеуінен де құтқаратын бір-ақ нәрсе бар, ол – бірлік.
Саясаттанушы Нұрлан Сейдіннің айтуынша, Орталық Азия аймағы үшін су мәселесі өте күрделі. Біраз жыл бұрын су мәселесін шешу үшін Орталық Азия елдерінің консорциумы құрылған болатын. Бірақ бастамасы жақсы болса да, аяғы нәтижесіз қалды. Бұған бірінші себеп – мемлекеттердің бір-бірімен өзара ымыраға келе алмауы. Екіншіден, мемлекеттердегі экономикалық әрқилы жағдай мен гидро-құрылғылардың тозуы да себеп. Мәселен, Қырғызстан мен Тәжікстаннан бастау алатын суды электр энергиясы ретінде пайдалануда бұл елдер Қазақстанға суды жаз кезінде азырақ, қыс кезінде көбірек өткізуге тырысады. Мәселен, су квотамен бөлінеді, ал былтыр Қазақстанның квотасын Өзбекстан толығымен пайдаланып кетті. Жалпы, осы күнге дейін Қазақстан әртүрлі ұсыныстармен шығып жатыр. Бірақ белгілі бір себептерге байланысты аймақ елдері тарапынан да қолдау таппай отыр. Бұған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы геосаяси тартыс себеп болуы мүмкін. Екінші жағынан, Қырғызстандағы саяси-экономикалық тұрақсыздық мәселесі тағы бар. Бірақ болашақта мемлекеттер ауызбіршілікке келіп, кез келген мәселе бойынша, айталық, ортақ қауіпсіздік, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін Орталық Азия одағы аясында бас қосатындығына сенім бар. Бәріне де уақыт керек» дейді.
Әрине, жоғарыда тоқталғанымыздай, аймақтағы су мәселесін шешуде ауызбіршілік қажет-ақ. Су меншіктеу қисынсыз. Оны үнемдей білу де маңызды жәйт.
Десек те, су дауы мемлекетаралық байланыстарда қалай шешіледі деген сұраққа дәл қазір нақты жауап таба алмайтындығымыз және анық.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті