ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУҒА БАЙЛАНЫСТЫ НЕГЕ КЕШІРІМ СҰРАДЫ?

NN A 3

 Кеше  халықаралық дәрежедегі қалың бақылаушылардың алдында қазақ елінің жаңадан сайланған ескі де жаңа президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ кешірім сұрады – шет елдік бақылаушылардан. Не үшін десеңіз – қазақ еліндегі супердемократия үшін. Назарбаев тұп-тура осылай деді – «қазақ еліндегі супердемократия үшін сіздерден кешірім сұраймын…» «Жаңа ғана шет елдік бақылаушылармен, көп елдің конгрессмендерімен және депутаттарымен кездестім, — деді президенттік сайлау қорытындысының әсерінен әлі де болса арыла алмай,  жас жігіттей жүзі бал-бұл жанған жап-жаңа президентіміз Ақордадағы баспасөз мәслихаты кезінде, — Cөйтсем6 сайлау барысы кезінде мен байқаған кейбір нәрселерді олар да  байқаған екен. Мен не істей аламын мұндай жағдайда, өздеріңіз ойлап көріңіздерші? Мен ештеңе де істей алмаймын ғой. Мен тек олардан кешірім сұрадым – еліміздегі супердемократия үшін. Халық дауыс беріп жатыр. Маған қазақстандық сайлаушылардың 97,7 пайызы дауыс беріпті, ал сайлаушылардың сайлауға қатысу көрсеткіші 95,5 пайызды құрапты. Мен не істей аламын мұндай жағдайда – білмеймін. Мен ештеңе істей алмадым, егер мен сайлаушылармен араласып, "былай да былай істеңдер" деп әңгіме айтатын болсам, мұным әлбетте демократия принциптеріне кереғар болып шыға келеді ғой – дұрыс па осы айтып отырғаным?» Осылай деген Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшылығында жиырма жылдан бері істеп келе жатқанын, ең алғашқы президент сайлауы кезіндегі алакөңіл толқу мен кейінгі…  сайланулар кезіндегі көңіл толқулары арасындағы айырмашылықтардың жер мен көктей екенін де атап айтып өтті. «Менің осы қызметті көп жылдар бойына атқарып келе жатқаныма қарамастан, бұл жолы адамдар сайлауға өте-өте белсенді түрде қатысты, — деді Елбасы баспасөз мәслихатының соңына қарай, — халық қаптап келіп жатыр, келіп жатыр… министрлердің өздері сағаттап кезекте тұрды. Балаларымен, немерелерімен келген кейбір сайлаушылар бюллетеньдерін сайлау жәшігіне сол… балаларына, немерелеріне тастатқызып жатты. Шынымды айтайын, сайлау кезіндегі мұндай сәттер адам жүрегіне өте-өте… өзгеше әсер етеді екен…» Қысқасынан қайырғанда, әлем демократиясының әппақ парағына  "алтын" әріптермен жазылардай болып… «супердемократиялық Қазақстан» деген жап-жаңа термин пайда болды. Тағы да қайталап айтайын, осындай супердемократиялық елі үшін Нұрсұлтан Назарбаев кеше шет елдік бақылаушылардан кешірім сұрады.

Марат МАДАЛИМОВ.

ult.kz

*Тақырып өзгертіліп, мәтін ықшамдалды