Былтыр тамыздан бастап, Түркияның Президенті болып сайланған Ердоған өзі «ата-бабамның Отаны» деп ағынан жарылған қазақ жеріне алғаш рет ресми сапармен келіп кетті. Әлбетте, бұған дейін саясаткердің Қазақстанға талай жолы түскен. Ол кезде Ердоған ел үкіметін басқарған еді.
Жас кезінен еңбекке ерте араласқан Режеп Тайып саяси жүйенің түрлі бұралаң-бұлтарыстарын бастан кешіп, әбден ысылған саясаткер. Түркиядағы ең беделді «Әділет және даму» партиясын құрды. Төрт жыл Стамбұлдың әкімі болды. Он бір жыл Түркия Үкіметін биледі. Жалпы, Режеп Ердоған 1954 жылдың 26-ақпанында Стамбұл қаласында дүниеге келген. Бастауыш (діни) және орта мектептен соң, Стамбұлдағы Мармара университетінің экономика факультетінде оқыған. Режеп Ердоған саясатқа ерте араласты. 1970 жылдары әсіредіншіл Нәжімеддин Ербақанның жетекшілігіндегі Ұлттық қорғаныс партиясының жастар бөлімін басқарды. 1994 жылы Стамбұл қаласының әкімі болып тағайындалды.
Ердоған Стамбұл қаласының әкімі ретінде қаланың көркеюі мен гүлденуіне, мәдениетінің артуына зор үлесін қосады. Исламдық дәстүрге адал Ердоған жалпыхалықтық мерекелерде қаланың көпшілік орындарында, дүкендерде ішімдік ішуге, оны сатуға тыйым салып, халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.
Түркия – Азия мен Еуропаны жалғап, Батыс пен Шығысты үндестіріп тұрған мемлекет. Сондықтан түрік халқының ғасырлар бойы жинақтаған рухани құндылықтарынан бас тарту оңай емес еді. Осы төңіректе тартыс та көп болды. Солшылдық бағыттағы үкімет көзқарасына наразылық белгісі ретінде Ердоған Стамбұл қаласының әкімі қызметінен де кетуге мәжбүр болды. 1998 жылы он ай абақтыда отырып, бес жыл саясатпен айналысуына қатаң тыйым салынды.
2001 жылы «Фазилет» партиясынан бөлініп, өз алдына дербес «Әділет және даму» партиясын құрып, оның төрағалығына сайланады. Партия заман талаптарына сай, демократиялық бағыт ұстайды. Ал, 2002 жылғы 3-қарашада өткен парламент сайлауында «Әділет және даму» партиясы парламенттегі 383 депутаттық мандатқа ие болып, жеңіске жетеді. Ердоған билікке келген партияның төрағасы ретінде елдің премьер-министрі болып сайланып, үкімет құрамын жасақтайды. 2005 жылдың басында Түркия жаңа валютасын айналымға енгізді. Ердоған үкіметі билікке келгенде, бір АҚШ долларының құны – екі миллион түрік лирасына тең еді. Ақшаның осыншама құнсыздануы, әрине, алдыңғы үкіметтің жіберген үлкен қателерінің кесірінен болатын. Ердоған түрік лирасынан 6 нөлді қысқартып, 1 долларды 1 лираға теңеді. Экономикалық тұрақтылықтың арқасында бір кездері 85-90 пайызға жеткен инфляция 6-9 пайызға төмендеді. Елдегі қымбатшылық тоқтады. Бүгінгі таңда Түркия туризмнің арқасында 25 миллиард доллар жылдық табысқа жетіп отырған қуатты ел. Түркия елі бүгінде Еуропаның 6-шы, әлемнің 15-ші биік экономикасына айналды. Осы қарқынмен дамуын жалғастырса, бес жылдан кейін әлемнің 10-шы биік экономикасына айналады деп күтілуде.
Жалпы, Түркияның үкімет басына келген Режеп Тайып Ердоған батыл саясат жүргізді. Әсіресе, оның үкіметінің батылдығының арқасында «Ергенекон» деп аталып кеткен, үлкен қылмыстық топты әшкерелеп, оларды сотқа сүйреді. Бұл шулы оқиға дүниежүзінің назарын Түркияға аударып, тиісінше, Ердоған беделінің өсуіне септігін тигізді. Түркияның елуден астам генералы және әртүрлі шендегі екі жүзден астам әскери қызметтегі лауазымды тұлғалар ел тарихында бірінші рет сот алдында жауап берді. Одан тыс қаншама саясаткер, журналист, кәсіпкерлерге «Ергенеконға мүше» деген айып тағылып, сотталды. Әрине, бұл оқиға Түркия тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен әлеуметтік төңкеріс еді. Өйткені, Түркияда әскери адамдарды соттамақ түгілі, оларды сынауға ешкімнің батылы жетпейтін. Ал Ердоған үкіметі оларға «мемлекеттік төңкерісті ұйымдастырмақшы болды» деген айып тағып, әскерилердің ел алдындағы абырой-беделін айрандай төгіп тастады. Осылайша Ердоған жасырын жауды жеңіп, өзінің мықтылығын тағы да дәлелдегендей болды.
Осыдан біраз бұрын Ердоған мен әлемге кеңінен танымал ағартушы ғалым, ойшыл Фетхулла Гүлен арасында түсінбеушілік туғаны белгілі болды. 2013 жылдың желтоқсан айында Түркияның сыбайлас жемқорлықты тергеу қызметі «коррупцияға қатысы бар» деп ондаған адамды тұтқындаған болатын. Олардың ішінде Ердоған кабинетінің үш министрінің ұлы мен мемлекеттік «Халық банкінің» лауазымды қызметкері бар еді. Ердоған мұны елден қудаланған діни жетекші «Фетхулла Гүленнің ізбасарлары әдейі ұйымдастырып, мемлекет ішінен мемлекет құрмақ болды» деп айыптап, құқық қорғау органдарын оған қарсы күресуге шақырған болатын. Ердоған бұл оқиғаны «үкіметті қаралау үшін жасалды» деп мәлімдеді. Осылайша Фетхулла Гүленге қатысы бар деген Анкарадағы 350 полиция қызметкері кәсібінен айырылды. Олардың ішінде қаржылық қылмысқа, контрабанда мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес мекемелерінің басшылары бар еді.
Гүлен – Түркия мен басқа елдерде білім беру және қайырымдылық шарасымен айналысатын, АҚШ-та құрылған халықаралық «Хизмет» қозғалысының жетекшісі. Гүленнің жақтастары 2003 жылы Ердоған мен оның «Әділет және даму» партиясының билікке келуіне ықпал еткен.
Бірақ Ердоғанның ел алдында қысылмай сөйлеуіне Түркияның экономикалық көрсеткішінің жоғары болуы да ықпал етсе керек. Түркия экономикасы 2010 жылы тоғыз пайызға дейін өсіп, ең жоғары көрсеткішке жетті. Биыл бұл шама 4 пайыз мөлшерінде ғана болса да, түріктер Ердоған тұсында экономикамыз гүлденді деп санайды. Ердоғанның сайлаушылары үшін тағы бір маңызды себеп – елде оның партиясына төтеп берерлік балама күш жоқ. Түркия бойынша сарапшы Гарет Дженкинс пен АҚШ-швед компаниясы «Silk Roads Studies Program» дерегі бойынша, «Ердоғанды азаматтардың көбі қолдайды. Себебі билікке келген кезде ол «Әділет және даму» партиясын консервативтік партия ретінде көрсетті. Оңшыл-орталық (central-right) бағытты ұстанатынын жариялады. Бірақ соңғы жылдары оның партиясы исламшыл бағытқа ауа бастады. Дегенмен оның елдегі ықпалы төмендесе де, сайлаушылар басқа партияны таңдай алмайды. Өйткені, бұл елде таңдау жасау мүмкіндігі аз».
Жалпы, Түркия өзінің Еуропалық Одаққа кіргісі келетінін ұдайы айтып келеді. Түркияның Еуропамен «құдандалы» бағыт ұстауы сонау Ататүрік заманынан басталған. Елдегі жүргізілген мемлекеттік реформалар Түркияны Еуропаға жақындатып қана қоймай, елді экономикалық, саяси жағынан да, рухани салада да биікке көтерді. Түркия 1959 жылы басталған Одаққа өздерін қабылдау жөнінде берген талаптарын XXI ғасырға сүйреп келіп отыр. Осы уақыт аралығында Түркия БҰҰ-ын құрушы мемлекеттердің бірі болды. Солтүстік Атлантикалық Одаққа (НАТО) да кіріп, өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр. 2004 жылы ЕуроОдақ шекарасы біршама кеңейді. Одақ құрамына жаңадан он мемлекетті қабылдап, үлкен құрылымға айналды. Жалпы, Түркия ЕуроОдаққа не үшін кіре алмай жүр деген сұрақ төңірегінде ойланатын болсақ, біраз мәселенің басы ашылары сөзсіз. Саясаттанушылар «Еуропалық Одақ Түркияның толассыз иммигранттарынан және де Еуропаның мұсылмандануынан зәресі ұшады» деп жазып жүр. Францияның бұрынғы президенті Валери Жискар Эстеннің: «Түркияның ЕуроОдаққа кіруі Еуропаның күйреуі» – дегені ұран болып қабылданған еді. Сондықтан да Одаққа мүше көптеген елдер Түркияның оған қабылдануына тосқауыл қойып келеді.
Әйтсе де, Ердоғанның ЕуроОдақтың қылмыстық кодексі еуропалық стандартқа лайықтау жөніндегі «ерлі-зайыптылардың бір-бірінің көзіне шөп салу» жөніндегі ұсынысына келісе алмайтынын жеткізген-ді. Оның батыстықтарға қаратып: «Біздің ЕуроОдақ мүшесі болуды аңсайтынымыз рас. Алайда, Одақ мүшесі болу үшін батыстық көзқарастардың барлығын қабылдаудан аулақпыз. Отбасы – қасиетті институт болғандықтан, біз осындай қадамға бардық. Жұбайлардың ара-қатынасындағы өзгерістерден отбасы құлдырайды. Ал отбасының құлдырауы мемлекеттің ыдырауының бірде-бір себепшісі. Осыны ұмытпаған абзал» деуі ел мүддесін бәрінен жоғары қоюының айқын дәлелі.
Баршамызға белгілі болғандай, 1915 жылы орын алған армян мен түрік қаралы оқиғасының дауы әлі күнге дейін шешімін тапқан емес. Бұл өз кезегінде Түркияны басқа мемлекеттер арасында ыңғайсыз жағдайға қалдырып келеді. Армяндар 24-сәуірді Осман империясы тұсында түріктердің этникалық армяндарды жаппай қырғынға ұшырату науқанын бастаған күн ретінде еске алады. Армяндардың айтуынша, 1915 жылы 24-сәуірде Түркия астанасы Стамбулда империя құрамындағы армян зиялыларының жүздеген өкілі тұтқындалып, қуғындалды. Олардың көпшілігі айдауда жүріп, қаза тапты. Қырғын бұдан бірнеше айдан соң қайта жалғасты деп отыр. Бұл қырғын 330 шақырымдық ортақ шекарасы бар Түркия мен Арменияның дипломатиялық байланыс орнатуына кедергі жасап келеді. Түркия ол кезеңде екі жақтан да бірдей қылмыстар болғанын айтып, өзіне тағылған айыпты мойындамай отыр.
Ал осы мәселеге байланысты жақында Ердоған Стамбұл қаласында өткен Бейбітшілік саммитінде жиынға қатысып отырған армян министрінен «армян геноцидін» дәлелдейтін тарихи дерек талап етті. Ол: «Сіздер «христиандарды қырды, армяндарды қырды» дейсіздер. Сіздердің мәлімдемелеріңіз қандай фактіге негізделген? Бұл өте лас әдіс. Сіздердің мұндай қорытынды жасайтындай қандай дәлелдеріңіз бар?» деп сұрақтың астына алды Ердоған.
Біз барлық мұрағатымызды аштық. Бұл мәселеге қатысты миллионнан астам құжат жарияланды. Егер армяндардың мұрағатында осы зұлматқа қатысты дерек болса, ашып көрсетсін. Оларды да жариялайық. Біз бұған археологтарды, тарихшыларды, саяси ғалымдарды және заңгерлерді тартайық. Олардың мәселені зерттеп, анықтағандары керек. Егер үшінші елдердің мұрағаттарында құжаттар болса, оған да қарайық. Тек осыдан кейін ғана, біздер, яғни саясаткерлер, тиісті келісім жасап, қорытынды шығаруымыз керек. Еш құжатсыз, дәлелсіз Түркияны «1915 жылы қандай да бір геноцид жасады» деп айыптап, құр айғайлау ешкімге абырой әпермейді» деді ол.
Міне, осылайша Ердоған Түркия халқын жаңа белестерге жетелеп келеді. Ердоғанның арқасында күллі түркі жұрты да өзіне деген сенімін күшейткені сөзсіз. Өйткені, ол өз сөзінде түркі жұртын ғана емес барша мұсылмандарды да назардан тыс қалдырмайтынын айтқан болатын.
Кезінде марқұм Тұрғыт Өзал қазақ пен түріктің қарым-қатынасын бір-ақ ауыз сөзбен шешіп кеткен екен. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанға ресми сапары кезінде біздің әріптестеріміздің «Түркияда қанша қазақ бар?» деген сауалына «мені қосқанда, Түркияда 60 миллионнан астам қазақ бар» деген екен.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті