Берік Әбдіғалиұлы, саясаттанушы: Дәл қазір қазаққа нұрлы ақыл мен ыстық қайрат қажет
2015 ж. 21 сәуір
4359
7
Жаңашыл да іскер басшы, білікті ұйымдастырушы Берік Әбдіғалиұлының халық тағдырына қатысты айтқан бір әңгімесінде «Қазаққа ұлттық арман керек!» деп қалғаны бар еді. Неліктен екенін, Бекеңнің сол бір байламы көкейде жатталып қалыпты.
Ол, әсілі, саясат жолына ғылым арқылы келген азамат. Оның мемлекеттің дамуына, елдің болашағына қатысты ойларының шар болаттай шымыр, әрі соншалықты дәл келетіні сондықтан да ма екен.
– Берік аға, сіз баяғыда «қазаққа ең керегі ұлттық арман» дегенде нені меңзеп едіңіз?
– Ұлттың ұлт болуына әрқашан да белгілі бір мұрат, мүдде бастайтыны түсінікті шығар. Адамзат тарихын алып қарайтын болсақ, қазіргі күні толық қалыптасып, айдарынан жел ескен ұлттардың бәрінің де әуелден көксеген нақты бір арманы болғанын аңдаймыз. Ал, қазақтың әлімсақтан келе жатқан арманы – Азаттық, Еркіндік болса керек еді.
– Осы тақырыпты зерттеп, қалам тербегенде не түйдіңіз?
– Бүгін қазақ қоғамында түрлі рухани құбылыстар, сан алуан ізденістер жүріп жатыр. Сол үдерістердің барлығы да ұлттың жаңаша бір сапалық деңгейге көтерілуінің, дамуының, тың кеңістікке құлаш ұруының белгісі екені даусыз.
– Сіздің елдің тарихына да ден қойып, ұлттың жоғын түгендеуге құлшынатыныңызды аңдап жүреміз.
– Расында, тоғышарлықтың көбі төл тарихты білмеуден, білімсіздіктен шығатын сияқты. Мәселен, біз әлемдегі ең іргелі мемлекеттердің біріміз. Жер аумағы жағынан дүниежүзі бойынша тоғызыншы орында тұруымыздың өзі талай жайтты аңғартпай ма. Демек, телегей теңіздей тарихымыз да сан қатпарлы. Осының мәнін, ең алдымен, өзіміз іштей парықтап, қорыта білсек жаман болмас еді. Тегінде, бізге қазақтың ұлттық мінезін шыңдай түсетін жағдайдарды көбірек насихаттау қажет деп ойлаймын. Айталық, түрлі ұлт-азаттық көтерілістер, кешегі отызыншы жылдардағы ашаршылық, мынау зиялы қауымның ұлттың дамуына байланысты толғанысы, іс-әрекеті, өзінің өмірін халық үшін пида еткен арыстарымызға қатысты мысалдар бәрімізге үлгі болуы керек деп есептеймін. Одан соң әрбір қазақ туған ұлтының мүддесіне қалтқысыз қызмет етуге тырысса деп қиялдаймын.
– Бірінші дүниежүзілік соғыс тарихына көбірек көңіл бөлетініңізді білетін едік. Осы тақырыпқа бойлауыңыздың сыры неде?
– Бір жағынан қарасақ, осы тақырыптың тарихи маңызы бәлендей терең емес сияқтанады. Шынында, олай емес. Оның түп-тамыры біздің халықтың тағдырымен де тікелей сабақтасып жатыр. Және алдағы жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске тура бір ғасыр толады. Міне, мұны атаусыз қалдыруға болмайды деп санаймын. Осынау датаны кеңес заманының өзінде жыл сайын тойлап жүретінбіз. Тарихқа жүгінетін болсақ, сол соғысқа жүз жиырма мыңдай қазақ аттанған екен. Соның он үш мыңдайы тікелей майданда болса, қалған жүз мыңы әртүрлі өндірістерде қара жұмыс істеген.
– Осы бірінші дүниежүзілік соғысы неліктен көпке дейін жабық тақырып болып келді екен?
– Кеңес заманында бұл империялық соғыс деп бағаланды. Бұған қатысты большевиктік-коммунистік көзқарас қалыптасты. Тіпті, оны қозғаудың өзіне тыйым салынған еді. Мысалы, жаңа ғана мен айтқан жүз жиырма мыңдай қазақ сол алапат тұсында ұшты-күйлі жоқ болып кетіпті. «Қара жұмысқа жөнелтілген» дейді, ары қарайғы деректің аяғы құмға құйған судай, сиырқұйымшақтанып барып мүлде үзіледі. Айтылмайды. Тексеруге рұқсат жоқ. Біз қазіргі таңда архивтерді ақтарып, соның бәрін індете іздеп, қопара көтеруге тырысып жүрміз. Өзіміздің ел ішіндегі зерттеулер өз алдына, Ташкентке, тіпті, Ресейге дейін барып, сол майданға нақты кімдердің кеткендігін түбегейлі анықтап, жариялауға күш салып жүрген жайымыз бар.
– Берік аға, сіз тарихшысыз, саясаттанушысыз, қоғам қайраткерісіз. Осындай жан-жақтылық қымбат уақытыңызға қиянат жасамай ма? Негізгі діттеген мақсаттарыңызға зиянын тигізбей ме?
– Мен жоғары оқу орнын түгескен соң, біраз жыл ғылыммен айналыстым. Көптеген еңбектер жаздым. Кандидаттық диссертация қорғадым. Одан Үкіметке шақырылдым. Бірақ қайда жүрсем де, өзімнің бұрынғы ұстанымдарымнан ешқашан айныған емеспін. Ғылымнан не үйренсем, Үкіметте сол тәжірибені молынан пайдаландым. Өз ойымша, қайта адамның жан-жақты болғаны дұрыс. Сонда ғана адам өзін толыққанды тұлға ретінде сезіне алады деп санаймын. Яғни, өрісің қай жағынан да кеңейе түседі.
– Бізде ұдайы ақпарат құралдарының назарында жүрген тұлғалар кенет үлкен қызметтен кетіп жатса, оған елге сіңірген еңбегінің салмағына қарап жатпастан «қоғам қайраткері» деген атауды тели салатын әдет бар. Осы құбылысқа қалай қарайсыз?
– Мұның да шындығы жоқ емес. Қазір «зиялы қауым» деген ұғымға да жиі жүгінетін болдық. Халықаралық «интеллигенция» түсінігінің баламасы ғой. Зиялы қауым дегеніміз, меніңше, елдің нағыз марқасқалары. Былайша, сорпа бетіне шығатын тектілер. Тіпті, нақтырақ айтсақ, қажет кезінде халқы үшін от пен суға түсуден де ешбір тайынбайтын, яғни, қарабасының қамынан гөрі ұлт мүддесін қашанда жоғары қоятын бекзат тұлғалар. Ұлттың ар-ожданы. Ал жасанды «пайым-парасаты», негізінен, күйкі тірлігі төңірегінен ұзамаса да, үнемі ине-жіптен жаңа шыққандай костюм киіп, жылмитып галстук тағып алып, әдемі сөйлеуге шебер кейбір ағайынның бәрін бірдей «қоғам қайраткеріне» телуіміз қисынсыздау шығар.
– Арқалықта, Жезқазғанда, Ұлытауда әкім болдыңыз. Ел арасында сіз туралы «сырттай сабырлы, ұстамды көрінгенімен, ноқтаға басы сыймайтын бірбеткей әкім» дегендей пікірлер бар...
– Мен өз міндетімді халықпен ақылдасып, елмен етене араласа жүре лайықты атқаруға тырыстым-ау деп білемін. Басқа қалаларға әкім болып ауысуыма қатысты айтар болсам, оның бәрі облыс әкімдері мен Үкіметтің шешімдері арқылы жүзеге асқан шаруалар еді. Мәселен, мені белгілі бір өңірді жүйеге келтірген соң, енді осылай екінші жақтың да көсегесін көгерт деп ауыстырып отырған еді. Жезқазғанда істеген кезімде «Жезқазған-Ұлытау» өңірінің дамуына байланысты кешенді жоспар қабылдадық. Әрине, оның бәрі облыс басшыларының қолдауымен атқарылды. Дегенмен, Жезқазған өңірін өркендету, осы өлкедегі өндіріс саласын дамыту бағытында бастаманы өзіміз көтергенбіз. Бұл өз кезегінде Үкіметке, Елбасының назарына жеткізілді. Осыдан соң Үкіметте моноқалаларды дамытуға байланысты жоба қабылданып, мені арнайы шақырды. Бұдан кейін Үкімет қаулысымен Қазақстандағы жағдайы қиын деген екі қала анықталды. Соның бірі – Арқалық та, екіншісі – Жаңатас еді. Мені Арқалық қаласына жіберді. Онда біраз игі жетістіктерге жеткен соң Ұлытауға ауыстым. Сонда бара жатқанымда: «Жігіттер, елге қайтайық, ауылға барайық, туған өлкені көркейтейік!» деп ұран тастадым. Билік төңірегінде жүрген білікті мамандар жеткілікті. Сөйтіп «Жақсылықты ауылдан бастайық!» деп үлкен жоба бастап кеттік.
– Күрделі істерді атқаруда өз құдірет-құзырыңыз жетпеген жағдайда ықпалды таныстарыңыздың көмегіне сүйенетін сәттеріңіз кездесе ме?
– Иә, ондай жәйттер болады ғой. Мысалы, Жезқазғанда жүргенімде, Жезқазған-Сәтпаев жолында көлік апаттары көбейіп кеткені жаныма батты. Екі қаланың ортасы он бес шақырымдай. Көлік көп жүретін жол еді. Апаттан-апат, кісі өлімі жиіледі. Осы келеңсіздікті жою үшін облысқа бардық. Ондағылар бұл жолдың республикалық маңызы бар, сондықтан, министрлікке барыңыз деп кеңес берді. Үлкен ағамыз Мұхамбет Көпеевке кірдім. Сол кісі жағдайды дереу түсініп, қомақты қаражат бөлгізді.
– Жалпы, әрбір әкім жұмысының жемісі төрт-бес жылдық маңдай терді талап ете ме, әлде бір-екі жыл айналасында нәтиже шығаруға бола ма?
– Тіпті, бір жыл да жетеді. Бәрі атқарылған жұмыстың сапасына да байланысты шығар. Айталық, өзім қызметтен кеткен соң халықпен қайта қауышқан кездерде бәрі жылы лебіздерін айтып жатады. Менің ойымша, бұл жерде қанша уақыт істегені емес, қандай жұмыстар бітіргенің маңызды. Кей әкім бір жыл ішінде он жылдың жұмысын бітіріп тастауы мүмкін. Бұл да жоспарға, жұмыстың мерзімінде бітуіне де қатысты нәрселер ғой. Әрине, уақыттың да маңызы зор. Мен, мәселен, үш жерде әкім болдым. Кейбір жерлерде кеткен олқылықтың орнын басқа аймақта толтырғың келеді. Мына жерде жинақтаған тәжірибені басқа өңірде бөліскің келеді. Сондықтан, әкімдерді әр төрт жыл сайын ауыстырып тұру дұрыс шешім деп есептеймін.
– Өзіңіз бұрын әкімдік қызмет атқарған жерлеріңізге жиі барып тұрасыз ба?
– Жиі болмаса да барып тұрамын. Жұмыстарымыз жалғасын табуда. Таяуда ғана Ұлытау мен Жезқазғанды аралап қайттым.
– Мақтау-марапатты қалай қабылдайсыз?
– Әрине, баға әділетті беріліп жатса, дұрыс қабылдаймын. Бірақ жағымпаздық пен көлгірсуді мен де ұнатпаймын.
– Сіз кеткеннен кейін «Ақберік» деген ән шығарып, өзіңіз әкім болған қала тұрғындары әндетіп кетті деп естиміз. Осыны қалай қабылдадыңыз?
– Шынымды айтсам, рухтанып, жігерленіп қалдым. Шынайы жазылған ән деп қабылдадым. Толқыдым. Шабыттандым. Иә, үш қалада да ұзақ істей алмағаным рас. Қазір өзімді сол қалаларға қарыздардай сезінемін. Өйткені, кейбір жоспарлар іске аспай қалды. Сол жұмыстардың бітуіне қолғабыс тигізгім келеді.
– Қазір немен айналысып жүрсіз?
– Жоғарыда айтқанымдай, еңбек жолымды ғылымнан бастадым ғой. Сол істі жалғастырып жүрген жайым бар. Саясаттанушы болып жүргенде, ойыңды, әдетте, сөзбен жеткізесің. Ал, шенеуніктік тұста сол айтқаныңның бәрін жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік туады. Мен ел мүддесіне бағытталған көптеген жоспарымды іске асыруға тырыстым. Тегінде, «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген сөз бекер айтылмаған. Жұрттың мұң-мұқтажын дөп баса білуің, халықпен ақылдасып отыруың қажет деп ойлаймын. Сонда көп қателеспейсің. Қазақ еліндегі әкімдердің ерекшелігі олар – бәріне жауап береді. Халық бүкіл мәселені әкімнен сұрайды. Сондықтан, әкім – халықтың қорғаны десек артық айтқандық емес.
– Бір сұхбатыңызда: «Қазіргі таңда қазақ қоғамының психологиясында қарама-қайшылық бар. Бір жағынан, даңғойлық белең алса, екіншіден өзін-өзі кемсітушілік, өз күшіне сенбеушілік те бар. Осы бір парадоксты құбылыстың себеп-салдарын талдайтын ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген жөн сияқты» депсіз...
– Мен, тіпті, кезінде психолог мамандар шақыртып, арнайы семинар да өткізген едім. Жалпы, қазақ қандай халық? Бұрын қандай еді? Енді нендей кемшіліктерден құтылуы керек? Нендей игі қасиеттерге ие болғаны жөн... дегендей сұрақтар мазалады.
– Бүгінгідей алмағайып заманда ел алдындағы міндеттер салмағы бұрынғыдан да батпандап арта түскені анық. Осындайда қандай мінез көмеккке келеді деп есептейсіз?
– Мұндайда тағы да дана Абайға жүгінгеніміз жөн-ау. О кісі: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» демеп пе еді. Ендеше қазір әрбір қазаққа керегі де дәл осы қасиеттер деп санаймын.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні"