АҚШ Орталық Азияда нені діттейді?

сурет Америка Құрама Штаттары Орталық Азия елдерімен қарым-қатынаста адам құқықтарына қатысты санкция салуға бармай, «тұрақты, табандылыққа сүйенген» дипломатия ұстана беретінін жариялады. АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісінің орынбасары Ричард Хогланд Орталық Азия елдеріндегі адам құқықтарының жағдайын жақсарту жолында «санкция салу, немесе көпшілік алдында масқара ету» тәсілдерін пайдаланудан гөрі, «шыдамды дипломатия» жүргізудің анағұрлым тиімді екенін мәлімдеді. Ричард Хогланд: «Орталық Азия елдеріндегі жұмысты жақсартудың тиімді жолы – аймақ елдеріндегі өзгеше ойлайтын, өз ұстанымдарын басшылыққа жеткізе алатын билік өкілдерімен байланыс орнату» деді. Хогландтың бұл мәлімдемесі АҚШ-тың «Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасының жаңа стратегиясының» жариялануына байланысты айтылған еді. Хогландтың уәжі «Орталық Азиядағы адам құқықтары мен діни еркіндік сияқты мәселелер алаңдаушылық туғызып отыр. Бірақ АҚШ Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасында табанды, дәстүрлі, нақтылыққа негізделген дипломатия жүргізе береді» дегенге саяды. Ол Вашингтонның Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдерімен «адам құқықтарын қорғау мәселесін реттеу күрделі процесс екенін және ұзақ мерзімді қажет ететінін түсінген кейіпте жұмыс істей беретінін мәлім еткен. Ол: «Бұл мәселелерде ілгерілеу баяу болғанымен, біз аймақтағы әр елдің билігін реформалардың өз мемлекетінің мүддесі үшін жасалатынына сендіруіміз қажет» дейді. АҚШ мемлекеттік хатшысы­ның орынбасары Энтони Блинкен Орталық Азияға қатысты жаңа стратегияның негізгі тұстарын сипаттап, ақпарат таратты. Ол «Вашингтон еркін баспасөз бен ашық саяси жүйе орнату ісін барынша қолдауын жалғастыра отырып, саяси немесе діни сенімі мен көзқарасын еркін білдіргені үшін түрмеге қамалған адамдардың босатылуын талап ете береді» деп мәлімдеген. Екіжүзді келісім бе?.. АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктері Орталық Азия елдері үкіметімен кездесуде адам құқықтары мәселелерін «тепе-теңдік сақтай отырып» көтеріп жүргендерін айтып келеді. Бірақ көптеген құқық қорғаушылар АҚШ-тың бұл стратегиясын «терроризммен күрес және басқа да қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастықты сақтап қалу үшін жасалған екіжүзді келісім» деп сынайды. Блинкен АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты саясаты «АҚШ-тың жеке қауіпсіздігі Орталық Азия мемлекеттерінде олар әлемдік терроризммен және экстремизммен күреске үлес қоса алатындай тұрақтылық болғанда ғана берік болады» деген тұжырымға негізделетінін айтты. Ол:«мұндай тұрақтылық Орталық Азия елдері өз шекараларын қорғауға толық қабілетті, бір-бірімен және Азияның дамушы елдерімен байланыс орнатқан тәуелсіз; үкіметтері азаматтары алдында есеп беретіндей жағдайда болғанда ғана орнайды» деді. АҚШ-Қытай мүддесі үйлесе ме? Блинкен Вашингтонның «АҚШ-тың аймақпен Жаңа Ұлы Жібек жолы бағыты арқылы сауда айналымын арттыру ұмтылыстары Қы­тай­дың Орталық Азия инфра­құрылымын дамытуға ондаған миллиард доллар инвестициялау ұсынысымен үйлеседі» деген позициясын қайталады. Блинкен «АҚШ-тың аймақ елдерінің экономикалық және сыртқы саясатын дербес жүргізуге деген құқығын қолдайтынын» айтады. Ол «Ресейдің астыртын әрекетін, оның ішінде Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығына қол сұғуын» айыптап, Орталық Азия елдері «Ресейден келетін қауіпті бұрынғыдан да жітірек түсінуі тиіс» деген. Ол Ресейдің экономикалық әлсіздігінің әсері Орталық Азия елдеріне қатты сезіліп отырғанын да баса айтты. Әлемде мұнай бағасының арзандауы мен Батыс елдерінің Украинадағы саясатына қарсы салған санкцияларынан Ресей экономикасының әлсіреуі Орталық Азия мемлекеттері нарықтарына да әсер еткен. Рубльдің құнсыздануы Ресейде жұмыс істейтін орталық азиялық миллиондаған мигранттың елдеріне қаржы жөнелту мүмкіндігін азайтып, аймақтағы тауар өндірушілерді Ресейдің құнсызданған әрі арзан өнімдерімен бәсекеге түсуге мәжбүр еткен. «Біз бұл қауіпті түсінеміз және өзіміздің экономикалық тетіктеріміз арқылы Орталық Азия елдерінің экономикасын диверсификациялап алуына және өз нарықтарын бір-бірімен байланыстыруына жағдай жасауға ұмтыламыз» деді Блинкен. Алғашқы «жоба»?.. Баяғыда «Қызғалдақ» төңкерісі салдарынан биліктен кеткен Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев елде 2005 жылы болған мемлекеттік төңкерісті АҚШ-тың Орталық Азия өңіріндегі алғашқы «жобасы» деп атап, таяуда қырғыз халқын сыртқы қауіптен сақтануға шақырды. Ол өзі Қырғызстаннан сол жылдың наурызында кеткені де есте шығар. Ал 2010 жылдың сәуірінде Ақаевтан кейін билікке келген Құрманбек Бәкиев тақтан тайдырылып, елден аластатылды. Бұған қоса, елде жаппай ұлтаралық қақтығыс болып, оның салдарынан жүздеген мың адам қайтыс болды, жарты миллионға жуық адам сырт мемлекеттерге жосылды. 2005 жылдың наурызындағы оқиғаларға қатысты көзқарасын білдірген Асқар Ақаев мемлекеттік төңкерісті Вашингтон ұйымдастырғанын айтып, «ештеңені өзгерту мүмкін болмаған еді» деген-ді. «АҚШ-тың Украинада жасаған әрекетіне біреу кедергі бола алар ма еді? Төңкеріс арқылы гүлденіп тұрған бауырлас Украинаны тас-талқан қылды. Мұны АҚШ-қа кім не істей алатын еді? Ешкім де! Кішкентай ғана Қырғызстанға да ешкім көмектесе алмады. Америка мұндай жобаны қолға алған кезде ешкім ештеңе істей алмайды», – деді Ақаев. Ол АҚШ-тың мұндай «жобаларды» шындап қолға алғанын айтты. «Бұл – Орталық Азиядағы алғашқы жоба еді, олар ешкімді өздеріне қарсы келтірмеді. Қол ұшын бергісі келсе де маған ешкім көмектесе алмады. Сақ болыңыздар! Қырғызстандағы үшінші төңкеріс Украинадағыдай болуы мүмкін», – деді экс-президент. Ол республиканың Еуразиялық экономикалық одаққа кіруін өте дұрыс қадам деп бағалады. Ақаевтың мәлімдеуінше, ЕАЭО шеңберіндегі ықпалдастыққа қатыса отырып, Қырғызстан қорғаныс, қауіпсіздік және даму жөнінен Ресейге үміт артады. «Себебі қырғыздарға даму мақсатында кіретін басқа одақ жоқ. Сондықтан, бұл сөзсіз дұрыс қадам деп есептеймін», – деді Ақаев. Бұған қоса, ол Қырғызстанға проамерикалық бағыттың жарамайтынын айтты. «Америкалықтар қырғыздар үшін Марс тұрғындарымен бірдей. Алыста жарқырап тұрғанымен ешқандай жылу бермейтін жұлдыз сияқты. Ол кез келген сәтте зиянын тигізуі мүмкін», – деді ол. АҚШ елшісі: «Мен мұнымен келіспеймін» Ал жуырда ғана журналистермен кездескен Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы елшісі Джордж Крол АҚШ-тың «түрлі-түсті төңкерістерге» қатысы туралы пікірлерге түсінік берген еді. «Әрине, мен мұндай пікірлерді көп естимін. Бірақ мұнымен келіспеймін. «Түрлі-түсті төңкерістерге» қатысты айтатын болсақ, бұл – шын мәнінде сол мемлекеттердің ішкі мәселесі. Мен бұрынғы Кеңес Одағының кеңістігінде АҚШ істерімен айналысқан және айналысып жүрген адам ретінде айтарым, АҚШ-тың бүкіл әлемді жаулап алуға қатысты жоспары бар деген әңгіменің барлығы да сандырақ», – деді ол қазақстандық журналистерге берген сұхбаты барысында. «Мұндай мәліметтердің неліктен пайда болатынын түсінбеймін. Себебі, АҚШ демократия туралы әрдайым ашық айтады және біз демократиялық құбылыстарды қалыпты жағдай деп қабылдаймыз. Бірақ біз ол оқиғаның барлығына бастамашылық еткен жоқпыз. Бұл оқиғаның барлығының өзіндік саяси астары бар», – деді елші, АҚШ-тың әлемді жаулап алу мен америкалық империя құру туралы сойқан жоспарының жоқ екенін түсіндіріп. «Ол мүлде олай емес», – деді ол. Сөзімізді қорытатын болсақ, АҚШ-та Джеффри Манкофф деген ғалым бар. Ол өзінің Орталық Азия жайлы жазған мақалаларының бірінде «АҚШ Орталық Азияға не үшін қызығады?» деген сауал қойған. Оның пайымдауынша, АҚШ Орталық Азия елдерімен Ауғанстанда соғыс жүргізу үшін ғана ынтымақтастық орнатқан. Бірақ АҚШ Ауғанстаннан әскерін толықтай шығарса, Орталық Азия оны қай тұрғыда қызықтырады? Табиғи ресурстары десек, географиялық жағынан алғанда бұл аймақ АҚШ-тан өте алыста жатыр. 2001 жылы лаңкестер тобы халықаралық қауіпсіздікке қатер төндірді, соның әсерінен Ауғанстан уақытша база ретінде қолданылды. Бірақ енді ондай жағдай қайталана қоймас. Демократияны дамытып, адам құқығын сыйлауға ықпал еткісі келетіндер үшін Орталық Азия қанша егін ексең де, түк шықпайтын құнарсыз шөл дала сияқты» деген екен... Сейілбек АСАН