БҰЛ – БІЗДІҢ ТАРИХ АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫМЫЗ
2015 ж. 06 сәуір
3009
2
Қазақ халқының адал перзенті, тұңғыш кәсіби дипломаты, мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың есімін ел жадында мәңгі қалдыру - біз үшін парыз.
2 сәуір күні өткен Парламент Сенатының жалпы отырысында бір топ депутат Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдаған болатын:
2017 жылы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш кәсіби дипломаты, ХХ ғасырдың 20-30-жылдары Кеңес Одағының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Өкілетті өкілі Нәзір Төреқұловтың туғанына 125 жыл, жазықсыз құрбан болғанына 80 жыл толады. Нәзір Төреқұловтың есімін ел жадында қалдыру мақсатында біз Парламент Сенаты депутаттары өткен жылдары бірнеше рет депутаттық сауал жолдаған болатынбыз. Үкіметке рахмет, депутаттық сауалдағы бірқатар ұсыныстар іске асырылды. Депутаттық сауалда көтерілген мәселелерге байланысты берген жауабыңызда (20-11/3405 23.07.2012 ж.) сіз, Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, Астана қаласында Нәзір Төреқұловқа ескерткіш орнату мәселесі Қазақстан Республикасының Ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссияның тарапынан қолдау тауып, 2009 жылы ескерткіштің таңдаулы үлгісіне республикалық байқау жарияланғандығын, дегенмен, ескерткішті орнатуға қаржы қарастырылмағандықтан, бұл мәселе 2014-2016 жылдарға арналған бюджет жобасында қаралатындығын, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтына және Астана, Алматы қалаларындағы мектептерге қайраткердің есімін беру мәселесі ономастика саласындағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін, заңнамаға сәйкес шешімін табатынын, Нәзір Төреқұлов атындағы стипендия тағайындау мәселесін пысықтап, ұсыныс енгізу жөнінде Білім және ғылым министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке тапсырма берілгенін хабарлаған едіңіз. Алайда, арада бірнеше жыл өтсе де аталған мәселелер өз шешімін таппай келеді. Сондықтан, Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, қазақтың тұңғыш дипломаты Нәзір Төреқұловтың 125 жылдығы қарсаңында осы мәселелерді шешуге байланысты депутаттық сауал жолдап отырмыз. Бірінші – Нәзір Төреқұловтың 125 жылдығына орай Сыртқы істер министрлігі ғимаратының алдына, оның еңселі ескерткіші орнатылса; екінші – Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясындағы Дипломатия институтына Н.Төреқұловтың есімін беріп, университеттердің халықаралық қатынастар факультеттерінде оқитын үздік магистранттар мен студенттерге Нәзір Төреқұловтың атындағы стипендия тағайындалса; үшінші – Астана және Алматы қалаларында мектептерге Н.Төреқұловтың есімі беріліп, орта және жоғары білім бағдарламаларына, оқулықтарға ол туралы көлемді ақпарат, танымдық материалдар енгізу, суретшілік туындыларының көрмелерін ұйымдастыру мәселелері шешілсе; төртінші – Нәзір Төреқұлов Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып тұрған 1920 жылдың 16 қазанында №341 Декретімен Маңғыстау уезі мен №4 және №5 Адай болыстықтарын Түркістан Республикасынан Қырғыз (Қазақ) Советтік Социалистік Автономиялы Республикасына берді. Сол себепті, Нәзір Төреқұловтың осы өңірге сіңірген өлшеусіз еңбегін ескеріп, Ақтау қаласының орталық көшесіне, бір мектепке оның есімі беріліп, ескерткіші орнатылса; бесінші – 2008 жылы Түркістан қаласында ашылған Нәзір Төреқұловтың мемориалдық музейі талапқа сай емес деп танылып, бұзылуына байланысты жаңа ғимарат салу мәселесі шешілсе; алтыншы – мемлекеттік тапсырыспен Нәзір Төреқұловтың тұлғалық қасиеттерін жан-жақты қырларымен ашатын деректі әрі көркем жанрдағы фильмдер түсіруге, «Нәзір әлемі» атты альбом-кітап шығаруға қажетті қаржылар бөлінсе; жетінші – 2016 жылы халықаралық деңгейде «Нәзір Төреқұлов – тұңғыш қазақ елшісі» атты ауқымды ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылса; сегізінші – Нәзір Төреқұловтың өмірін, қызмет істеген жерлерін толығырақ зерттеу, мұрағаттардан құнды құжаттарды іздестіру, елге әкелу, жұртшылыққа, ғылыми ортаға ұсынып, «Нәзір жүрген жол» атты ғылыми-тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырылса. Ардақты азаматтарымыздың есімін құрметтеу – біз үшін парыз. Қазақ халқының адал перзенті, тұңғыш кәсіби дипломаты, мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың есімін ел жадында мәңгі қалдыру біздің тарих алдындағы борышымыз. Құрметпен, Сенат депутаттары Қуаныш АЙТАХАНОВ, Икрам АДЫРБЕКОВ, Бірғаным ӘЙТІМОВА, Әли БЕКТАЕВ, Бақтыбай ШЕЛПЕКОВ. Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/04/04/55780