Жемқорлықпен күрес - ел болашағын шешетін майдан

borba-s-korrupciej  Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара қаласында ерекше бір жиын болып өтті. Ерекше болатын себебі – оны ұйымдастыруды бастаған республикалық «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» қоғамдық қорының ОҚО өкілдері Жаңабек Әбішев пен шардаралық азамат Сламбек Мергенбаев, ал қостаған Шардара аудандық әкімдігі болатын. Жиынды кіріспе сөзбен осы жолдар авторы ашты. – Бұл жиын – мемлекетіміз үшін, қоғамымыз үшін ең қатерлі жауға айналған сыбайлас жемқорлықты жоюға қарсы жұмсалар қарудың бір түрі. Кеңес Одағы адамзат тарихындағы ең ауыр, бес жылға созылған соғыстан кейін бар-жоғы үш жылдың ішінде өзінің соғысқа дейінгі экономикалық әлеуетін қалпына келтіре алды. Қытай өз жерінің алыптығына, халқының миллиардтығына қарамай әлемдегі дамыған елдердің алғашқы ондығына да кіре алмай жүрген ел еді, бар-жоғы 30 жыл ішінде екінші орынға шықты. Тағы 5-6 жылда АҚШ-ты да басып озады. Соның бәрі ненің арқасы? Бір ғана сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуінің арқасы. Рас, даму үшін аса қажет, өте сауатты жасалған экономикалық бағдарлама және т.б. тиісті шарттар орындалып жатыр, онсыз болмайды. Бірақ, жемқорлыққа жол берілген жағдайда солардың бәрі де бекер болып шығады, қазақ ертегісіндегі «көз қалта» секілді барлық байлық, қазына жиылып бір дорбаны толтыра алмай қалады. Сталин бастаған кеңес өкіметінің басшылары өздері де «жемеді», төмендегілерге де «жегізбеді». Дэн Сяо Пин және оның мұрагерлері де осы сара жолмен келеді. Қытайда жылына орта есеппен 500-дей жемқор атылады екен. Бұрын ол көрсеткіш 2000-ға жуық болатын дейді білетіндер. Бірақ, «жалмауызға да жан керек» дегендей, қытайлық жемқорлардың саны жыл санап азайып келеді. Бұрын ату жазасын орындау телеарналарда тікелей эфирден берілуші еді, қазір ол тәжірибе тоқтады. Сірә, батыстың «демократияшыл» елдерінің талабы болса керек. Ал, сол батыстың өзі сыбайлас жемқорлыққа жариялылық арқылы жол бермей отыр. Біз де кезінде оны жер-жаһанға жария еттік, сонымен тоқтадық. Әдеттегідей, сөзіміз бен ісіміз екі түрлі болып шықты. Біз жемқорлықпен бүгінде күресіп жатырмыз, дәлірегі күрескен түр көрсетіп жатырмыз. Жылына, ең болмаса, 5-6 жемқорды атудың орнына біз оларды екі жыл отырмай жатып түрмеден шығарып жібереміз немесе 1 миллиард 110 млн. теңге (!) айыппұл төле дейміз. Жемқор министріміз оны бір айдың ішінде төлеуге құлшына кірісіп те кетті... Сонда, сыбайлас жемқор­лыққа қарсы тұра алмайтын болғанымыз ба біздің? Жоқ, қарсы тұра аламыз. Біріншіден, Елбасымыздың көмегіне, ол кісі қол қойған заңдарымызға арқа сүйей аламыз. Екіншіден, ең бастысы да осы, біз бұл күреске жалпы халық болып, төменнен бастап түп-түгел көтерілуіміз керек. Жемқорлықты тудыратын кім? Қолында билігі барлар. Олар сол билікті пайдалану арқылы байлыққа қол жеткізіп отыр. Қарапайым дәрігер мен мұғалімге қайдағы жемқорлық? Бұдан кейін сөз кезегі Жаңабек Әбішевке келді. – 2014 жылдың 11-қараша­сында «Нұрлы жол – болашаққа барар жол» атты Жолдауында Елбасымыз Н.Назарбаев халық болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қажеттігін атап өтті. Неге жақсы заңдардың, жарлықтардың күші астанадан облыс орталығына дейін ғана жетеді? Неге олар ауылды жерде, қалың қазақтың қаймағының ортасында жұмыс істемейді? «Нұр Отан» партиясының Ақпарат және мәдениет министрлігімен, бірнеше қоғамдық бірлестік пен қор кірген «Азаматтық Альянспен» тізе қоса отырып жасаған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» 2015-2020 жылдарға арналған бағдарламасы бар. Бұл да жақсы құжаттың бірі болып қалмас үшін төменнен бастап күресуіміз керек. Өйтпесек, Тәуелсіздіктен айырылып қаларымыз айқын болып келеді. Жемқорлық халықтың мемлекетке деген сенімсіздігін туғызады. Егер біздің әрқайсымыз «Моя хата – с краю» деген ұстаныммен өмір сүретін болсақ, жемқорлар елімізден ешнәрсе қалдырмайды. Тәжікстан деген мемлекет 500 млн. долларға бола жерінің бір бөлігін Қытайға беруге мәжбүр болды. Бұл жақсылықтың нышаны емес! Ал, біздің сыртқы қарызымыз 150 млрд. долларға жетті. Былтыр елімізге қырғыздар келді. Сарыағаш ауданына келген сәттерінде бізге олар былай деді: «Мемлекеттеріңіз бай, ал халықтарыңыз неге кедей тұрады?» Кедей тұратынымыз Сарыағаш ауданы ма? Онда басқа аймақтарымыздың жағдайы қандай болғаны!?. Сөйтсек, қырғыздар кейінгі жылдары шынымен де елінің, әсіресе, ауылының жағдайын әжептәуір көтеріп алған екен. Мемлекеті де кедей болғанымен халқының тұрмысы бізден жақсы. Бұл қалай? Бұның себебі біз жемқор­лықпен күреске халық көп­шілікті, қарапайым халықты шығара алмадық. Бюрократия өзімен өзі күресіп келеді. Ал, оның нәтижесі қандай болары белгілі. Елбасымыз да мемлекеттік қызметтегілер халықтың қызметшісі екендігі жайлы жиі айтып келеді. Біз билікке төменнен жоғары қарағанды қоюымыз қажет! Бірақ, халық өзінің құқықтарын біле бермейді. Біз осы мәселені де ескеріп отырмыз. Рас, ел билеу оңай емес. Демократиялық жолмен билеу одан да қиын. Бірақ, оны әділдікпен билеуден басқа жолдың бәрі дұрыс нәтиже бермейді. Коррупция жайлаған елге шетелдік инвесторлар келмейді. Мен заңгермін. Бүгінгі жиында сіздерді толғантып жүрген сұрақтардың бәріне шамамыз келгенше толық жауап беруге дайынбыз. – Неге біз коррупцияны жеңе алмай келеміз? – Оның себебін жоғарыда айттық – ол күреске көпті жұмылдыра алмай келеміз. Біз бір мұғалімнің құқығын қорғаған күресте Түркістанда жеңіске жеттік. Үш жыл соттасып жүріп, Бабайқорған ауылындағы мектеп директорының орынбасарын өзінің орнына он рет қайта отырғыздық. Соңғысында түпкілікті жайғасты. Сонша жыл сергелдеңге түскен кінәлі полиция тергеушілері жазаланды, біреуі жұмысынан кетті, біреуінің шені төмендетілді, Аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы басқа ауданға ауыстырылды. Аудан прокуроры да жылы орнын суытуға мәжбүр болды. Мен бұны неге айтып отырмын? Айтқызып отырған бір ғана нәрсе – ол мұғалім өзінің құқығы үшін күреске түсуден қорыққан жоқ. Шаршаған жоқ, қажыған-талған жоқ, жарты жолдан артқа қайтқан жоқ. Заңгердің сөзін журналист толықтыра түсті. – Бүгін біздің жиынымызға Аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Бауыржан Шомпиев қатысып отыр. Неге аудандық мекемелердің басшылары, осы халықтың пәленбай мың теңге жалақы беріп жалдап отырған қызметшілері келіп отырмайды? Себебі, олардың көбісінің келуге беті жоқ (әйтпесе, аудан әкімдігі олардың қатысуын қамтамасыз етуді өз мойнына алған болатын). Біздің елде басшылар өзінің халқынан қорқады, «қолайсыз, ыңғайсыз, жауап бере алмайтын сұрақтар беріп қалса, мен оған жауап бере алмай қалып, ел алдында масқара боламын» деп ойлайды. Олар ар-абырой дегенді осылай түсінеді. Қазақстан Үкіметін ең ауыр жылдарда, 1938-1952 жылдары арасында басқарған Нұртас Оңдасынов атамыз секілді олар да «ешкімнің үстінен арыз бермедім – арым таза, ешкімді ру-жүзге бөлмедім – жаным таза, ешкімнен бір сом пара алмадым – қолым таза!» деп айта алатын болса, олар осы жерге келер еді. Келіп, халықтың алдында қасқайып отырар еді. «Қалаған сұрақтарыңызды қоя беріңіздер» дер еді. Өз халқынан қорқудың аяғы жақсылыққа апармайды! Жемқорлықпен байығандар тапқан байлығын не істеп жатыр? Шетелге асырып жатыр! Дубайда «қазақ ауыл» деген тұтас бір коттедждер мөлтекауданы бар көрінеді. Оларға Дубайдан, Швейцариядан, Испания мен Франциядан, Англиядан үй-жай не үшін керек? «Запасный аэродром» үшін керек. Өз Отанын сүйетін ұлтшыл, оның көгергенін көргісі келетін патриот басқа елдің экономикасына жұмыс істемейді. Әйгілі З.Бзежинскийдің: «Егер сіздің еліңіздің элитасы ақшасын біздің елдің банкіне салса, ол сіздің емес, біздің элита!» деген сөзі бар. Мен былтыр «Кто прикроет спину Елбасы?» деген мақала жаздым. Неге? Мемлекет басына ауыр күн туа қалса, әрине, оның бетін Алла аулақ қылсын! Кезінде Ельцинді қорғаған ресейліктердей Елбасыны қолына қару алып қорғайтын мына біздер, ұлтшылдар боламыз. Ал, бүгінгі «Нұреке, сіз – көсемсіз! Сіз – кемеңгерсіз! Сіз – пайғамбарсыз!» деп жүргендер қорғамайды. Олар бірінші болып сатады. Олар өздерінің шет елдердегі ақшасы мен дүние-мүлкін қорғайды. Олар сол күні сол жаққа қарай зытады (бәрі бірдей емес, әрине...). Әйтпесе, жергілікті әкімші­ліктер: «Оу, мына азаматтар тура біздің ісімізбен, Елбасының тікелей тапсырмасымен айналысып жүр екен ғой, біздің жұмысымызды жеңілдетіп жүр екен ғой, бәріміздің илейтініміз бір терінің пұшпағы ғой, қане, олар қоғамдық қор болып, біз мемлекеттік мекеме болып, қоян-қолтық бірлесе жұмыс істейік» десе жөні-ақ емес пе еді? Өкінішке орай, олар ондай ниет білдірмейді. – Қарап отырсақ, жерінен айырылып жатқан қазақ, үйінен айырылып жатқан қазақ. Ең ақыры, жазықсыздан-жазықсыз жаланың құрбаны болып, түрмеге түскен баласынан тірідей айырылып жатқан да қазақ. Сіздер осы мәселелерде көмек бере аласыздар ма? – Әрине! Біздің қоғамдық қорды Президент әкімшілігі жақсы біледі. Жақсы көреді деп айта алмаймын, бірақ, жақсы біледі... Орталық сайлау комиссиясын сотқа беріп, оны да ұтып алдық. Мен бұны сіздерді тірілту үшін, рух беру үшін ғана айтып отырған жоқпын. Өз ісің әділ болса «жердегі Құдайдай» көрінетіндерді жеңуге болатынын көрсету үшін айтып отырмын. Жеңудің жолдары да бар. Ол қандай жол? Қисайып кеткендерді түзу жолға салу үшін оларды сотқа беру керек. Рас, бұл жол – алыс жол, бірақ, дұрыс жол. Біз ауруды асқындырмас үшін мемлекеттік қызметшілерді заңның шеңберінде тепкілейміз! Біз эволюциялық жолмен жүргенді қалаймыз, халықтың ашынып, шыдап-шыдап келіп, бірақ бір күні болмашыдан тұтанып лап ете қалған жойқын өртке ұқсағанын, мәселенің революциялық жолмен шешілгенін қаламаймыз. Мен 1967 жылы бала кезімде әкеме еріп Шымкентке барғанымда шыдамы таусылған шоферлердің миллиционерлерді пышақпен бауыздағанын өз көзіммен көрген адаммын. Сол көтерілісті кеңес өкіметі Ташкенттен әскер алдырып болып басуға мәжбүр болған... Айтысқан-тартысқандар Жоғары сотқа дейін баруға шыдамы жете бермейді. Жеткен күнде де сол деңгейде жеңіліс тапса «бәрі бітті, құрыды» деп ойлайды. Жоқ, Жоғары сотта күрес енді ғана басталады! Мен 1913 жылы Жоғарғы сотта 9 істің сегізінде жеңіліп қалдым. Тек мен кейінірек ол шешімдерді Бас прокуратураның наразылығы арқылы қайта қаратуға қол жеткіздім. Ал, біздің Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысынан Жоғарғы сотқа барып, тартыса бермейді. Осы – өкінішті... Екінші жол – кәсіподаққа бірігу. Кәсіподаққа мүше бол­саңыздар, сіздер өзде­ріңізге көп мәселеде көмекші таба аласыздар. Оның үстіне, Республикалық еркін кәсіподақтар конфе­дерация­сының кеңсесі Шымкент қала­сында орналасқан. Тағы да журналистке кезек келді. – Мен әріптесімнің сөзін толықтыра кетейін. Осы облыс­тағы Мақтаарал ауданында бір мектеп директоры мұғалімді жұмыстан шығарып жіберген. Ал, ол жігіт мектептің кәсіподақ ұйымының бір комитетінің сайланбалы төрағасы. Оны директор кәсіподақ ұйымының қарауына салмай, әлгі маман шын мәнінде кінәлі болған жағдайда кәсіподақтың келісімін алмай жұмыстан шығаруға хақысы жоқ. Сот мектеп директорын қолдап жатыр. Судья заңды білмей ме? Біледі, әрине. Бірақ, заң ол ауданда салтанат құра алмай отыр. Бір жарым сағатта барлық сұраққа жауап беру мүмкін еместігі белгілі. Шардаралықтар тағы да келіңіздер деп қалды. Олардың алғысын арқалап шыққан біз бұл игі ісімізді енді Мақтаарал мен Созақ аудандарында жалғастыратын боламыз. Өмірзақ АҚЖІГІТ