Қиырдағы қазақ ғалымдарымен және мұсылман В.Путинмен Көрісу күні...
2015 ж. 19 наурыз
4138
8
Қазақ билігі бір кезде бір тиын татырмағасын, шетелге өре көшкен қазақ ғалымдарын елге қайта шақырмақшы. “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында Білім және ғылым министрлігі мен қазақ Парламенті бірнеше ауқымды жобаларды жүзеге асырып, шетте жүрген 125 ғалымды елге қайырып алады. Парламент Сенатының депутаты Ақан БИЖАНОВ: “Білім-біліктері мен мол тәжірибелерін тиімді пайдалану үшін ғалымдарға “Нұрлы жол” бағдарламсы аясында арнайы қаржы бөлінеді. Жайлы қызмет пен лайықты жалақы тағайындалады” - деді. Бірақ, шетелде еркін жүріп, қомақты қаржы уыстап үйреніп қалған ғалымдар қазақ елінің дамуы мен игілігі жолында еселі еңбек етіп, әлемдік деңгейде қандай да бір жаңашылдық ашып, нәтижесін көрсете ала ма - бұл мәселе болашақ уақыттың еншісінде...
...Қазақ билігі ғалымдарына сұрау салып жатқанда, әлем жұрты 2015 жылдың 6 наурызынан бері Ресейдің басшысы В.Путинді “жоғалтып алды”... Өсектің қалыңдығы, “құлақтың” ұзындығы сонша – құлағымыз қызарып, миымыз бықырып кетті... Тіпті, орыс рубльінің күн сайын құлдырауы “естен шықты”. Соңғы 15 жылда орыс теледидарынан 24 сағат бойы естілген дауыстың кенет үзіліп қалуы - біреулерге үрей туғызса, біреулерге үміт үрледі...
“Путин барда - Ресей бар, Путин жоғалса - Ресей жоғалады” деп ұрандайтын Ресей президенті Әкімшілігінің үн-түнсіздігі қаулаған қауесеттердің шоғын үрлеп, жалынға ұластырды. Біреулер оны: “Жүрек талмасы ұстап, әл үстінде жатыр” десе, келесілері: “Мәңгілікке жүріп кетті, топырағы торқа болсын” деп көңіл айтып жатты...
“Қамшы” сайтында Нұрзат ТОҒЖАН былайша сілтеді: “Ресейлік БАҚ РФ Президенті Владимер Путиннің Ислам дінін қабылдағаны туралы жаза бастаған еді. РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков “Интерфакске” берген сұхбатында “Lifenews” арнасының таратқан бұл ақпаратының шындыққа жанасатынын жеткізді. “Иә, ондай шешімнің қабылданғаны рас. Президент мырза маған бұл жайлы егжей-тегжейлі айтып берген жоқ. Бірақ, бұл оның жеке басына қатысты. Өз қалауы. Мен Президент Владимер Путиннің бұл таңдауын құптаймын. Тіпті, бұл мені де қызықтырып жүр. Мен де қазір Құран оқып үйренудемін”, – дейді РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков...
Бұл жаңалықты бөлісуден Шешенстан Президенті Рамзан Қадыров та құр қалмады. Ол өзінің “Твиттер” әлеуметтік желісіндегі парақшасында “бұрын-соңды мұндай қуанышты жаңалық естімегенін” айтады...
Ал ресейлік саясаткер Сергей Марков: “Біздің Президент тек біздің қамымызды ойлағаннан осы қадамға барды. Осындай кезде сенімді серік бола алатын, біздің саясатымызды қолдайтын мемлекеттерді айналамызға топтастыруымыз керек. Ал ішкі сенімге келетін болсақ, Құдай бір екені аян”, – депті...”
...”Депті”-міш...
Бұл - шылғи өтірік. Тіпті, 100 пайыздың - 1 пайызы ғана шындыққа жақындағанның өзінде бұл - Ресейдің мүддесі үшін жасалған саяси қитұрқы саясаттан басқа ештеңе емес. Путин өзінің елі мен оның құндылықтарын “сатпайды”. Ислам дінін де елінің болашағы үшін ғана пайдалануға тырысуы мүмкін. Бұған алданбау керек. “Орыстың бетін тереңірек тырнаса, татарлар шығады” деген қанатты сөзді француздар шынайы пейілмен айтса, Владимир Путин зәлімдікпен айтты...
Бір нәрсе анық: біріншіден, Кремль - Авдейдің атқорасы емес, онда азулары кереқарыс саяси-технологтар отыр. Қараңыз: “Путиннің “кенет жоғалып кетуі” - саяаткер-оппозиционер Бориса НЕМЦОВтың әдейі атылған қазасы мен осыған тікелей қатысты шешен қылмыскерлерінің ізін жасырып қалды...
Екіншіден, базбіреулердің: “Путин Назарбаев және Лукашенкомен Украина шиеленісі бойынша Астанаға келіссөзге бірінші рет келмей қалды” – деп, даурығуына да еш негіз жоқ. Өйткені, Украина шиеленісі, бәрібір, басқа форматта шешіледі...
Үшіншіден, Путин қазір елінің ішкі мәселелерімен мықтап айналысып жатқан секілді. Таяу күндері Ресей билігінің ең жоғарғы сатыларында орасан кадрлік өзгерістер болатынға ұқсайды...
Төртіншіден, 18 наурыз күні Кремльде Қырымның Ресей құрамына кіруіне бір жыл толуына байланысты үлкен мерейтой өтпекші. Украина елі мен жерін сатқан талай дөкейлер бұл басқосуда құрметті қонақ болмақшы. Дәп осы кезде В.Путин елдің алдына шығып: “Мен сіздермен біргемін!”, “Ресейде бәрі тамаша!” – деп, ұзақ қол шапалақтың астында қалады...
Бесіншіден, тап қазір Кремльдің үстінде тікұшақтар ұшып жүр дейді...
...Мінеки, саяси технологияның тау қопарар құдіреті қандай!..
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
qazaquni.kz